1 ақпанда 25 жылдық мерейлі белеске көтерілгелі отырған «Асыл мұра» орталығы туралы сөз еткенде оның іргетасын қалап, қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Ғалым Қадыралин, Қайролла Мұқанов пен Социал Жұмабаевтың еселі еңбектері ойға оралады. Кейін оқу-ағарту саласы ардагерлерінің қатарына жергілікті өлкетанушы-журналист Таңат Сүгірбаев қосылып, өндірте жұмыс істеді.
Зерттеу орталығы Қызылжар топырағынан түлеп ұшқан Кәкімбек Салықов, Ғазез Тәшенов, Аманжол Қошанов, Оразгелді Баймұратов сынды есімдері республикаға танымал ел ағаларының қолдауымен сол кездегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жанынан ғылыми-зерттеу бірлестігі ретінде құрылып, алғашқы жетекшісі болып Ғалым Қадыралыұлының тағайындалғанын жұртшылық жақсы біледі. Ағамыз сұхбаттарының бірінде: «Орталықты құрудағы негізгі мақсат – түрлі себептермен осы күнге дейін есімдері белгісіз болмаса кеңінен танылмай келген жергілікті от ауызды, орақ тілді шешендер мен билерді, шыбын жанын шүберекке түйіп, бір сүйем жер үшін арыстанша алысқан, жолбарысша жұлқысқан батырларды, басқа да тұлғаларды, ақтаңдақ тарихымыздың беттерін көпшілікке кеңінен таныстыру», – деген еді.
Көз майларын тауысып, өңір тарихын індете зерттеудің арқасында алғашқы жылы 6 кітап жарық көрді. Ал 15 жылдың ішінде 69 кітаптың тұсауының кесілуі ауыз толтырып айтарлық табыс екені талассыз. Олардың бірқатары Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың электронды жүйесіне орналастырылды. Бұдан бөлек, мерзімді баспасөз беттерінді 200-ден астам танымдық мақала жарияланды. Облыстық музейдің негізгі қорына құнды құжаттар мен фотосуреттер тапсырылды. Қожаберген жырау, Тоқсан би, Ер Есеней, Батыр Баян, Жылғара Байтоқин, Шал ақын, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Абылай Рамазанов, Жұмағали Тілеулин, Баймағанбет Ізтөлин және тағы басқалар жайлы еңбектердің шоқтығы биік. Ал «Память» қоғамдық қорымен бірлесіп, саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы шығарған «Есімдері мәңгілік есте» естеліктер жинақтары – өз алдына бір төбе.
Бұдан бөлек, Ынтымақ, Баян, Ысқақ Ыбыраев, Ақтас ауылдарының, Жамбыл ауданының тарихы, Уақ Шоға, Нұралы, Атығай, Атығай-Қарауыл, Таз Керей шежірелері сұранысқа ие болды. «Қызылжар өңірінің зиялы қауымы» сериясы ерекше жоба ретінде танылды. Жұртшылыққа ұсынылған зерттеулердің басым бөлігі өшкен тарихымызды түгендеп, ұлттық мәдениетіміз бен төл әдебиетімізді қайта жаңғырту секілді сүбелі тақырыптарға арналды. Атан түйе тарта алмас бейнет пен жауапкершілік жүгін арқалап, кәсіби адалдық пен сауаттылық танытқан өлкетанушылар тыңнан түрен салды. Тәуелсіздігімізге дейін солақай саясат салдарынан есімдері танылмай келген біртуар жерлестеріміздің беймәлім қырларын зерттеп, зерделеуде атқарған еңбектері орасан. Олай дейтініміз, республикалық, облыстық және шетел архивтерінде тың қолжазбалармен таныса, мұрағат материалдарын жинастыра отырып, нақты деректерге негіздеп жазуға ұмтылды. Орталыққа Таңат Сүгірбаев басшылық еткен жылдары да осындай игілікті істер өз жалғасын тапты.
2021 жылы «Асыл мұра» орталығының 20 жылдығы қарсаңында оның негізін қалаушылардың құрметіне мемориалдық тақтаның орнатылуын жұртшылық қуана қолдады. Ескеркіштің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде сол кездегі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов: «Қожаберген жырау, Сегіз сері, Тоқсан би бабаларымыздың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы алғаш рет «Асыл мұра» қайраткерлерінің ізденуінің арқасында естідік. Баспасөздерде Қожаберген жырау мен Сегіз серіге байланысты айтыла бастаған жаңсақ пікірлерге де бірінші болып тоқтау салған осы «Асыл мұра» қызметкерлері болатын», – десе, жиынға арнайы келген Қазақстан Жоғарғы мектебі ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай: «Ұрпақ санасын жаңғыртуға алтын уақыттарын аямаған бұл кісілердің өздері халық ардақтайтын тұлғаларға айналды», – деп ағынан жарылды.
«Асыл мұра» орталығы әлі де тарихқа, мәдениетке және сөз өнеріне қызыққан қауымға мол ақпарат беретін шаңырақ саналады. Оның қызметкерлері Ахметжан Қуантаев (жетекші), Сағындық Салмұрзин, Дәстен Баймұқанов аға буын салып кеткен жолды жемісті жалғастырып келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».