«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫЛ АЗАМАТ

Өлкемізде елін көркейту, халқының тұрмысын жақсарту үшін ғұмыр кешкен адал да абзал азаматтар аз емес. Солардың ішінде Қаттай Кеншінбаевтың есімі ерекше аталады.

Қаттай Бектасұлы 1929 жылдың 17 желтоқсанында Совет (қазіргі Аққайың) ауданындағы Қызылту ауылында туған. Сол жылы әкесі дүние салса, 1936 жылы шешесі қайтыс болады. Жеті жасар Қаттайды ағасы Дайрабай тәрбиелеп өсіреді. Ол кезде Қаттайдың үш ағасы, үш әпкесі болған екен. 1937 жылғы зұлмат бұл отбасын да шарпып өтті. Ағасы Әзімбай “халық жауы” деген желеумен атылып кетті. Оның отбасы мен апаларын да Дайрабай өз қамқорлығына алды. Сол кездегі тұрмыстың қиыншылығына қарамай, Дайрабай Қаттайды Қызылту бастауыш мектебіне оқуға берді. Одан кейін Қаттай Сарытомар жетіжылдық мектебінде оқыды. Оны жақсы үлгеріммен аяқтаса да, бір жыл тұрмыстың қиындығынан ешқайда оқуға бара алмады. Тек 1944 жылы Көкшетау қазақ орта мектебіне оқуға түсіп, оны 1947 жылы бітірді. Сол жылы Барнаулдағы Алтай ауылшаруашылық машина жасау институтына оқуға түседі. 1952 жылы осы институтты бітірген жас маман еңбек жолын сонау Сібірдегі Томск қаласында мойынтірек жасайтын зауытта цех шебері болып бастайды. 1953-1959 жылдары Томск облысының Колпашев МТС-інде механик қызметін атқарған. Көп жыл алыс жерде жүріп, елін сағынған Қаттай 1959 жылы туған өңіріне оралып, бастапқыда Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданының кеңшарлар бірлестігі тресінде бөлім меңгерушісі болып орналасады. Бірден көзге түскен білімді де білікті жас маманды облыстық партия комитеті қызметке шақырады. Сөйтіп, ол 1959-1963 жылдары облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарады. Одан кейін бүкілодақтық “Союзсельхозтехника” бірлестігіне қарасты құрылыс-монтаж басқармасын төрт жыл (1963-1967) басқарды. Сосын 1967-1969 жылдары облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасына ауысты.

1969 жылы оның өмірінде үлкен өзгеріс болды. Сол жылғы 5 қарашада КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен инженер-гидротехник Қаттай Кеншінбаев одақтық деңгейде құрылған “Союзцелинвод” тресінің бастығы болып тағайындалды. Петропавл қаласында құрылған “Союзцелинвод” тресі одақтық Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің ірі құрамдас бөлігі, үлкен өндіріс ошағы болып табылды. Ол құрамында магистральдық су құбырын пайдаланатын 14 басқарма бар және жалпы ұзындығы 84 мың шақырым су құбырлары желісінен тұратын еді. Ұзындығы 16 мың шақырым су құбырын тартқан облыс Гиннестің рекордтар кітабына енді. Сөйтіп, Қаттай Бектасұлы дүниежүзіндегі ең ұзын су құбырын тартуды жүзеге асырған атақты құрылысшы атанды. Қазақстанда екі мыңдай елді мекенге су жеткізілді. Трест бөлімшелері Қазақстанның 7 облысында орналасты. Ол ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуде өзгелерден озық тұрды. Трестің күшімен Қазақстанда елуге тарта жаңа елді мекен салынды. Тек Петропавл қаласында ғана 150 мың шаршы метр тұрғын үй, ондаған дүкен, балабақша, мектеп, дәрігерлік қосындар мен спорт залдары пайдалануға берілді. Сонымен бірге оның күшімен қалада “Водник” сауықтыру-демалыс кешені, балалардың “Балдырған” еңбек және демалыс лагері ашылды.

Қаттай Кеншінбаев басқарған “Союзцелинвод” тресі, әсіресе, Шал ақын ауданында шаңырақ көтерген “Еңбек” кеңшарына көп көмек жасады. Бұл шаруашылық Еңбек, Жаңасу, Ақсу атты үш шағын ауылдан құралды. Олардың жағдайы айтарлықтай емес еді. Мысалы, кеңшар орталығы Жаңасу ауылында небары жиырма шақты үй болды. Алдымен трестің көмегімен мұнда магистральдық су құбырлары арқылы су жеткізілді. Үш ауылға да су тартылды. Аудан орталығына қатынайтын жолдар жөнделіп, автобус жүретін болды. Кеңшар орталығында машина жөндеу шеберханасы, автогараж, мал қоралары, 464 орындық мектеп, 140 орындық балабақша, дүкен, отыз шақты тұрғын үй, т.б. нысандар салынды. Сөйтіп, кеңшарға, әсіресе, Жаңасу ауылына бұрын көшіп кеткен отбасылар қайтып орала бастады. Нәтижесінде 1981 жылы кеңшарда небары 120 жұмысшы болса, 1989 жылы оның саны 500-ден асты. 1981-1991 жылдары трестің көмегінің арқасында “Еңбек” алдыңғы қатарлы кеңшарлар қатарына қосылды.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында әке-шешесінен айрылып, панасыз жетім қалған балаларды жеке отбасына алып тәрбиелеу қозғалысы кең қанат жайған еді. Бұл іске бірінші болып қол ұшын берген Қаттай Бектасұлы болды. Ол балалар үйінен 12 бала алып тәрбиелеп отырған Дудниковтер отбасына екіқабатты коттедж тұрғызып берді. Осы отбасының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына үнемі қамқорлық жасап отырды. Оларда ет пен сүттің өздерінде болуына ықпал етті, мал ұстауларына көмектесті. Коттеджді отбасына сыйлық ретінде тарту етіп, кілтін салтанатты жағдайда тапсырды. Қаланың шет жағында тұратын олардың жүріп-тұру қиындығын жеңілдету үшін трестің атынан сужаңа “Жигули” сыйлады.

Қаттай Бектасұлы аса ірі өндіріс орнын басқара жүріп, өзі де ұдайы оқып, білімін көтеруді ұмытқан емес. Еліміздің ірі орталықтарында және шетелдерде болған кездерінде олардың озық тәжірибелерін үйреніп, оны өз әріптестерімен бөлісіп отырды. Әр жылдары Болгарияда, Бельгияда, Венгрияда, Индияда, АҚШ-та, Италияда және тағы басқа елдерде болып, олардағы сумен жабдықтау мәселелерімен танысты. “Союзцелинвод” тресін басқарған 25 жылда еліміздің өркендеуіне қосқан үлесі өте зор. Сол үшін ол үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет Белгісі” орденімен, бірнеше медальдармен, екі рет Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Оған “Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі” және “Петропавл қаласының құрметті азаматы” атақтары берілді. Есімі қаланың “Құрмет кітабына” жазылды.

Қаттай Кеншінбаев құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қарап отырған жоқ. Өзі ұзақ жыл басқарған ұжымымен үнемі байланыста болды, оның жаңа басшыларына ақыл-кеңесін айтып, жол сілтеп отырды. Трест мамандары мен қатардағы жұмысшылары да одан әр кезде тәлім алып, тәрбие көріп жүрді. Ардагер облыстың, қаланың қоғамдық жұмыстарына белсене араласты.

Артында өшпес із қалдырған асыл азамат Қаттай Бектасұлы ауыр науқастан кейін 2001 жылғы 17 мамырда өмірден өтті. Оның өндірісте ашқан жаңалықтары мен өз қолынан тұрғызған ғимараттары осы күнге дейін халық игілігіне қызмет етуде. Ол салдырған мыңдаған шаршы метр тұрғын үйлерде қала мен ауыл тұрғындары тұрып жатыр. Оның есімі әрқашан ел есінде сақталады. Өзі тұрған үйдің қабырғасындағы есімі жазылған ескерткіш тақта оған деген халық сүйіспеншілігінің айғағы.

Қаттай Бектасұлы теледидардан берген бір сұхбатында: “Мен бақыттымын. Жетімдіктің зардабын, қиыншылықты көп көрсем де, кейін халқыма адал қызмет атқардым. Оқыдым, білім алдым. Тіршіліктің көзі – су, сол сумен елді қарық қылдым. Көшелерді түзедім, үйлер салдым, дүкен, балабақша және сауықтыру кешенін тұрғыздым. Көшеде халық жылы шыраймен амандасады. Осыдан артық бақыт бар ма?! Қайсысы болсын, үлкені, кішісі, орыс-қазағы қандай көмек сұраса да, аямадым…” деген екен.

Иә, Қаттай Бектасұлы еліне, халқына адал да абыройлы қызмет етті, қайырымдылығы мен ұлылығы қатар жүрді. Биылғы 17 желтоқсанда тірі болса, ол 85 жасқа толар еді.

Қайролла МҰҚАНОВ,

білім беру саласының ардагері,

облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp