Мемлекет басшысы Ақмола облысының Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді. Іс-шараға Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының диқандары бейнебайланыс режімінде қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еселі еңбектері үшін еліміздің диқандарына ризашылығын білдірді.
«Мемлекет диқандарды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып жатыр. Атап айтқанда, биыл менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазірдің өзінде мемлекеттің жүйелі қолдау шаралары нәтиже бере бастады. Агротехнологияны қолдану жоғары деңгейге жетіп, өнімділік артты. Бұған дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайтуды тапсырған едім. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның қарқынын төмендетуге болмайды», – дей келіп, жиналған өнімді тиісінше сақтауды маңызды міндеттің бірі деп атады.
Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Қарасу-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің төрағасы Алмат Тұрсынов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «Зенченко және К» КС директоры Геннадий Зенченко, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Касицин сөз сөйледі.
Ғауез Торсанұлы Президентке күзгі орақ барысы жайлы баяндады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан өңір диқандары 4,3 млн. гектар алқаптың астығын шашпай-төкпей қамбаға құйып алу міндетіне бір кісідей жұмыла кіріскен. Бүгінге дейін 1,13 млн. гектар алқаптың 40 пайызы бастырылды, әр гектар бойынша орташа өнімділік 16,5 центнерден айналуда.
Аграрлық құрылымдарға айтарлықтай қолдау көрсетілді. АӨК-ке жеңілдетілген қаржыландыру мөлшері 150 млрд. теңгеге жетті. 340 мың тонна тыңайтқыш сатып алынды, 52,5 мың тонна жоғары сұрыпты тұқым себілді, тұқым қоры 11,2 пайызға жаңартылды. Күзгі дала жұмыстарына 68,6 мың тонна, астық пен майлы дақылдарды кептіруге 14,1 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы– 7,5 млн.тонна.
Кеңесте Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні енгізу шараларын күшейтуді тапсырды. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін ауыл шаруашылығы саласының барлық буынына қолдану өте маңызды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасына GPS-навигация мен автопилот жүйесін енгізу, дрондар мен егіс алқаптарының цифрлық карталарын пайдалану, малдың жағдайын бақылау жүйелері, азықтандыру, өсімін молайту және микроклиматты басқаруды автоматтандыру. Аталған шаралар агроөнегркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына, өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға және ауыл халқының жұмыспен қамтылуын арттыруға ықпал етеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.