Петропавлдағы Аграршылар үйінің мәжіліс залында “СҚО бойынша өңірлік астық холдингі” ЖШС-нің өз қатысушыларына берілген қаржының игерілу қорытындыларын қараған жиын өтті. Оған өткен жылы сәуір айының басында осы серіктестікті құруға бастамашылық еткен “Қаз Агро” Ұлттық басқару холдингі” АҚ-ның басшылары мен мамандары, онымен жұмыс істейтін банктердің өкілдері, “Азық-түлік корпорациясы” ҰК” АҚ-ның облыстық филиалының басшылары, “Нұр Отан” партиясы мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері және холдингтің байқаушы кеңесінің мүшелері қатысты.
Алдымен жиналғандар алдында астық холдингінің директоры Марат Ысқақов серіктестік құрылған қысқа мерзімнің ішінде атқарылған жұмыс жайында хабарлама жасады. Онда айтылғандай, холдинг басында 52 қатысушыны біріктіріп, оларды айналым қаражатымен қамтамасыз еткен болса, бүгінде оның құрамына енген кәсіпорындар саны 61-ге жетіп отыр. Негізінен “Банк Астана” АҚ-ы арқылы жұмыс істейтін холдинг облыстың астық өндірушілеріне биылғы жылы 967 млн. теңгенің қаржысын бөлді. Ол егіншілердің жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, тұқымдық материалдар алуына және өсімдік қорғау шараларына жұмсалды. Аталмыш кредиттік қаржының небәрі 7,41 пайызбен біржылдық мерзімге ғана берілетінін одан кейін сөз алған холдингтің қаржылық директоры Жеңіс Жүсіпов жан-жақты түсінікті етіп айтып берді. Сондай-ақ, ол бір гектар егістік жердің 12 мың теңгеге дейін кепілдіксіз қаржыландырылатынын да сөз ете отырып, мұндай мүмкіндіктің биыл 8059З гектар жерге бұйырғанын жеткізді.
Холдингке қатысушы болудың бір артықшылығы – өсірілген өнімге алушы іздеп бас ауыртпайсың, онымен азық-түлік келісімшарт корпорациясы айналысады. Оған өзара жасалған шарт бойынша бидайдың бір тоннасын 25 мың теңгеден кез келген уақытта тапсыруға болады. Егер нарық бағасы одан жоғары болатын болса, оны құндап өткізуге еркі бар.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.