
Кез келген жұмыс адамның тікелей араласуымен істелетінін ескерсек, әр саланың өзіндік ерекшелігі, қиындығы болады. Ал білікті де білімді маман қашанда сұранысқа ие. Осы орайда құрылыс саласында жылдар бойы жемісті еңбек етіп, еңбегі де ескерусіз қалмаған Асылбек Ғабдуллин сияқты мамандардың қоғамның дамуына қосып отырған үлесі зор.
Бүгінде білікті маман “Севгражданпроект” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженер-жобалаушысы болып жұмыс істейді. 1998 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің көлік-құрылыс факультетін тамамдаған жас маман Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуді парыз санап, әскери қызметін абыроймен атқарып келген соң өзінің алған білімі бойынша жобалаушы болып еңбек етті. Осы уақытта облыста салынған бірқатар құрылыстарда оның өзіндік қолтаңбасы айшықталды. Мәселен, ол Петропавл қаласындағы “Береке” шағынауданының және облысымыздағы балабақша, көпқабатты тұрғын үйлердің жобасын жасауға қатысты.
Әрбір нысанның іргетасы алдымен құрылатын жоспарға, жобаға байланысты. Бұл орайда жобалаушыға артылар жүк ерекше. Көпшіліктің сенімін ақтап, абырой биігінен көрінген Асылбек Ғабдуллиннің кәсіби шеберлігіне айтылар сын, тағар мін таба алмайсыз. Өйткені, ол жұмысына жауапкершілікпен, тиянақты әрі ұқыпты қарайды. Бүгінде ол Тайынша ауданына қарасты Ильичевка ауылында майлы дақылдарды өңдейтін “Тайынша май” ЖШС зауыты жобасына атсалысуда.
Маңдай терін төгіп, адал еңбек ету арқылы көпшілікке үлгі бола білген оның құрылыс саласында жеткен жетістігі, бағындырған биігі бар. Жақында құрылысшылардың төл мерекесінде облыс әкімі Ерік Сұлтановтың Алғыс хатымен марапатталып, мерейі үстем болған Асылбектің әлі де алар асулары алда.
Талғат ТӘНІБАЕВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.