Қазақ айтысы жаңа биікке көтеріліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген өткен ғасырдың 80-ші жылдары өңірлер арасында командалық айтыс ұйымдастырылып, талай жыр жүйріктері аламанның шаңын көтеріп, ұлттық өнердің тұғырын биіктете түскен еді. Осы оң бастама бүгін де жалғасын тауып, Қазақстанның 20 аймағының өнер майталмандары бір-бірімен сынға түсуде.
Былтыр бастау алған ауқымды жоба ережесіне сай командалар өзара сайысып, жеңіске жеткені келесі кезеңге жолдама алады. Іріктеу нәтижесінде барлық қарсыласынан басым түскен өңірдің командасы айтыс бәйгесін еншілейді. Бүгінге дейін Қызылжар мен Өскемен өңірлерінен басқа командалардың бәрі сыннан өтіп, басым түскендері келесі кезеңге жолдама алып үлгерген. Өнер бәйгесінің алғашқы айналымын түйіндеу үшін шығыс пен солтүстіктің өнерпаздары Қызылжарда бас қосып, өнер жарыстырды.
«Береке басы – Наурыз» атты командалық сайысқа қатысушылар сүре, түре, қайым, қыз бен жігіт айтысы мен дәстүрлі ән, терме, жыр, күй сынды өнер түрлерінен бақ сынады.
Айтыстың басында облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысушыларға сәттілік тілеп, өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтау хатын оқып берді.
Айтыстың тізгінін ұстаған ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай бұл жолғы шараның жөні бөлек екенін айтты.
– Бүгін ұлттық өнердің сән-салтанатты көші Қызылжарға келіп жетті. Бағзы ғасырлардан бері қазақтың сүйегіне сіңген қазынамыз – асқақтаған ән, шалқыған жыр, құйқылжыған күй, тәлімі терең терме және бекзат өнеріміз айтыс. Осы өнердің майталмандары бір атаның бес баласындай сахнаға шықты. Қазақтың ұлық болмысын айқындаған төл өнеріміздің туы қисаймасын деп тілейміз. Қазақтың қай төріне барсақ та өзінше қасиетке толы. Соның ішінде кешегі Қожаберген жырау, Сегіз сері, Шал ақынның шалқар мекені, Мағжан Жұмабаевтың жыр төгілген қастерлі төрі, Ғабең мен Сәбеңнің, Сафуанның кіндік қаны тамған қызырлы Қызылжарға келгенімізге қуаныштымыз. Құстың қос қанатындай, еліктің екі жанарындай болып екі команда ел алдына шықты. Бұл мен жеңемін деп жаға жыртысатын емес екі өңірдің өнері жарасатын кеш. Құшағына талай тектілерді сыйдырған ел екі өңірді де алаламай, қолдайды деп сенеміз, – деді Аманжол Әлтай.
Сайыстағы әр өнер түріне қазылар алқасының төрағасы, ақын Жүрсін Ерманмен қатар сол саланың майталман мамандары баға берді. Айтыс өнерін ақын Серік Қалиев, Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Оңалбаева бағаласа, жыршы-термешілерге Алмас Алматов, күйшілерге Тұрар Әліпбаев, дәстүрлі әншілерге Айтбек Нығызбаев сынды елге белгілі аға буын өкілдері ұпай көтерді. Ережеге сай айтыскер ақындарға ең көбі 30, қалған өнерпаздарға 20 ұпай беріледі. Ұпай саны бойынша басым түскені келесі кезеңге жолдама алады. Өскемен командасын Серік Құсанбаев бастап шықса, қызылжарлықтарға Қайырлы Ғафуров жетекшілік етті. Бәйгенің басында екі жақтың да бала ақындары сахнаға шығып, өз командасын таныстырды.
Сүре айтыста қызылжарлық Жұмабек Рахимов пен өскемендік Ардабек Ақбаба өнер жарыстырды. Екеуі де сүре айтыстың табиғатына сай толғамды жыр айтып, кеңінен көсілді. Жыр сайысында өңір намысын Мейрамгүл Здуалиева қорғады. Ол сахна төріне осы күні ұмыт болып бара жатқан «Айсары-Шорман» жырын алып шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
–Шығыс пен теріскейдегі жыршылық өнер қандай күйде екен деп алаңдап жүр едік. Жаңағы орындалған екі жырдың, мақамның ел ішінен алынғанына қуанып отырмын. Алдымызда өнер көрсеткен екі орындаушыға да жоғары баға береміз, — деді белгілі жыршы Алмас Алматов.
Түре айтыс бойынша шығыстық Қуандық Еркінұлы мен қызылжарлық Қабдолла Бейісхан сынға түсті.
Қыран болсақ ағасы бірге ұшайық,
Ақын болсақ тек алтын жыр құсайық.
Көрерменге көрікті жыр арнасақ,
Көңілдегі кетеді кірді шайып.
Ақсүйек өнерімді жасанды деп,
Біздерге тағып жүр ғой бір кісі айып.
Түре айтыстың ұстанып ережесін,
Тірі айтыс жасауға тырмысайық, – деп қарсыласына дем берген Қабдолла да, Қуандық та көрерменді разы қылды.
Түре айтыстың ережесіне сай ақындар қысқа-нұсқа жауаптасып, 1-2 шумақпен сөйлеуі керек. Екі ақын да оңтайлы жауаптасып, аз уақытта сөз тауып, жоғары бағаға ие болды.
–Түре – айтыстың ең қиын түрінің бірі. Екі ақын да түре айтыстың жақсы үлгісін көрсетті. Бірі таразы басын басып бара жатса, екіншісі соны теңестіріп отырды. Бұл жұптың сөз барымтасы көңілден шықты, – деді қазылар алқасының мүшесі Серік Қалиев.
Бұдан соң сахна төріне көтерілген Асхат Ғалеев пен Ерасыл Ринатов та көрерменнің делебесін қоздырып, күй тартыстың көркін қыздырды. Одан кейінгі қыз бен жігіт айтысында Жарқын Жұпархан мен Гүлжан Ықылас жыр жарыстырды. Ал дәстүрлі ән бойынша Біржан Есжан мен Қуаныш Оралбаев өнер көрсетті.
– Екі әншіні де әншіліктің жеті қыры бойынша бағаладық. Ашығын айту керек, Қуаныш Оралбаев камералық әнші болса, Біржан Есжан дауысы кең өнерпаз. Қазақтың қара өлеңі мен халық әнін классикалық деңгейге көтеріп, кәсіби әншіліктің негізін салған Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай екенін жақсы білеміз. Осы сал-серілердің әнін тарту еткен Біржан Есжанның басым екені көрініп тұрды, – деді баға беруші Айтбек Нығызбаев.
Қайым айтыста шығыстық Серік Қуанған өзінің бабында екенін көрсетті. Термешілер Аян Сәдуақасов пен Тоймырза Абашев та тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Бұл жолғы ән, жыр, күй, терме сайыстарының ерекшелігі — қатысушылар барынша жергілікті туындыларды орындауға тырысты.
Командалық өнер бәйгесінің қорытындысы бойынша бір ұпай артық жинаған Солтүстік Қазақстан облысының командасы жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды. Енді жергілікті өнер өкілдері сәуір айында Қызылжар төрінде Астана командасымен сайысатын болады.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.