«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫҚ АТУ — ОЙЫННЫҢ ТӨРЕСІ

Ғасырлар бойы ұлан-ғайыр жерге иелік еткен ата-бабаларымыз ұлттығымызды айғақтайтын дүниелерді бүгінгі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келді. Сол асыл мұралардың бірі – қазақтың ұлттық ойындары. Алайда, аумалы-төкпелі замандардың бірінде ұмыт болып, тек соңғы жылдары ғана қайта жаңғыра бастаған асық атудың жөні қашанда бөлек.

Бүгінгі таңда асық ату ойыны Моңғолия, Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінде жан-жақты дамуда. Тіпті, қырғыз ағайындар асық ойынын мектеп бағдарламасына енгізіп үлгерген. Ал асықты “ашых” деп атайтын тәжіктер оны ежелден төл ойындары санап, ел аумағында дамытуға талпынуда. Сондай-ақ, Өзбекстан, Түркия тәрізді бірқатар мұсылман елдерінде де асық ойыны кең тараған.
Соңғы жылдары Қазақстанда төл өнерді дамыту қайтадан қолға алынды. Қуантатыны сол, “Асық ату” федерациясы өз жұмысын табысты жүргізуде. Ресми ақпаратқа жүгінсек, бүгінгі таңда еліміздің әрбір өңірінде асық атушылардың қатары қалыңдай түскен. Атап айтқанда, Қазақстандағы жүзден астам үйірмеде үш мыңға жуық балғын ұлттық ойынмен шұғылданады. Бұған қоса, бірнеше облыста арнайы орталықтар ашылған.
Қызылжар өңірінде төл ойынымыздың дамуына үлес қосып жүрген азаматтың бірі – “Асық ату” федерациясы облыстық филиалының жетекшісі Ағжан Сұрағанов. Оның айтуынша, бүгінде бұл спорт түрінен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар.
– Бүгінгі таңда ата-бабаларымыздан қалған тарихи мұраны жаңғырту мақсатында жасөспірімдер мен жастар арасында насихат жұмыстары жүргізілуде. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы төл ойын түрін жаңғыртуға ден қойып отыр, – дейді Ағжан Жайықұлы.
Қазіргі уақытта Петропавл қаласында төрт және аудандарда он төрт асық үйірмесі бар. Онда екі жүзге жуық ұл-қыз төл өнердің қыр-сырын меңгеруде. Әр үйірмені білікті жаттықтырушылар басқарып отыр. Асық ату ойынына қажетті құрал-жабдықтар да жеткілікті. Балалардың арасында шеберлігімен көзге түсіп жүргендер де аз емес. Камила Сәуірбаева, Ильвира Губайдулина, Алтынай Совет, Әсемгүл Асқарова, Арайлым Құрметбек, Әйгерім Байғужинова – бапкерлердің айтқанын екі етпей орындап, жеңіске жету жолында табандылық танытып жүрген оқушылар. Осы балғындар Тараз қаласында асық атудан екінші орынды иеленсе, Ақтөбе қаласындағы “Ақ бидай” республикалық сайысында “бес асықтан” жеңімпаз атанған. Қарағанды және Қызылорда облыстарында өткен ел біріншіліктерінде ұл-қыздарымыз екінші орыннан көріне білген. Жеңіске деген ынта-ықыласы, ұмтылысы еселене түскен жерлестеріміз жуырда облыс орталығындағы Спорт сарайында асық атудан жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде де сәтті өнер көрсетті. Атап айтқанда, бұл сайыста солтүстікқазақстандық бұрымдылар командасы екінші орынды иеленді.
Бас бапкердің айтуынша, ұлттық ойындардың әрқайсысы да адам көңілін көтеретін ойын-сауықтық рөл атқарумен қатар дененің шынығуына, ептілік пен күш-қайраттың қалыптасуына, ақыл-ойдың жетілуіне әсер етеді. Егер асық ату ойыны ұлдардың қырағылығын қайрап, ойлау қабілетін арттырса, “бес тас” қыздарды шапшаңдыққа, ширақылыққа баулып, ептілікке үйретеді.
– 2017 жылы Оңтүстік Кореяда өткен үлкен жиында қазақтың ұлттық ойындарының арасынан асық ату “ЮНЕСКО”-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Бұл – зор мәртебе. Ұлттық ойынның төресі саналатын асық ойынына мемлекет барынша назар аударып, оның әрбір аймақта жандануына ықпал етсе, құба-құп. Ұлттық рухты көтеретін төл ойындарымыздың жер-жерде жиі ойналуы үрдіске айналып, дәстүрлі турнирлер өткізіліп тұрса, асығымыздың алшысынан түскені болар еді, – дейді Ағжан Жайықұлы.
Қазіргі уақытта жергілікті асықшылар тамыз айында Павлодар облысында ардагерлер арасында өтетін ел біріншілігіне дайындық үстінде. Кейін қазан айында ересектер арасында өтетін чемпионатта өңір намысын қорғайтын болады.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp