«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСҚАР ТАУ АЛАСАРМАСЫН

Жақында Бурабайда “Әке – от­басының тірегі” атты IV республикалық әкелер форумы өтті. Онда әке беделін арттыру, балалардың бойында патриотизм мен адам­гершілік-рухани құнды­лықтарды қалыптасты­руда­ғы әке рөлі тақырыбында ой-пікір­лер айтылып, отбасы инс­ти­тутын нығайту жолдары са­раланды. Белсенді азаматтар от­басының беріктігін сақтау­да өз тәжірибелерімен бөлісе ке­ле, жастардың санасына отба­сы туралы құндылықтарды, оның қадір-қасиеті туралы ма­ғыналы дүниелерді көбірек сі­ңіру керектігіне тоқталды. 

Бүгінгі таңда елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының бірінші кезеңі іске асырылуда. Тұжырымдамада ба­ла тәрбиесіне қатысты ата-ананың жауапкершілігін арттыру, соның ішінде әкелер институтын дамыту және үлгілі отағасыларды насихат­тау мәселесі алға қойылған. Осы мақ­сатта елімізде 70-тен астам бел­сенді әкенің басын бір арнаға тоғыс­тырған “Әкелер одағы” қоғамдық бірлестігі құрылды. Оның мүшелері форум барысында аталмыш мәселе төңірегінде жүргізген зерттеулерін таныстырды. Мәселен, өңірлерде әке­лердің алимент төлемеуі, бала тәрбиесіне немқұрайды қа­рау фактілері жиі кездескен. Форум қатысушыларының пікірінше, мұн­дай жағдайдың қалыптасуына көбі­не­се нәзік жандардың өздері кінәлі. Жиынға қатысқан психолог Жанар Талдыбаева ерлі-зайыптылар отба­сын­дағы өз орнын анықтап алмай, үйде үйлесімділік пен тұрақтылық ор­намайды деген пікірде. Өкінішке қарай, соңғы уақытта от­ба­сындағы әкелер рөлі төмендеп кет­ті, бала тәрбиесі тек әйелдің ғана ша­руасы сияқты көрінеді, ер адам­дар бұл істен сырт қалып жатады. Ал бұл өз кезегінде жас жігіттердің өз жауапкершілігіне жүрдім-бардым қарауына әкеліп соқтырады. Соның сал­дарынан бүгінде көптеген қыз-келін­шектер балаларын жалғыз өздері тәр­биелеп отыр. Бала үйінде анасының тәрбиесін алады, мектепте тағы да әйел мұғалімнің өнегесін көреді. Осыдан барып қыз мінезді, қиындыққа шыдамай морт сынатын ынжық бозбалалар көбею­де. Статистикалық мәліметтерге на­зар аударсақ, қыздарға қара­ғанда суицид фактілері ер балалардың арасында жиі кездесіп отырғаны да ойландырмай қоймас.

Жиын барысында біздің өңірдің өкіл­дері бала бойындағы тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруда әкенің рөлі жоғары екенін алға тартты. Соны­мен қатар әріптестерімнің пікірінше, бала тәрбиесінде, отбасының мық­ты болуында ата-әжелердің алар ор­ны ерекше. Форумда ай­тылған осы және өзге де мәселелер­ді қамтып, алдағы күн­дері “Парасат” мектеп-лицейінде әке­лер форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі жас ұрпақ ертең ел­дің тізгінін ұстайтынын ескеретін бол­­сақ, бала тәрбиесі, отбасы мә­селесі сияқты тақырыптар күн тәрті­бінен түспеуі тиіс. Әкелер фору­мында отбасында, қоғамда жақсы іс­терімен көзге түскен ер-азаматтар­ды таныстырып, алдағы уақытта олар­дың қатысуымен түрлі семи­нар­лар өткізбекпіз.

 

Қалел МӘДЕНОВ,
“Парасат” мектеп-лицейі

жанындағы әкелер

одағының төрағасы.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp