Тұла бойына адамгершіліктің небір асыл қасиеттерін сыйғыза білген осы бір азаматпен кездескен әрбір сәті жадымызда. Қос жанары ұшқындап, жалындаған от-алауға толып, қайтпас қайсарлықтың, мұқалмас ерік-жігердің, мың адамнан асып жығылар шарапаттың үлгісіне ұқсап кететін. Бәлкім, оның болмыс-бітімінің осылай қалыптасуы кіндік қаны тамып, алаңсыз балалық шағы өткен туған жердің құдіретінің арқасы шығар? Бәріміздің құлын-тайдай тебісіп, қара топырағына аунап өскен жеріміз – орманы мен қоға-құрағы аралас өскен, ағысы баяулау, суы таяздау Сілеті өзенінің бойы. Осы өлке теріскейге есімі кеңінен танымал дәрігер-оташы Сайлау Ыдырысов үшін ерекше ыстық.
Жалтыр ауылы ол кезде Көкшетау облысы Уәлиханов ауданына қарайтын. Чапаев (қазір Қулыкөл) кеңшарымен екі ара әрі кетсе 5-6 шақырым ғана. Жан-жағы қыратты. Батыс жақтан осы тұсқа қарай бет алған суыт жүрісті жолаушы жағасы жалаңаш, бірақ танадай жалтырап жатқан айдын көлге алдымен жолығар еді. Осы себепті ауыл Жалтыр аталып кеткен деседі. Сәкең Ақжар ауданына қарасты Бостандық ауылының асылдан қалған текті тұяғы саналғанымен, балалықтың алаңсыз базарлы да ажарлы кезеңі біз сөз еткен өлкеде өткендіктен, “атамекенім” деп аузын толтырып айтуға қақысы бар. Әкесі Әубәкір бар саналы ғұмырын фельдшерлікке арнаған. Сыртта қызмет бабымен жүрген ағасы Қали жалғызсырамасын деді ме екен, осында қоныс аударғанда Сайлау төрт жаста ғана болатын. Құлын құсап әрлі-берлі құлдыраңдап шауып, көшенің ақ шаңын бұрқыратып жүретін сүйкімді баламен тез-ақ достасып кеттік. Доп қудық, асық ойнадық, суға шомылдық, балық ауладық… Атқан оқтай, шапқан аттай зымыраған уақыт қалай тез өтіп, есейіп қалғанымызды білмей қалыппыз.
Арманымыз – асқақ, жоғары білімді маман атану. Содан жұбымыз жазылмаған күйі жастар қаласы Целиноградқа (қазіргі Нұр-Сұлтан) “шу, қарақұйрық!” деп тартып отырдық. Біріміз – агроном, екіншіміз – механик. Сайлау әке жолын қуып, дәрігерлер әулетін жалғастыратын алтын қолды шипагер болуды мақсат етті. Ағалы-інілідей шұрқыраса жүріп жоғары білім алғанымызды айғақтайтын бір-бір диплом алып шықтық. Сайлау жолдаманы Сілеті кеңшарының учаскелік ауруханасына алып, ізімізді ала жетті. Мұнда меңгеруші және хирург болып орналасты.
Тағы да балалық, студенттік кездердегідей үшеуміздің жұбымыз жазылмай бір ауылда қызмет ету бақыты бұйырды. Содан бергі жан досымыздың өмір жолы көз алдымызда. 1974 жылы Павлодар қаласында интернатура курсын тамамдап, теориялық білімін тәжірибелік жұмыстармен толықтырып келді. 1975 жылы асқар таудай панасы – әкесінің қайтыс болуына байланысты Чапаев кеңшарына қоныс аударды. Осы жерде көп жылдар бойы табан аудармастан жемісті еңбек етті. Қайда жүрсек те, достық байланысымыз үзілген емес. Қызметіміздегі, отбасымыздағы азды-көпті қуаныштарды бірге бөлісуге уақыт тауып, жолығысып тұрдық.
“Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар” демекші, адал, жанкешті еңбегімен кеңінен таныла бастаған тұста оған “құда түсушілер” аз болған жоқ. Тіпті, аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары орталық ауруханаға ауысуын өтініп, пәтермен қамтамасыз ететіндерін алға тартқанмен, Сайлау ат қазығын байлаған жерде қала берді. Содан бергі ізгілікке толы ғұмыры ауылмен тығыз сабақтас. Жыл өткен сайын ауылдық аурухананың материалдық-техникалық базасы нығайып, 50 науқас жатып емделетін стационар бой көтерді. Перзентхана, хирургия, балалар аурулары, терапевт бөлімдері ашылды. Бірінші, екінші санатты хирург, терапевт, гинеколог, педиатр және санитарлық дәрігерлермен қамтылды. Мұның бәрі іскер басшының білгір, ұйымдастырушылық қарым-қабілетінің қандай жоғары дәрежеде екенін танытты. Чапаев кеңшарының ауруханасы Қызылту ауданының Чапаев, Қайрат, Сарыадыр, Павлодар облысы Ертіс ауданының Сілеті, Абай, Қоскөл, бұрынғы Краснокутск ауданының Коминтерн, Ново-Троцкий елді мекендеріне сапалы медициналық қызмет көрсетіп, жұртшылықтың ыстық ілтипатына бөленді.
Шалғай ауылдағы оташы дәрігер жұмысының қым-қуыт тірлікке, қауырт, тосын жайттарға толы келетінін былайғы жұрт біле бермейді. Олай дейтініміз, қалалық ауруханаларда отаны аурудың әр саласы бойынша маманданған оташылар жасайды. Ал ауылда мұндай мүмкіндік бола бермейді. Сайлаудың аузынан “Бұл менің қолымнан келмейді, аудан орталығына апарыңдар” деген сөз шыққан емес. Оған ең қымбаты – адам өмірі. Ажалмен бетпе-бет келген талай қысылтаяң сәттерде көзді жұмып, нартәуекелге баратыны сондықтан. Біліктілігі жоғары екенін сан мәрте дәлелдеді. Оташылық қасиетті Тәңірдің берген сыйы деп түсініп, уақытпен санасу дегенді әсте білмеді. 40 жылға жуық уақыт бедерінде 5120 ота жасапты. Бұл аз ба, көп пе айту қиын. Бізге белгілісі – оның 5120 адамның өмірін сақтап қалғаны.
Осы орайда көне ғасыр ғұламасы Аристотельдің бір тағылымы ойға оралады. Рим сенатының шешімімен ғұлама өлім жазасына кесілсе керек. Бір күн бұрын шәкірті қоштасуға келсе, ұстазы кітап оқып отыр екен. Оған таңырқаған шәкірті: “Бұл қылығыңызды түсінбедім”, – дейді. Сонда ғұлама: “Ертең өлтірер болса, оқи алмай қаламын ғой”, – деп жауап берген екен. Білмегенін білуге ұмтылу Сәкеңе тән екенін баса айтқымыз келеді. Ұзын саны 16 курста болып, кәсіби шеберлігін жетілдіріпті. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан Мәскеуге жиналған әйгілі оташылардан тәлім-тәрбие алып, тәжірибе алмасты.
Сәкең өмір жолына, ақыл-санасына үлгі-өнеге болар талай асыл азаматтармен қоян-қолтық араласып, өміріне үлгі етті. Құрманғазы Омарханов, Қуандық Кенжеғұлов, Солтан Сүлейменов, Жылқыбай Қадыров, Сағындық Ақшанов, Қажтай Жүсіпов – соның бір парасы. Ал есімдері елімізге елеулі біртуар тұлғалармен кездесуі, рухани аға, пана тұтуы – өз алдына бөлек әңгіме. Бірде Чапайда қызмет етіп жүргенде учаскелік ауруханаға Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков арнайы келіп, медицина қызметкерлерімен, емхананың ахуалымен танысып, қоштасарда не өтініш-тілектері барын сұрайды. Сонда Сайлау УЗИ, ФГДС секілді қондырғылардың тапшылығын айтады. Ерекең уәдесінде тұрады. Мұндай тағылымды мысалдар аз емес.
Сайлаудың көп жылғы тынымсыз еңбегі Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен атап өтілді. “Денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісін, “Ерен еңбегі үшін”, “Шапағат” медальдарын кеудеге жарқырата тақты. Қазақстанның үздік ауыл дәрігері конкурсының жеңімпазы, Уәлиханов ауданының құрметті азаматы атанды.
Сәкең мен Елеш жүрек жарастырып, өмірге үш ұл, бір қыз сыйлады. Әке жолын қуған Қуаныш Ақмола облыстық онкология ауруханасында қызмет етеді. Жоғары санатты оташы. Айдос – заңгер, подполковник, Ғабит Мүсірепов ауданының ІІБ-нің басшысы. Қызы Қымбат та – заңгер. Данияр – жоғары білімді мұғалім. Ағасы Сүйіндіктің балалары да аталары Әубәкірдің ұлағатты жолын таңдаған, бәрі – ақ халатты абзал жандар.
Сөз соңында 70 деген абыз жасқа келіп отырған сыйлас досымызға арнаған жылы лебізімізді мына жыр шумақтарымен түйіндегенді жөн көрдік.
Даналығы шашының күмісінде,
Даралығы көрініп тұр әр ісінде.
Елу жылғы еңбектің шапағатын,
Көрген қандай көзінің тірісінде.
Жылқыбай ҚАДЫРОВ,
Сағындық АҚШАНОВ.
Павлодар қаласы.