«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Асылдың сынығы

Қуандық Қасымов өзінің Алла берген дарынының арқасында өнердегі сара жолын сала білді десем, артық айтқандығым емес. Өнердің айдынына құлашын жастайынан сермеп, балақ жүні түспеген бала қырандай жетілгеніне, әрине, әкесі – Ишанғали атамыздың үлкен әсері болды. Қуандық аға әкесінен өнеге ала жүріп, домбырадан бастап, музыка аспаптарының біразын игерді. Әсіресе, оның жастайынан қалыптасқан майдақоңыр баритон дауысы әдемі болатын.

Қуандық аға Есіл ауданының Орталық ауылындағы біздің шаңырақта жиі болатын. Мұның өзіндік сыры да бар. Менің әкем Өмірзақ Зұлқарнайұлы есімі өңірімізге танылған өнер иесі еді. Ол біздің ауылымызда шаңырақ көтерген халық театрының көркемдік жетекшісі болды. Мені бес жасымнан домбыра шертуге үйретті.

Әкемнің өмірі, өнері туралы мақалалар, бейнематериалдар облыстық газеттерде, телеарналарда жиі жарияланып тұрды. Сондықтан біздің шаңырақта тілшілер, әншілер, күйшілер жиі болып, есік құрғатпайтын. Осындай сыйлы қонақтардың арасынан Қуандық ағам да жиі табылатын еді.

“Ат тұяғын тай басар” демекші, 1995-2000 жылдарда Есіл ауданынындағы Явленка ауылындағы халық театрларының режиссері болдым. Бала кезімнен тізесінде ойнап өскен Қуандық ағам маған үлкен үміт артып, жанашырлықпен, тілеулестікпен қарады. Әйтеуір, өнер деген үлкен соқпақта жолдарымыз түйісіп жүрді.

Қуандық Қасымовтың облыстық филармонияның шаңырағын шайқалтпай, аман сақтап қалуы ерлікпен пара-пар іс болды. Ол кезең арқаны аяздай қарыған алмағайып уақыт еді ғой. Жіңішке түгіл, жуан үзіліп, өнер иелерінің бәрі қалталылардың алақанына үңіліп, кейбірі көңілі сүйген өнерден түңіліп, базар аралап кеткенде, Қуандық ағамның жүрегі мұздамады, қабағына қар қатпады. Оның іскерлігінің арқасында облыстық филармония аман қалды.

Содан кейін ағама Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының тізгіні тиді. Бұл да оңай шаруа емес еді. Жасыратын несі бар, ұжымның бұрынғы тісқаққан көркемдік жетекшісі енді ғана еңсе көтерген театрды тұралатуға жақындатты. Театрдағы ырыстың қаймағын ұрыс бұза бастады. Міне, Қуандық аға театрдың басшылығына осындай уақытта келді. Ол өзіне тән адалдықпен, ала жіпті аттамай, сахнагерлердің арасына сызат түсірмей, өнер шаңырағының атағын аспандатты. Талай мәрте елімізге ең таңдаулы қоюшы-режиссерлерді, драматургтерді шақырып, Мағжан Жұмабаевтың, Сәбит Мұқановтың мерейтойларына арналған спектакльдерді сахналауға қол жеткізді. Мысалы, бұл орайда Қуандық ағаның еліміздегі ең белгілі драматургтердің бірі – Дулат Исабековпен тонның ішкі бауындай араласқанын айтсам да жеткілікті.

Спартак РАМАЗАНОВ,

Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp