Ел Тәуелсіздігінің ең басты белгілерінің бірі – оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздерінің болуы. Рәміздер елдің тәуелсіздігін алуы, мемлекеттік шекарасын айқындап, төл теңгесін шығаруы сияқты аса маңызды егемендік сипаттарымен біте қайнасып жатыр. Елдіктің нышанын насихаттау ісі мәдениет және мұрағаттар мекемелері үшін де ерекше мәнге ие.
Аспан түсті Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Гимніміз – баға жетпес құндылықтар. Оларға қарапайым халықтың құрметін қалыптастыру, жас ұрпақтың санасына отаншылдық сезімді ұялату аға буынның басты мақсаты, перзенттік парызымыз болуы керек. Бұл орайдағы ұдайы жүргізілетін тәлімдік, тәрбиелік, үгіт-насихат жұмыстары балабақша мен мектептен бастау алып, кітапханалар мен мұражайда жалғасып келеді.
Оқырманы көп кітапханаларда жыл он екі ай мемлекеттік рәміздерге қатысты кітап көрмелері, стендтер ұйымдастырылуда. Мәселен, облыс орталығындағы Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада “Арман мен үміт нышандары” атты кітап-суретті көрме бар. Онда геральдика тарихына, еліміздің мемлекеттік рәміздерінің құрылуына қатысты материалдар мен әдебиеттер қойылған. “On-line көрмелер” атты Мемлекеттік рәміздерге арналған бөлім кітапхана сайтында орналастырылған.
Мемлекеттік тілді үйрену үйірмелері сабақтарының Гимнді айтудан басталатыны да қазақстандықтардың жүрегінде өз еліне деген сүйіспеншілік сезімін дамытары анық. Мемлекеттік рәміздерге қатысты сұрақтар емхтихан билеттеріне де енгізілген. Себебі, елдегі әр азамат өзі мекен еткен мемлекеттің рәміздерін жатқа білуге міндетті.
Мемлекеттік рәміздерді қолдану арқылы отансүйгіштікке баулитын жастар форумдары мен акциялары кең өріс алуда. Мемлекеттік рәміздерді ток-шоу, кездесу кештері, байқаулар мен сауалнамалар арқылы насихаттау міндетін де жастар абыройлы атқарып келеді.
Мемлекеттік мекеменің маңдайшасына көк Туымызды қадаған соң оның түсі өңіп кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын бақылауға міндеттіміз. Мұрағат және мәдениет мекемелерінің қасбетінде және ондағы басшылардың кабинетінде мемлекеттік Елтаңба мен Туды орналастыру талапқа сай орындалуда. Барлық мұрағаттарда Мемлекеттік рәміздерге арналған стендтер мен “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін пайдалану ережесі” туралы плакаттар орналастырылған.
Жыл сайын мәдениет мекемелері мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерге арналған есте қаларлық ауқымды шараларға белсене қатысып келеді. Мұндай шаралар кезінде ел Тәуелсіздігінің басты нышандары төрден орын алады.
Мемлекеттік рәміздерді әйгілеуді басты бағыттарының біріне айналдырған өңірдегі мұрайжайлар да тақырыптық экскурсиялар, фотокөрмелер, мұражай сабақтары мен дәрістер ұйымдастырады. Атаулы күн қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы Тұңғыш Президент залында экскурсия өткізіліп, “Мемлекеттік рәміздер” тақырыбында мұражай сабағы өтпек. Ал Абылай хан резиденциясында “Айқын Елтаңбам, биік Туым, асқақ Гимнім” атты интерактивті іс-шараны ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Биылғы жылы Мемлекеттік рәміздер күнінде Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ақпараттық мінбер, көрме-таныстыру ұйымдастырылса, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасында “Ту. Елтаңба. Гимн – әр қазақстандықтың мақтанышы” атты танымдық кеш өтеді.
Ресми және өзге де іс-шараларды ұйымдастыруда барлық мәдениет мекемелері тиісті заңдармен реттелетін мемлекеттік рәміздерді талапқа сай әрі ерекше құрметпен қолдануы қажет.
Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеудің тамаша үлгілерін көрсетіп, оны ата салт-дәстүрлерімізбен сабақтастырсақ, бұл да біздің мемлекетімізге, ұлтымызға, елдігімізге қосқан үлкен үлесіміз болмақ.
Рүстем ЕЛУБАЕВ,
облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы.