Тайынша ауданында ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жұмысшысы егіндік алқабынан 21 тонна астық ұрламақшы болған жерінен қолға түсті. Қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің қырағылы, сондай-ақ күзетуде қолданылатын жаңа технологиялардың арқасында механизатордың арам ойы жүзеге аспай қалды. Оқиға орнына Тайынша аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері дереу шақырылды. Қазір ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ер адамның комбайннан астықты арнайы жалдаған «КамАЗ» көлігіне тиегені белгілі болды. Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі тапсырыс берушінің пиғылынан хабарсыз болып шықты.
Тайынша ауданының Зеленый Гай ауылында учаскелік полиция инспекторы «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында үй-үйді аралап жүрген кезде шөп ұрлығының бетін ашқан. Полиция капитаны Рустам Қабысов ауыл тұрғынының ауласында 14 тең шөпті көріп, күмәнданған. Ақырында бұл шөп Новодворовка ауылының маңындағы алқаптан ұрланғаны белгілі болды. Ұрланған шөп иесіне қайтарылды.
«20 тамыздан бастап облыста «Астық» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Орақ науқаны барысында тіркелген 39 ұрлықтың үшеуі әлі ашылған жоқ. Ұрлықтың басым бөлігі астық өнімдерін, жанар-жағармай материалдарын, техника мен қосалқы бөлшектерді ұрлауға қатысты», – деді облыстық полиция департатменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров.