«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУДА БӨГЕЛІС БОЛМАЙДЫ

Қызылжар өңіріндегі астық қабылдайтын ірі кәсіпорындардың бірі – “Мамлют ұн үгу комбинаты” ЖШС. Мамлют ауданына сапарымыз кезінде аталмыш элеваторға арнайы соғып, жаңа орақтың астығын қабылдауға дайындығы жағдайын байқаған едік.

Серіктестіктің бас директоры Анатолий Шрамконың айтуына қарағанда, элеватордың жалпы қуаттылығы 145 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорын Жамбыл, Есіл, Қызылжар және Мамлют аудандарының агроқұрылымдарына қызмет көрсетеді. Қатты және жұмсақ бидай, арпа мен майлы дақылдар қабылдай алады. Элеваторда әрқайсысының тәуліктік қуаттылығы 1 мың тоннаны құрайтын 6 астық кептіргіш жұмыс істейді. Әлі жеңілдетілген жанармай беріле қоймаса да, қажетті дәрежеде дизель отынымен қамтамасыз етілген. Кәсіпорында 250 адам еңбек етеді. Орақ науқаны басталғалы элеватор тәулік бойы жұмыс істеу кестесіне көшкен. Әзірше шаруашылықтардан түскен астық 3-4 мың тонна шамасында ғана.

– Өткен жылғы ауа райының қолайсыз жағдайында бір тәулікте ең кемінде 5 мың тоннадай астық қабылдап отырдық. Биыл да сондай көлемде астық қабылдауға күшіміз толығымен жетеді. Әзірше агроқұрылымдар астық тапсыруға асығатын емес. Негізінен, бізге механикалық қырмандары жоқ ұсақ шаруа қожалықтары әкеліп жатыр. Бүгінгі жауыннан кейін астық қабылдау кәсіпорнына келетін көліктердің саны көбейе түседі деген ойдамыз. Соған орай астық тиеген көліктердің күтіп тұрып қалмауы үшін қам жасап жатырмыз. Бәріне сақадай саймыз деуге болады. Келген астықты кептіру, тазарту, сақтау белгіленген тариф бойынша жүзеге асырылады. Агроқұрылым басшыларының барлығы одан хабардар, – дейді Анатолий Константинович.

Элеватордағы астық қабылдау таразы мен зертханадан басталады.

Рита Митрофанова басқаратын өндірістік-техникалық бөлім екіқабатты ғимаратта орналасқан. Онда 10 адам екі ауысымда жұмыс істейді. Жұмыс қызған кезде тағы 4 маман жұмылдырылатын көрінеді. Техник-зертханашы Валентина Рудниченко, зертхана меңгерушісі Ольга Соверченко – осы кәсіпорынмен біте қайнасып келе жатқан мамандар. Бөлім шетелдік құрал-саймандармен жабдықталған. Мысалы, швециялық “Infratex-1241” аспабы астықтың құрамындағы протеинді, балуызды, оның ылғалдылығын, соған орай қай сыныпқа жататындығын заматта айқындап береді

– Әлі көп астық қабылдай қойған жоқпыз. Бізге түскен 4 мың тоннадай астықтың 30 пайызын – 3-сынып, қалғанын 4-сынып құрайды. Бүгінгі жауыннан кейін астықтың сапасы бүлінбесе, қазір жақсы. Мына шаруа қожалығынан келген бидайдың балуызы – 23,98, ылғалдылығы – 15,5, протеині – 13,7 пайыз. Үшінші сыныппен қабылданып отыр. Агроқұрылым басшысы бірге келіп, астығының сапалылығына көз жеткізіп кетті. Біздің тарапымыздан келген көліктерді кешіктіру деген болмайды. Тез қимылдау екі жаққа да тиімді,– дейді зертхана меңгерушісі Ольга Павловна.

Комбинатта жұмысшыларға арналған 50 орындық асхана бар. Бұл күні кәсіпорын шаруашылықтардың маңдай термен өсірген астығын кідіріссіз қабылдау қажет болса, бидайын жоғары және 1-сұрыпты ұн қылып үгіп беру үшін барлық мүмкіншілікті жасауда.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp