«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫЛДЫҢ ТҰЯҒЫ

Тұла бойына адамгершіліктің небір асыл қа­сиет­терін сыйғыза білген осы бір аза­матпен кез­дес­кен әрбір сәті жадымызда. Қос жанары ұш­қындап, жалындаған от-алауға толып, қайт­пас қайсарлықтың, мұқалмас ерік-жі­гер­дің, мың адамнан асып жығылар ша­ра­паттың үлгісіне ұқсап кететін. Бәлкім, оның бол­мыс-бітімінің осылай қалыпта­суы­ кіндік қаны та­мып, алаңсыз балалық шағы өткен туған жердің құ­діретінің арқасы шығар? Бәріміздің құлын-тай­дай тебісіп, қара топырағына аунап өскен жеріміз – ор­маны мен қоға-құрағы аралас өскен, ағысы баяу­лау, суы таяздау Сілеті өзенінің бойы. Осы өлке теріскейге есімі кеңінен танымал дәрігер-оташы Сайлау Ыдырысов үшін ерекше ыстық.

Жалтыр ауылы ол кезде Көкшетау об­лы­сы Уә­лиханов ауданына қарайтын. Ча­паев (қазір Қу­лы­көл) кеңшарымен екі ара әрі кетсе 5-6 шақы­рым ғана. Жан-жағы қы­ратты. Батыс жақтан осы тұсқа қа­рай бет ал­ған суыт жүрісті жолаушы жағасы жа­ла­ңаш, бірақ танадай жалтырап жатқан ай­дын көл­ге алдымен жолығар еді. Осы се­беп­ті ауыл Жал­тыр аталып кеткен деседі. Сәкең Ақжар ауданына қарасты Бостандық ауылының асылдан қалған текті тұяғы саналғанымен, бала­лықтың алаңсыз базарлы да ажарлы кезеңі біз сөз еткен өл­кеде өткендіктен, “атамекенім” деп аузын тол­ты­рып айтуға қақысы бар. Әкесі Әубәкір бар са­на­лы ғұмырын фельдшерлікке арна­ған. Сыртта қыз­мет бабымен жүрген ағасы Қали жалғыз­сы­рама­сын деді ме екен, осында қоныс аударғанда Сайлау төрт жаста ғана болатын. Құлын құсап әрлі-берлі құлдыраңдап шауып, көшенің ақ ша­ңын бұрқы­ратып жүретін сүйкімді баламен тез-ақ дос­та­сып кеттік. Доп қудық, асық ойнадық, суға шо­мылдық, балық ауладық… Атқан оқтай, шапқан ат­тай зы­мыраған уа­қыт қалай тез өтіп, есейіп қал­ғаны­мызды білмей қалыппыз.
Арманымыз – асқақ, жоғары білімді ма­ман ата­ну. Содан жұбымыз жазылмаған күйі жастар қала­сы­ Целиноградқа (қазіргі Нұр-Сұл­тан) “шу, қара­құй­рық!” деп тартып отыр­дық. Біріміз – агроном, екін­шіміз – ме­ха­ник. Сайлау әке жолын қуып, дәрі­герлер әу­ле­тін жалғастыратын алтын қолды шипа­гер болу­ды мақсат етті. Ағалы-інілідей шұр­қыраса жүріп жо­ғары білім алғанымызды айғақтайтын бір-бір диплом алып шықтық. Сайлау жолдаманы Сілеті кеңшарының учас­келік ауруханасына алып, ізіміз­ді ала жетті. Мұнда меңгеруші және хирург болып орналасты.
Тағы да балалық, студенттік кездердегі­дей үшеу­­міздің жұбымыз жазылмай бір ауылда қыз­мет ету бақыты бұйырды. Со­дан бергі жан досы­мыздың өмір жолы көз ал­дымызда. 1974 жылы Пав­лодар қала­сын­да интернатура курсын тамам­дап, тео­риялық білімін тәжірибелік жұмыстармен то­лық­тырып келді. 1975 жылы асқар тау­дай панасы – әкесінің қайтыс болуына бай­ланысты Чапаев кең­шарына қоныс ауда­рды. Осы жерде көп жылдар бойы табан аудармастан жемісті еңбек етті. Қайда жүрсек те, достық байланысы­мыз үзіл­ген емес. Қызметіміздегі, отбасымыз­дағы азды-көпті қуаныштарды бірге бөлі­суге уақыт тауып, жолығысып тұрдық.
“Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар” демек­ші, адал, жанкешті еңбегімен кеңінен таныла бас­таған тұста оған “құда түсуші­лер” аз болған жоқ. Тіп­ті, аудандық партия ко­митетінің бірінші хатшы­лары орталық ау­ру­ханаға ауысуын өтініп, пәтер­мен қамта­масыз ететіндерін алға тартқанмен, Сай­лау ат қазығын байлаған жерде қала берді. Со­дан бергі ізгілікке толы ғұмыры ауылмен тығыз са­бақ­тас. Жыл өткен сайын ауылдық ау­рухананың мате­риал­дық-техникалық ба­за­сы нығайып, 50 нау­қас жатып емделетін стационар бой көтерді. Пер­зентхана, хи­рур­гия, балалар аурулары, терапевт бөлім­дері ашылды. Бірінші, екінші санатты хи­рург, терапевт, гинеколог, педиатр және са­ни­тар­лық дәрігерлермен қамтылды. Мұ­ның бәрі іскер бас­­шының білгір, ұйымдас­тырушылық қарым-қа­бі­ле­тінің қандай жо­ғары дәрежеде екенін таныт­ты. Чапаев кең­шарының ауруханасы Қызылту ау­да­нының Чапаев, Қайрат, Сарыадыр, Павлодар об­лысы Ертіс ауданының Сілеті, Абай, Қос­көл, бұ­рынғы Краснокутск ауданының Ко­минтерн, Ново-Троцкий елді мекендеріне са­па­лы медициналық қызмет көрсетіп, жұртшылықтың ыстық ілтипа­тына бөленді.
Шалғай ауылдағы оташы дәрігер жұмы­сының қым-қуыт тірлікке, қауырт, тосын жайт­тарға толы ке­летінін былайғы жұрт бі­ле бермейді. Олай дей­ті­німіз, қалалық ау­ру­ханаларда отаны аурудың әр саласы бо­йынша маманданған оташылар жа­сай­ды. Ал ауылда мұндай мүмкіндік бола бермей­ді. Сайлаудың аузынан “Бұл менің қолым­нан кел­мей­ді, аудан орталығына апарың­дар” деген сөз шық­­қан емес. Оған ең қым­баты – адам өмірі. Ажал­­мен бетпе-бет кел­ген талай қысылтаяң сәт­тер­де көзді жұ­мып, нартәуекелге баратыны сон­дық­тан. Біліктілігі жоғары екенін сан мәрте дәлел­деді. Оташылық қасиетті Тәңірдің берген сыйы деп түсініп, уақытпен санасу дегенді әс­те білмеді. 40 жылға жуық уақыт беде­рінде 5120 ота жасапты. Бұл аз ба, көп пе айту қиын. Бізге белгілісі – оның 5120 адам­ның өмірін сақтап қалғаны.
Осы орайда көне ғасыр ғұламасы Арис­тотель­дің бір тағылымы ойға оралады. Рим сенатының шешімімен ғұлама өлім жаза­сына кесілсе керек. Бір күн бұрын шәкірті қоштасуға келсе, ұстазы кітап оқып отыр екен. Оған таңырқаған шәкірті: “Бұл қылы­ғыңызды түсінбедім”, – дейді. Сонда ғұ­лама: “Ертең өлтірер болса, оқи алмай қа­ламын ғой”, – деп жауап берген екен. Біл­мегенін білуге ұмтылу Сәкеңе тән екенін ба­са айтқымыз келеді. Ұзын саны 16 курста болып, кәсіби шеберлігін же­тіл­­діріпті. Төрт­күл дүниенің төрт бұрышынан Мәс­кеуге жи­налған әйгілі оташылардан тәлім-тәрбие алып, тәжірибе алмасты.
Сәкең өмір жолына, ақыл-санасына үл­гі-өнеге болар талай асыл азаматтармен қоян-қолтық ара­ласып, өміріне үлгі етті. Құр­манғазы Омарханов, Қуан­дық Кен­же­ғұлов, Солтан Сүлейменов, Жыл­қыбай Қа­дыров, Сағындық Ақшанов, Қажтай Жү­сі­пов – соның бір парасы. Ал есімдері елі­мізге елеу­лі біртуар тұлғалармен кездесуі, ру­хани аға, пана тұтуы – өз алдына бөлек әң­гіме. Бірде Ча­пайда қызмет етіп жүр­генде учаскелік ауруханаға Көк­шетау об­лыстық партия комитетінің бірінші хатшы­сы Еркін Әуелбеков арнайы келіп, медици­на қыз­меткерлерімен, емхананың ахуалы­мен та­ны­­сып, қоштасарда не өтініш-тілек­тері барын сұ­рай­­ды. Сонда Сайлау УЗИ, ФГДС секілді қондыр­ғылар­дың тапшылы­ғын айтады. Ерекең уәдесінде тұра­ды. Мұн­дай тағылымды мысалдар аз емес.
Сайлаудың көп жылғы тынымсыз еңбегі Ден­саулық сақтау министрлігінің, Қазақ КСР Жо­ғары Кеңесінің Құрмет грамотала­ры­мен атап өтілді. “Денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісін, “Ерен еңбегі үшін”, “Ша­па­ғат” медальдарын кеудеге жар­қырата тақты. Қазақстанның үздік ауыл дәрігері кон­курсының жеңімпазы, Уәлиханов ауда­нының құр­метті азаматы атанды.
Сәкең мен Елеш жүрек жарастырып, өмірге үш ұл, бір қыз сыйлады. Әке жолын қу­ған Қуаныш Ақ­мола облыстық онкология ауруханасында қызмет етеді. Жоғары са­нат­ты оташы. Айдос – заңгер, под­пол­ков­ник, Ғабит Мүсірепов ауданының ІІБ-нің бас­шысы. Қызы Қымбат та – заңгер. Данияр – жоғары білімді мұғалім. Ағасы Сүйіндіктің балалары да аталары Әубәкірдің ұлағатты жолын таңдаған, бәрі – ақ халатты абзал жандар.
Сөз соңында 70 деген абыз жасқа келіп отыр­ған сыйлас досымызға арнаған жылы лебізімізді мына жыр шумақтарымен түйіндегенді жөн көрдік.
Даналығы шашының күмісінде,
Даралығы көрініп тұр әр ісінде.
Елу жылғы еңбектің шапағатын,
Көрген қандай көзінің тірісінде.

 

Жылқыбай ҚАДЫРОВ,
Сағындық АҚШАНОВ.
Павлодар қаласы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp