“Soltústik Qazaqstan” газетіне Арқа төсі – Арқалықтан Жәнібек Ғапбасұлы деген азамат хабарласты. Петропавл қаласында осыдан 55 жыл бұрын білім алған ол ұлағатты ұстаздарына алғыс арнамақ ойы бар екенін жеткізді. Бүгінде ақсақалдық жасқа келіп, Арқалық қалалық ардагерлер кеңесін басқарып отырған азамат солтүстікте өткен сол бір қызықты сәттерді әлі сағынатынын жасырмады. Мақалада аты аталған адамдар өмірден өтіп кетуі мүмкін, алайда, ұрпақтары оқысын деген ниетпен бұл естелікті газетке жариялап отырмыз.
Қазақтың 17 жасар қара домалақ баласымын. Сегіз жылдық мектепті таза қазақ ауылында қазақша аяқтап, ойламаған жерден Петропавл индустриялды-педагогикалық техникумының бірінші курс студенті болып шыға келдім. Оған бірнеше себеп бар. Кеңшарда жалпы білім беретін орта мектептің жоқтығынан 9-сыныпта Арқалық қаласына ауыстым, бірақ әртүрлі себептерге байланысты оқуымды жалғастыра алмадым. Себебін әкеме айтайын десем, ағайын арасына (тұрып жатқан үйіме байланысты) сына қаққандай болар едім. Сондықтан кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, жұмысшы мамандығын алмақшы болдым. Бұл мені жоғары білімді маман атанады деп жүрген әкемнің үмітіне балта шапқанмен тең еді. “Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, артқы доңғалағы да сонда жүреді, сен кейінгі бауырларыңа жол көрсетеді десем, енді сен мен үшін шіріген жұмыртқасың”, – деп әкем алғашында қатты ашуланды.
Шегінерге жол жоқ. Қалай да қателікті түзеу керек. Осы тұста Петропавл индустриялды-педагогикалық техникумына жолдама бергізген, ағалық қамқорлығын айтқан Смағұл Бейсембаев ағайға алғыс айтуым орынды болар. Оқуға түсуім де оңай болған жоқ. Мамандыққа қатысты трактор, ауыл шаруашылығы машиналары, комбайнның құрылысын мүдірмей айтып беріп, математикадан жазбашасын беске, ал ауызшасын төртке тапсырып, алып ұшқан көңілімді орыс тілінен диктантты екіге жазуым су сепкендей басты. Он ойланып, жүз толғанып, шегінерге жол жоқ болған соң сынақ комиссиясының төрайымы Ариадна Дмитриевна Михееваға жүгінуіме тура келді. Ол кісі сынақта алған жоғары бағаларыма қарап әрі ынтамды бағалап, сынақ парақшасындағы екіні үшке түзетіп берді. Төбем көкке жеткендей мәзбін. Оқуға түсуіммен құттықтаған комиссия төрайымы орысша оқитынымды ескертіп, қиындықты жеңетініме сенім білдірді. Өзі екі курс бойы сабақ беретінін жеткізіп, ұятқа қалдырмассың дегенді ашық айтты.
1965 жылдың қыркүйегі. Петропавлдағы техникумның студентімін. Таза қазақ ауылында өсіп, қазақ тілінде білім алған маған орысша оқудың қиын тигені айтпасам да түсінікті. Бірақ “шешінген судан тайынбас” демекші, сабақтан кейін түнгі сағат бір-екіге дейін ертеңгі сабаққа дайындаламын, оқимын, оқимын дегеннен гөрі жаттаймын дегенім дұрыс болар. Бір пән емес бірнеше пәнді жаттау оңайға түспеді. Өзім қатарлы орыстың балалары оқымай-ақ төрт пен бес алады, ал жеті-сегіз сағат оқыған мен үш қойса қуанатын күнге жеттім.
Қатты қиналып жүргенмін. Бірде математикадан сабақ беретін, техникумдағы жалғыз ұлты қазақ оқытушы Тұрсын Абдрахмановна Сәдуова мені сабақтан кейін алып қалып: “Әй, қу қара, неге сабақ оқымайсың? Менің сабағымды орындайсың, ал басқа сабақтарың неге нашар?” – деп дүрсе қоя берді. Апайдың қазақша сөйлегенін естігенде, өзімді әжептәуір жігіт санап жүрсем де (он жетідемін), жылап жібердім. Жылап тұрып түнгі сағат екіге дейін сабақ оқитынымды, бірақ көбіне үш, арагідік екі алатынымды айттым. Мені мұқият тыңдаған Тұрсын апайым: “Сен түсініп оқып жүрген жоқсың, егер тап осылай түсінбей жаттай беретін болсаң ұзаққа бармайсың, сондықтан мына орыстар алысса алыс, жұлысса жұлыс, ойна, көбірек аралас, сөйле, тіліңді жаттықтыр”, – деді. Мен ойын ойнап жүргенде үлгерімім төмендеп, оқудан шығарып жіберсе әкем өлтіретінін айттым. Себебі, әке әмірі талқылауға жатпайтын. Тұрсын апай: “Қорықпа, мен шығартпаймын”, – деп бөлмеден шығып жүре берді. Менің сол сәттегі қуанышымды тілмен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Көзімнің жасы сап тыйылды. Ешқандай туыстығы, таныстығы жоқ апайдың қолдауы маған қанат бітіргендей болды. Қазақтың “қанына тартпағанның қары сынсын” деуінің мәні осы шығар, сірә!
“Сенім тау қопарады” демекші, тау қопармасам да, техникумды 1969 жылы ойдағыдай аяқтап шықтым. Өмір асуларының әртүрлі белестеріне көз жіберетін болсам, Аллаға шүкір, бірталай арман асуларынан өтіппін. Техникумдық білімді місе тұтпай, институтты бітіріп, қатардағы өндірістік оқыту шеберінен, мұғалім, мектеп директоры, ауылдық кеңестің төрағасы, аудандық мәдениет, оқу бөлімдерінің басшысы, колледждің директоры, ал бүгінде Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып жүрмін.
Осынау үзіліссіз еңбек жолымда бірнеше жақсы адамдардың шарапатын көрдім. Алдымен әкемнің қатал талабы, одан кейін Ариадна Дмитриевна Михеева мен Тұрсын Абдрахмановна Сәдуова апайларымның адами қамқорлықтары, маған артқан сенімдері болмаса, менің өмір айдынындағы жолымның қандай боларын кім білсін?
“Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес” деген дана халқымның сөзі неткен асыл десеңші?! Мен өткенімді ешқашан ұмытпаймын. Сондықтан екі апайыма мың алғыс айта отырып, егер ол кісілердің Жер-Ананың төсіндегі сапарлары жалғасып жатса, дұғай сәлем жолдаймын, ал Алланың берген дәмдері таусылса, жатқан жерлері жайлы, орындары жұмақтың төрінде болсын деймін. Асыл апайларымнан тараған ұрпақтары болса, оларға да мың алғысымды сіздердің басылымдарыңыз арқылы жеткізгім келеді. Бүгінде жетпістің екеуіне келдім. Ұстаздарыма алғыс айту – менің шәкірттік міндетім, адами қарызым, көптеген жылдар бойғы санамды сан мәрте мазалаған арман-тілегім еді.
Жәнібек ҒАПБАСҰЛЫ,
Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.