Облыстық тарихи өлкетану мұражайы жанындағы “Асыл мұра” ғылыми-зерттеу орталығының құрылғанына биыл он бес жыл толмақ. Аталмыш орталықтың жетекшісі Таңат Сүгірбаевпен әңгімелескен едік.
– Таңат Айтмұқашұлы, өзіңіз тізгінін ұстаған орталықтың құрылу тарихына тоқталсаңыз…
– Кезінде, нақты айтсақ, осыдан он бес жыл бұрын осындай орталық құру жөнінде білім саласының ардагерлері Ғалым Қадыралин мен Қайролла Мұқанов бастама көтеріп, оларды өңірімізден шыққан Нағима Айтқожина, Ғазез Тәшенов, Оразгелді Баймұратов сынды академиктер және ақын Кәкімбек Салықов қолдап, сол кездегі облыс әкіміне хат жазып, өтініштерінің орындалуын сұрайды. Осылайша ел ағаларының сөздері жерде қалмай, 2001 жылы “Асыл мұра” орталығы ашылды. Оның жетекшісі болып Ғалым Қадыралин тағайындалды.
– Сөзіңіз аузыңызда, осы уақыт аралығында көптеген игі істердің атқарылуына ұйытқы болып, біраз дүниелердің жарыққа шығуына атсалысқандарыңызды білеміз. Өңірімізден шыққан еңбегі ерен, алайда, есімдері қалың жұртшылыққа бейтаныс азаматтарды таныту мақсатында атқарылған жұмыстың негізгілеріне тоқталыңызшы…
– Осы уақыт аралығында орталықта еңбек еткен азаматтардың барлығының еңбегі ерен десек, артық айтқандық емес. Өйткені, олар өзіңіз айтып отырғандай біршама жұмыстың тындырылуына септесті. Өмірдің сан саласында өз іздерін қалдырған азаматтардың еңбектерінің жұртшылыққа танылуына ұйытқы болып, өмірі мен шығармашылық жолдарын зерттеуде табандылық танытты. Орталық ашылған алғашқы жылы алты кітап жарық көріпті. Мұның барлығын құнды дүниелер деп айтпасақ та, өңір тарихының таразылануына қосылған үлес деп бағалауға лайық.
Күллі қазақтың қабырғасын қайыстырған солақай саясаттың салқынына біздің өлке тұрғындарының басым бөлігі ұшырағаны жасырын емес. Орталық қызметкерлерінің бірқатар еңбектерінен де бұл тарихи оқиға көрініс берді. Қасиетті Қызылжардан шығып, күллі қазақтың жоқтаушысына айналған Тоқсан би, Баймағамбет Ізтөлин, Мағжан Жұмабаев сынды қайраткерлердің бұрын баспа бетін көрмеген шығармалары кітап болып басылды. Шал ақын ауданына қарасты Ысқақ Ыбыраев ауылының тарихы жөнінде зерттеп, кітап құрастырған Ғалым Қадыралиннің еңбегі – бір төбе.
Он бес жыл ішінде 69 кітапты жарыққа шығарыппыз. Олардың бірегейі деп Қожаберген жырау жайлы жазылған зерттеу еңбегін айтуға әбден болады. Біз оны қазақ халқының қасіретіне айналған, тарихымыздың бетінде қара дақ болып қалған жоңғар шапқыншылығы кезінде жұртымыздың бет-бейнесін анық бейнелеген “Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді” деген өлең жолдарының авторы ретінде ғана танып келгеніміз шындық. Қожаберген бабамыздың елдің амандығы, жердің тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен батырлығы, отыз рулы елді аузына қаратқан жыраулығы, даналықпен ұштасқан шешендігі, адуынды ақындығы, көреген қолбасшылығы жайлы, тіпті, Тәуке ханның “Жеті жарғысының” жарыққа шығуына септескен тұлға болғандығын көп адам біле бермейді. Оның 350 жылдығы 2013 жылы Үкіметтің қаулысымен республика көлемінде тойланды. Көптеген ғылыми-практикалық конференциялар өтті. Мұның өзі біздің өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды. Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде қазақтың маңдайалды зиялы қауым өкілдері тоғысып, келелі әңгіменің өрбуіне біздің де қосқан үлесіміз бар деп ойлаймын. Одан өзге Шияп Садықов, Қайрөш Қоспанов, Қағида Базарбаева сынды ұлағатты ұстаздар жайлы жазылған зерттеу еңбектеріміз, естеліктеріміз көзі қарақты оқырманнан өз бағасын алып үлгерді.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Болашақтың еншісіндегі жұмыстар қыруар. Олардың негізгісі үстіміздегі жылы Болат Сағындықов басқаратын “Память” қоғамдық қоры мамандарымен бірлесіп саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы кітап құрастырмақпыз. Бұрынырақта осы тақырып төңірегінде “Ақталған есімдер” деген атаумен бір туынды жарияланған болатын. Бұл жолғы кітап көркемдігі, мазмұны жағынан сәл өзгеше болмақ. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының суреттерін табуды, әрқайсысының өмір жолын терең зерттеуді ойластырып отырмыз. Ақталған азаматтардың көзі тірі ұрпақтары жайлы, олардың ата-бабалары туралы естеліктері кітапта көрініс табады деп ойлаймыз.
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.