«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТЫҚ БАҒАСЫ ӨСТІ

 

Жаз бойы бел жазбай еңбек еткен облыс диқандары толассыз жауған жауынға қарамастан, күзгі жиын-терім жұмыстарын аяқтауға жақын. Бүгінгі күнге дейін олар қамбаға бір жарым миллион тоннаға жуық алтын дән құйып үлгерді. Сонымен қатар шаруаларды биылғы астық бағасы да алаңдатары сөзсіз. 

“Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” акционерлік қоғамы Қазақстандағы астық нарығын реттеу, азықтық бидайдың, нанның және нан-тоқаш өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру бағытында жұмыс жүргізеді.

Үстіміздегі жылы республика бойынша егіс алқаптарының көлемі 22,2 млн. гектарды құрады. Оның ішінде бидай 11,4 млн. гектар аумаққа себілді. Ел бойынша биыл астық жылдағыдай бітік шыққан жоқ. Бүгінгі таңда республика бойынша орташа өнімділік гектарына 11,5 центнерден айналуда. Астықтың жылдағыға қарағанда аз шы­ғуына жаздағы аптап ыстық себеп болды. Егер 2018 жылы 20,3 млн. тонна астық жиналса, биыл 17 млн. тонна алтын дән қамбаға құйылады деп күтілуде. Шілде айының ыстығында бірқатар облыстардың егіс алқаптары күйіп кетті. Мәселен, ең астықты өңірлердің бірі – Қостанай облысының сегіз ауданында құрғақшылық орын алды. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында да қолайсыз ауа райынан егістіктер зардап шекті.
Біздің облысымызда да көктем, жаз айларындағы ауа райының құбылмалылығы диқандарды діңкелетті. Биыл облыста 2861 мың гектар жерге дәнді дақыл егілді. Соңғы деректерге сәйкес орташа көрсеткіш гектарына 15,7 центнерді құрайды.
Былтыр бидайдың тоннасы 50-55 мың теңгеден саудаланды. Жаңа астығымыз трейдерлер, яғни алып-сатарлар арқылы шекара асып кетпеуі үшін үстіміздегі жылы компания басшылығы Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы шаруашылық басшыларымен кездесіп, әңгімелескен болатын. Бастапқыда біз бидайдың ең төменгі бағасын 62 мың теңге көлемінде белгілегенбіз. Мақсатымыз – бидайды арзан бағаға сатып алуға тырысатын трейдерлермен күресу. Нарықтағы бағаға сараптама жүргізілгеннен кейін жаңа астықтың бағасы белгіленді. Биыл 2, 3 және 4-сыныпты бидайдың бағасы өткен жылмен салыстырғанда 14-15 мың теңгеге қымбаттады. Атап айтқанда, корпорация бүгінде 3-сыныпты бидайдың бір тоннасын 70 мың теңгеден қабылдап жатыр. Біз бұл қадамға барғаннан кейін трейдерлер де бағаны көтеруге мәжбүр болуда.
Әрине, кез келген бидайды қабылдай алмаймыз, астыққа қатысты бірқатар талаптарымыз бар. Мәселен, 3-сыныпты бидайдың ылғалдылығы – 14, ал құрамындағы балуыз мөлшері 23 пайыздан кем болмауы тиіс. Ал 4-сыныпты бидайдың балуызы 20 және ылғалдылығы 14 пайыздан аспаған жағдайда тоннасы 65 мың теңгеден қабылданады. Бағаны нақтылайтын болсақ, үшінші сыныпты бидайдың бір тоннасы қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеушілер үшін – 70 мың теңге, ал ҚҚС төлемейтіндер үшін 62 мың теңге болып белгіленді. Төртінші сыныпты бидайдың бір тоннасы сәйкесінше 62 және 55 мың теңгені құрайды. Егер балуызы 25 пайыздан жоғары болса, ҚҚС төлейтіндер үшін – 72 мың, ҚҚС төлемейтіндер үшін 64 мың теңге.
Биыл мемлекеттік қорға 1 млн. тонна астық қабылдау жоспарланған. Өңір диқандары баға өскен жағдайда астықты трейдерлерге емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған біздің корпорацияға өткізуге дайын екендерін айтқан болатын. Диқандар сөздерінде тұруда. Қазір орақ науқаны жүріп жатқандықтан үшінші-төртінші сыныпты бидай мен екінші сыныпты арпа қабылдау басталды. Солтүстікқазақстандық шаруалардан әзірге екі мың тоннадан астам бидай сатып алдық. Атап айтқанда, “Глобал грейн”, “Городецкое”, “Қызыләскер” және “Отан грейн” серіктестіктері алғашқылардың қатарында астықтарын өткізді. Қазіргі уақытта Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Нежинка-Ерке” ЖШС-і астықтарын өткізуге ниет білдіріп отыр. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды алдағы уақытта да жалғастырамыз.
Солтүстікқазақстандық шаруалардан сатып алынған алтын дәнді сақтау мәселесі де ойластырылған. Біз диқандардан сатып алынған астықты сақтау мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Облысымызда филиалға қарайтын екі элеватор бар. Олар – Ақжар ауданының Дәуіт ауылындағы №7 және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Новоишимка ауылындағы №2 астық базасы.
Облыста жаңа өнімді қабылдау және сақтауға арналған лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарының саны – 50. Жаңа астықты жыл бойы сақтау үшін 12 элеватормен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде корпорациямызға астығын сатқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз бидайын кезексіз өткізу мүмкіндігіне ие болуда. Осы орайда ұлттық компанияның биылғы жылдан бастап диқандардан өнімдерін форвардтық келісім бойынша алып жатқанын атап айтқым келеді. Яғни, шаруаларға келесі жылға тұқым, жанар-жағармай алу үшін болашақ астық есебінен кепілсіз несие берілуде.
Биыл ел бойынша экспортқа 6-7 млн. тонна ас­тық шығарылады деп күтілуде. Былтырғы жылдың тоғыз айында корпорацияның облыстық филиалы жақын және алыс шетелдерге 100 мың тоннаға жуық дәнді және майлы дақылды экспорттады. Оның ішінде Ресей, Иран, Өзбекстан елдеріне бидай жіберілді. Еліміздің ішкі сұранысы толығымен қанағаттандырылғаннан кейін біздің филиал жаңа астықты экспорттап, былтырғы көрсеткішті арттыру бойынша жұмыс жүргізетін болады.

Рамазан ӘСІП,
“Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ-ы
облыстық филиалының директоры.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp