«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСҚАҚТАТАМЫЗ ДЕП АЛАСАРТЫП АЛМАЙЫҚ

Қазақта не көп, той көп. Соның бірі – мерейтой. Есімдері елге белгілі тұлғалардың 60,70,80 жасқа толған қуаныштарынан бөлек, олардың дүниеге келген, өмірден озған күндерін де ел-жұрт болып атап өтуді әдетке айналдырып алдық. Бұл аз де­сеңіз 25, 30-ға толғандар да қуа­нышын жұртпен бірге айрықша тойлауға әуестеніп барады.

Қайсібір жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың туған күнін атап өтуге қатысты: «Мерейтой барысын­да ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық ара­сында дәріптеуіміз керек», – деген бола­тын.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасына орай жер-жер­лерде жақсы жобалар қолға алы­на бастады. Алайда мерейтой­лардың мән-мағынасы, көзде­ген мақсаты өзгере қойған жоқ. Тұлғалар туған күндерді бәйге, көкпар, айтыс, одан қалды эстрада жұлдыздарының қатысуы­мен өтетін гала-концерттермен байланыстырып, халықты қай­талана беретін бағдарламамен мезі қылудан әрі аса алмай ке­леміз.

Қызылжар өңірінен ғұмыр­ларын қазақтың бақытты бола­шағы жолына арнаған ардақты­лар аз шықпаған. Дүниеден озып кетсе де, халық жүрегінде сақталған жандардың 90, 100, 120, 125, 130 жылдық мерейтой­лары кеңінен аталып өтіп жүр. Сондай іс-шараларда байқайты­нымыз, мерейтой иелерінің ет­кен еңбегі, атқарған қызметі, қалдырған мұрасы, салған ізі, тындырған ісі көп жағдайда кө­мескіленіп, көлеңкеде қалып қояды да, ұйымдастырушылар­дың абыройы асқақтай түседі. Мерейтойдың мақсаты – тұғы­ры биік тұлғалардың жүріп өт­кен жолдарын жас ұрпаққа үлгі-өнеге қылу емес пе?

Қалтасы қалың азаматтар арасында өздерінің ата-бабала­рына арнап жиын өткізіп, ас бе­ретіндер көп. Құрметке бөленіп жатқан марқұмдардың қатарын­да балаларын асырау мақсатын­да ғана жұмыс істеп, отбасының тату өмірі төңірегінде ғана тірлік еткендер бар. Есесіне қо­ғамдық жұмыстарға білек сыба­на кірісіп, мемлекет ертеңі үшін аянбай тер төккен небір игі жақ­сыларымыздың ерен еңбегі, із­деушісі жоқтықтан болар, ақын Мұқағалиша айтсақ, «шаң бас­қан архивтерде жатыр».

Жуырда өңірімізге келген саясаткер Дос Көшіммен осы тақырып төңірегінде әңгімеле­судің сәті түсті. Оның айтуын­ша, тұлғаның мерейтойын атап өту әдебі елдің кешегісімен са­бақтасып тұрғанда ғана өз мис­сиясын орындайды. Бюст қою, көшеге атын беру, алаң ашу – бұлардың ешқайсысы о дү­ниелік болған аруақтарға пайда тигізбейді, өзіміздің жас ұрпақ алдындағы мәртебемізді биікте­ту үшін ғана жасалып жатқан дү­ние. «Қазақ қайтқан адамның сыртынан ешқашан жаман сөз айтпаған. Керісінше, мақтап, мадақтаған. Біз атап өтіп жүрген мерейтойлардың көбінің фор­маты бір-біріне ұқсас: дәріптейміз, әлеуметтік нысандардың біріне атын береміз. Бұл қате. Тұлғаны жастар санасында жаң­ғырту үшін оның ел үшін еткен еңбегін негізгі аргументке ай­налдыра білуіміз керек», – дейді Дос Көшім.

Тұлғаның мерейтойы – ұлтқа ортақ ұлағат. Мұндай тойларда асыл азаматтың ерлік істері, ат­қарған сан-салалы қызметі үлгі ретінде айтылып, қоғамға кеңі­нен дәріптелуі тиіс. Мерейтойға шақырылған меймандардың да мақсаты ас ішіп, аяқ босату емес, жиналған қауымның жаны жадырардай естеліктермен бөлі­су. Өкініштісі, соңғы кездері мұндай қасиеттен ажырап бара жатқандаймыз. Смағұл Сәдуақа­сов, Ғалым Малдыбаев, Сафуан Шаймерденов, Кәкімбек Салықовтардың мерейтойларына орай өткізілген іс-шаралардың басы-қасында жүріп, сырттан келген меймандармен емен-жа­қын пікірлескен едім. Әрине, олардың барлығына бірдей то­пырақ шашудан аулақпын, алайда біразы мерейтойлары аталып өтіп жатқан тұлғалардың өмірбаянынан хабарсыз болып шығады. 2022 жылы Сафуан Шаймерденовтің мерейтойына орай өткізілген айтысқа қатыс­қан үш ақын қаламгердің бірде-бір шығармасын оқымағанын айтты. Сол ақындардың бірі сах­нада көр-жерді сөз етіп, жүлделі орындардың бірін еншіледі. Жа­ным ауырды. Сөз додасы аяқ­талғаннан кейін оған не айта­рымды да білмедім. Құттықтауға арым жібермеді. Ақын Ғалым Малдыбаевқа арналған конфе­ренция қатысушыларының ара­сында жерлесіміздің қандай ең­бектері бар екенін сұрап жатқан­дар табылды.

– Айтулы тұлғалардың 75, 100, 125 жылдық тойлары мем­лекеттік деңгейде міндетті түрде тойлануы керек. Оған ешкім қарсы бола қоймас. Ал 50, 60 жылдық мерейтойларды отбасы, туыстар арасынан асырмаған жөн деп санаймын. Қоғамда мақтаншақтық тенденциясы бе­лең алып бара жатқандай. Неге десеңіз, еске алу іс-шараларының көбінде бос сөз көп айтылады. Тұлғаның туғанына қанша жыл толғаны емес, ұлт рухания­тына салған олжасы маңызды рөл атқарады, – дейді жазушы-журналист Жақсыбай Самрат.

Мерейтой мерзімі жақында­са болды, көз көргендерді түген­дейтін әдет қалыптасып келе жатқанын да жасыра алмаймыз. Жуырда Сәбит Мұқанов атын­дағы облыстық ғылыми-әмбе­бап кітапханада ақын Әмина Шалабаеваның 110 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Баяндама жасағандар қа­ламгердің ғұмырдариясының бетін ғана қалқып айтып, оның шығармашылығына, қазақ әде­биетіндегі алар орнына терең бойлаған жоқ. Сөз сөйлеген­дердің кейбірі ақынның бауыры Ерік Асқаровтың балалық шағы­на шолу жасап кетті. Кештің негізгі мақсаты жиналғандарға Әмина апамыздың қазақ әде­биетіндегі рөлін жеткізу еді.

Ардагер ұстаз Гүлшат Рама­занованың айтуынша, әр адам­ның өмірден алар өз орны бар. Алайда жөн білмейтіндердің кесірінен тұлғаларды асқақтата­мыз деп, қалай аласартып алға­нымызды байқамай да қаламыз. «Мерейтой өткізудің өз талапта­ры болуы керек. Қазір мұны қа­дағалап жатқан ешкім жоқ. Кі­тапханада ұйымдастырылатын іс-шаралар қаздың балапанда­рындай бір-бірінен аумайды», – дейді ол.

Мерейтойларды өткізу бары­сында асыра сілтейтініміз де жалған емес. Бір жерлесімізді ұлықтаймыз деп тәулік бойы конференция, спектакль, бәйге, айтыс, күрес өткізіп, жиналған жұртшылықты әбден мезі қыла­тын жағдайлар да кездеседі. Ұлт­тың бағы үшін туған кейбір ұлы тұлғаларды ұлықтауға келгенде сараңдық танытатынымызды да бүгіп қала алмаймыз. Мәселен, былтыр қазақтың ардақты ғалы­мы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы атаусыз қалды. Мұ­ның өзі мерейтойларды өткізуде бірізділік пен ортақ талаптың жоқтығын көрсетеді. Әлде ала­лаушылық па?

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp