Жаз бойы бел жазбай еңбек еткен облыс диқандары күзгі жиын-терімді аяқтауға жақын. Бүгінгі күнге дейін олар қамбаға бес миллион тоннаға жуық алтын дән құйып үлгерді. Маңдай тердің қайтарымын ойлаған шаруашылық басшылары биылғы астық бағасының қалай белгіленетініне алаңдаулы.
Осыған орай “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Рамазан Әсіпке хабарласып, мән-жайды сұраған едік.
– Биыл көрші Ресей Федерациясында егіннің шығымы аса жоғары болған жоқ. Олардың арзан астығын Қазақстанның шекаралас өңірлеріне заңсыз жолмен тасымалдау азайды. Еуропаның кейбір елдерінде бидай ыстықтан күйіп кеткені белгілі. Сондықтан әлемде қазақстандық бидайға деген сұраныс артып отыр. Оның бір дәлелі – қазіргі уақытта жаңа астықтың бір тоннасы 48-50 мың теңгеден саудалануда.
Әзірге Үкімет жаңа астықтың бағасын бекіткен жоқ, – деді Рамазан Назарбекұлы.
Бұл солтүстікқазақстандық диқандар үшін жағымды жаңалық болары сөзсіз. Себебі, өткен жылы корпорацияның өңірлік филиалы жергілікті диқандардан үшінші-төртінші сыныпты 118 мың тонна бидай және екінші сыныпты 71 мың тонна арпа сатып алған. Сол кезде бидайдың бір тоннасы 42 мың теңгеден (ҚҚС-ын қосқанда), ал арпа 41 мың теңгеден (ҚҚС-ын қосқанда) бағаланды. Бұл бағаға көңілі толмағандар астықтарын трейдерлерге өткізсе, ал бағаның көтерілуін сарғая күткен шаруалар алтын дәнді амалсыз қамбада сақтауға мәжбүр болған еді.
Рамазан Назарбекұлының айтуынша, ұлттық компания жыл басынан бері Әзірбайжан, Иран, Түркіменстан, Грузия, Қытай және Тәжікстан елдеріне 355 мың тоннадан астам дәнді және майлы дақылдарды экспорттаған. Ал өңірлік филиал Ақжар ауданындағы №7, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның №2 және Жамбыл ауданындағы №4 астық базасындағы былтырғы 272 мың тоннаға жуық дәнді дақыл қорының 164 мың тоннасын сатқан. Сондықтан элеваторлардағы астық қоры биылғы бидаймен толығатын болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.