«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ

Тайынша қаласының тұрғыны Шәкәрман Тәшетова апамыз еңбек жолын сұрапыл соғыс жылдары бастады. Ол өзі тұстас балалармен бірге аттылы-жаяу, аш-жалаңаш, күндіз күлкісіз, түнде ұйқысыз жүріп, Еңбек ауылында тылдағы тың жұмысымен есейген. Ел басына күн туып, ер-азаматтардың етігімен су кешкен сол бір жан түршігерлік жылдарда жасы оннан асқан балалардың екі қолына бір күрек табылатын. “Шөп жинау, егін науқаны кезінде таңның атысы, күннің батысы жұмыс атқарылатын. Еңбек қазіргідей ақшамен емес, бір уыс бидаймен өлшенетін”, – деп апамыз әңгімесін бастады.

Табан ет, маңдай термен жиналған астықтар “Тек майданға!” деген ұранмен жөнелтілетін. Күнделікті әдет бойынша ертемен тұрған апамның: “Тұра ғой, қызым, жұмысқа баратын уақытың болды”, – деген аянышпен шыққан жылы дауысы еріксіз тәтті ұйқыдан оятатын, біз апыл-ғұпыл киінетін едік. Ол кезде біз үшін ұйқы қанып, қарның тойып, бала болып күліп-ойнау арман болатын. Тіпті, нанмен жылап көрісетін сол кездерде қуырылған бір уыс бидай мен көк сиырдың бір кесе сүті, әйтеуір, әл-қуат беріп, қарныңды ашырмайтындай көрінетін. “Тайдың жүрісі, баланың істегені білінбейді” демекші, қазір ойлап отырсам, біз де сол кезде үлкен міндеттер атқарып, қыруар еңбек етіп, одақтың жеңіске жетуіне үлкен үлес қосқан екенбіз.

Бертін тұрмыс құрып, балалы-шағалы болғанда жұбайы Ешімбай Тәшетұлы Бірлік ауылында бақташы, апай сауыншы болып ұжымшар жұмысына атсалысқан. Осылай еңбектен қол үзбей жүріп, он екі баланы тәрбиелеп, өсірген. Қолдарындағы кәрі шешелері балаларға қарасып, олардың үлкендері кішілеріне сүйеу болып жетілген. “Ол кезде жұмыс ауыр, барлығы қолмен атқарылады. Сонда да балалардың үстін кірлетпей таза ұстап, уақытында тамақтандырып, тәрбиесіне мұқият назар аударатынбыз, – деген батыр ананың сөзінен сол кездегі нәзік жандардың барлығы да “бір қолында анасы, келесі қолында шанасы, арқасында баласы” дегендей, нар көтермес жүкті арқалап, балаларын өсіріп, тәрбиелеп, оқытып-тоқытқанын ұқтық.

Осындай қиыншылықты көрген Шәкәрман Қасымқызы: “Өзімді өмірдегі ең бақытты жанға балаймын. Бар байлығым – балаларым, немере-шөберелерім. Бәрі де бір-біріне ұқсап білім алды, жақсы мамандар қатарына қосылды. Ризамын, бәрі де Тәуелсіз Қазақ елінің қарашаңырағының уықтары іспетті”, – деген ақ жаулықты ананы тек екеулеп өсіріп-жеткізген ұрпағының қызығын көрер шақта жұбайы Ешімбайдың өмірден өткені мұңайтады.

Сексеннің сеңгіріне шығып отырған Ана өмірінің бір белесі, міне, осындай!

Қожа ҚАЗАНҰЛЫ,

журналист.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp