Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында тойдағы келеңсіздіктер жайында көп айтылып, жазылып жүр. Жақында облыс орталығында өткен үйлену тойында болып, жас асабаның өнеріне сүйсініп қайттым. Ағайын-туысқанмен, дос-жаранмен бірге той қызығын бөліскенге не жетсін?! Келін түсіріп, қолы ұзарған тәтеміздің де қуанышында шек жоқ. Сөйтіп, беташар айтылып, киелі қара домбырамен ақ келіннің беті ашылды. Содан соң маржан сөздің тиегін ағытқан той басқарушы бұл күні қыз алысып, қыз берісіп отырған екі жаққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жиналғандарды жарасымды әзілге қарық қылды. Сөзі салмақты асабаның өнеріне сүйсінбеген жан болмады.
Шындығында тойды басқарушы асабадан қате кетсе, тойдың берекесі қоса кетеді. Осындай жайға да куә болғанымызды несіне жасырамыз. Той аяқталуға таяп қалған кез еді. Асаба күйеу жолдасты ортаға отырғызып қойып, тұрмыс құрмаған он шақты бойжеткенді билеткізді. Ойын ережесі бойынша жолдас жігіт мың бұрала билеген қыздың ұнаған “мүшесін” қағазға жазып отыруы тиіс. Заманауи әуендер ойнап, қыздар майыса билеп барын салуда. Жігіт жолдас болса, қағазға түртіп отыр. Ал ойын соңында асаба оған билеген қыздардың ұнаған мүшесін сүю қажеттігін хабарлады. Жігіт тосылған жоқ, қағазға жазғанын хабарлай отырып, бойжеткендердің о жер, бұ жерін сүйе бастады.
Тойға жиналғандардың ішінен бір адам бұл соралыққа тыйым салып, сөз айтуға жарамады.
Әрине, ойынсыз той өтпейді. Бірақ қазақтың тойы ас ішіп, аяқ босататын қатардағы жиын емес. Тек асабалықты кәсіпке айналдырған жастар мәдениеттілікті ту етсе дұрыс болар еді. Әйтпегенде, тойдағы асабаның жүргізген ойынына не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Бірінен-бірі қызығырақ етіп өткіземін деп жүріп сәтсіз қалжыңдар айтып, анайылыққа жақын көріністерді ұйымдастыру жиілеп барады. Кейбір асабалардың ізденбейтіні, үлкен-кішіні ұятқа қалдыратыны, әбес ойынға жасы үлкен аға-апаларды қатыстыратыны көпшілікке ұнай қоймас.
Бүгінгі ойын ертеңгі күні өзге тойларда да қайталанары анық. Қайта тойда ұлттық ойындарды, той иелерін ұятқа батырмайтындай әдепті ойындар өткізсе, құба-құп. Әйтпесе, жұрт арзан сөз, орынсыз әзілден шаршағандай.
Қазақтың тойы әдемі ән, орайлы әзілімен әдемі емес пе?!
Ойрат АБЗАЛ,
қала тұрғыны.