Тәуелсіздік жылдары Қазақстан этносаралық достығы жарасқан елге айналды. Елбасы өзінің Жолдауында халықтың ежелгі арманы – “Мәңгілік Ел” биігіне жетер жолды анықтап, айшықтады. Ол қазақ тарихының “Нұрлы Жолы” болмақ. Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұсынылған Ұлт жоспарында да осы мәселеге айрықша назар аударылған. Қазақстан халқын қажырлы еңбекке, ұйымшылдыққа шақырған Елбасы қол жеткенді баянды ете отырып, жаңа биіктерге көтерілу міндетін қойып отыр.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл ауылдық округінде де жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар тұрғындар тарапынан кең қолдау табуда. Бүгінде ауылымызда егін және мал шаруашылығы қатар дамуда. Иелігінде 400-ден астам бас абердин-ангус асылтұқымды ірі қара малы бар “Атамекен-Агро-Шұқыркөл” ЖШС келешекте 3000 басқа арналған мал семірту алаңын іске қосуды жоспарлап отыр. “Құлан” бағдарламасы бойынша екі фермерлік қожалық жеңілдетілген несие алып, жылқы басын көбейтіп, болашақта қымыз өндірісін қолға алмақ. “Алтын асық” қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкер Марат Алғожин 1 млн. 800 мың теңге несие алып, 70 бас қой өсіруде. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкер Әсемгүл Базарова құс өсіруге несие алып, алғашқы өнімдерін сатылымға шығарды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары елдің әлеуетін жақсартатын таза ауызсумен, телефон, жоғары сапалы интернет жүйесімен, көлік байланысымен толық қамтылған.
Шұқыркөл ауылдық округінде – үш мектеп, медициналық пункт және кітапхана жұмыс істейді. Округ бойынша балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылған. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша Шұқыркөл ауылының көшелерін жарықтандыруға республикалық бюджеттен 1 млн. 200 мың теңге, көгалдандыру жұмыстарына 400 мың теңге қаражат бөлінді.
Арсен БАЗАРОВ,
Шұқыркөл ауылдық
округінің әкімі.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.