«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТЫҚҚА ОРАҚ ТҮСКЕН ШАҚ

Өңірде күзгі орақ науқаны, жаңа оқу жы­лына дайындық жұмыстары қызу жүріп жа­тыр. Облыстық әкімдікте өткен кеңесте егін жинау жұмыстарының барысы мен ауыл шаруашылығы техникасының әзірлігі, сон­дай-ақ білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы жан-жақты талқылан­ды.

Биыл өңірімізде жалпы аумағы 4,3 млн. гектар алқаптан дәнді дақыл жинау жоспар­ланған. Мамандардың айтуынша, егіс ал­қаптарын әртараптандыру мақсатында күн­бағыс, зығыр, рапс және жасымық сияқты дақылдардың көлемі артқан. Бұл агро-өнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттырып, шаруалардың табысын еселеуге сеп болмақ.

Облыстағы ауыл шаруашылығы тех­никасы егін жинау жұмыстарына 100 па­йыз дайын. Ораққа 7 мыңға жуық астық комбайны қатысады, оның 4 мыңы – жо­ғары өнімді техника. Сонымен қатар 58,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Бұл көлем шаруалардың сұра­нысын қанағаттандыруға жеткілікті. На­рықта бір литрі 315 теңгеден сатылып жат­қан дизель отыны шаруаларға 254 теңге­ден ұсынылуда.

– Қосымша 10 мың тонна арзанда­тылған дизель отынын бөлу жоспарла­нып отыр. Өтінім беріп үлгермеген ша­руашылықтар осы мүмкіндікті пайдала­на алады, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқар­масының басшысы Дәурен Тоқужинов.

Жиналған астықты сақтау мәселесі де күн тәртібінде тұр. 45 элеватордың жалпы сыйымдылығы – 3,2 млн. тонна, ал шаруа қожалықтарына тиесілі қой­маларда 3,7 млн. тонна астық сақтауға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта қабылдау орындары 24 пайызға толған, онда 761 мың тонна астық жатыр. Оның 413 мың тоннасы – Азық-түлік корпорациясына тиесілі.

Мамандар егіннің 40 пайызын тіке­лей алқаптан жинау жоспарланып отырғанын айтады. Ауа райы қолайлы болса, орақ науқаны 30–35 күн ішінде аяқталмақ. Бұдан бөлек, 1 млн. тонна шөп пен 302 мың тонна сүрлем дайын­далып, мал азығы қоры да жасақталды.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ауыл шаруашылығы және жер қатынас­тары басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп, егін жинау науқанын агротех­никалық мерзімге сай аяқтауды, барлық элеваторлардың жұмысын және шаруа­ларды жанар-жағармаймен қамтуды қа­таң бақылауға алуды тапсырды.

Жиын барысында жаңа оқу жылына дайындық барысы да талқыланды. Биыл бастауыш сынып оқушыларын тегін та­мақпен қамтуға 3,1 млрд. теңге бөлінді. Облыстық білім саласында сапаны қамта­масыз ету департаментінің директоры Гүлнар Таласбаеваның айтуынша, биыл өңірдегі 11 мектеп реновациядан өтсе, тағы оны күрделі жөнделіп және 42 мектеп жаңғыртылып жатыр.

– 11 мектепте жұмыс бекітілген кес­теге сай атқарылуда. Алайда қаржылан­дырудың жеткіліксіздігіне байланысты кейбір мектептерде реновация кешенді емес, тек жекелеген бағыттар бойынша жүзеге асады. Облыстың барлық мек­тебінде ішкі санитарлық бөлмелер болғанымен, 102 дала дәретханасы әлі де мектеп аумағында тұр. Олар жаңа оқу жылы басталғанға дейін жойылуы тиіс, – деді Гүлнар Таласбаева.

Облыста мыңға жуық ұстаз жетіс­пейді, ауылдық жерлерге 675 мұғалім керек. Мектептерде мұғалімдердің ғана емес, директорлардың да орны бос тұр. 444 мектептің 44-інде басшы жоқ. Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша 925 түлек оқу орнын бітірген, олардың жұмысқа орналасуын департамент ма­мандары өз бақылауына алған.

– Биыл 38 білім беру мекемесі мем­лекеттік аттестациядан өтті. Оның 11-і ғана жақсы нәтиже көрсетті. Өте алма­ған 27 мектептің тоғызы барлық олқы­лықты жойды. Қалған 17 мектептің аттестацияны қайта өту кезегі жеткен жоқ. Жалпы салыстырмалы түрде айтар бол­сақ, былтырғымен салыстырғанда кемшіліктер саны азайған, – дейді депар­тамент басшысы.

Облыс бойынша 3 мыңнан астам оқушыға тасымалдау қызметі ұйымдас­тырылған. Биыл 8 мектеп автобусы са­тып алыныпты, жыл соңына дейін тағы 3 автобус жеткізілмек.

«Келешек мектептері» ұлттық жоба­сы аясында 1 қыркүйекте Петропавл қа­ласындағы «Береке» шағынауданында жаңа білім ошағы пайдалануға беріледі.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp