«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСҚЫНДЫРМАҒАН АБЗАЛ

Өңірде мыңнан астам адам колоректальды обырмен диспансерлік есепте тұр. Өткен екі айда қатерлі ісік жаңадан 27 адамда анықталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көбірек.

Колоректальды қатерлі ісік – бұл тоқ және тік ішектің әртүрлі бө­ліктерінің қатерлі ісігі туралы жал­пы түсінік. Онкологиялық ау­ру­лар­­дың ішінде бұл патология жайын­да ақпарат аз, сал­дары­нан сырқаттар арасында дерт жайында түрлі алып-қашпа әң­гіме көп, бұл олардың қорқыны­шын еселей түседі. Бірақ қазір ерте диагностиканың заманауи мүмкін­діктері нәтижесінде қа­терлі ісік ауруын ем­деуге болады.

Әлемнің дамыған елдерінің статистикасына қарайтын бол­сақ, колоректальды обырмен ауырған­­дар саны өсіп келеді. Жал­пы Ав­стралия мен Жаңа Зелан­дияда, Еуропада және Солтүстік Амери­ка­да ауру көр­сет­кіші ең жоғары, ал Африка мен Орталық және Оң­түстік Азияда ең төмен. Бұл айыр­ма­шылық ішкен та­мақ­тың ерек­ше­ліктеріне, жаман әдеттерге, эко­логиялық фактор­ларға және ге­не­тикалық бейімді­лікке байла­нысты болуы мүмкін. Көп жағ­дайда обыр ер адамдар арасында өкпе мен ас­қазан қа­терлі ісі­гінен кейін, ал әйелдерде сүт безі мен тері қа­терлі ісігінен кейін 3-ші орында ке­леді. Диагноз қойылғаннан кейін ал­ғашқы жылы өлім-жітім жоғары, себебі науқастар дәрігерге алғаш рет жү­гінген кезде обыр III-IV са­ты­сында болады.

Колоректальды қатерлі ісіктің пайда болуына ішектің қабыну аурулары – ойық жаралы колит, Крон ауруы әсер етуі мүмкін. Ішек­­тің қабыну ауруы басталған­нан кейін шамамен 8-10 жылдан кейін ол обырға ұласады. Коло­ректальды қатерлі ісік 40 жасқа дейін сирек кездеседі, бірақ әр онжылдықта қауіп арта түседі. Жалпы сырқаттардың басым бөлігі – 60-75 жастағылар. Онко­логия­лық аурудың дамуына әсер ететін фак­тордың бірі – майлы тағамды көп тұтыну, рационда көкөністер мен жемістердің аз болуы. Семіздік те колорек­тальды қатерлі ісік ауруы­ның даму қаупін шамамен 1,5 есе артты­рады. Алкогольді шамадан тыс тұ­тыну және темекі шегу де обырға әкелуі мүмкін.

Колоректальды қатерлі ісікті скрининг арқылы ерте сатысында анықтауға болады. Скринингтік диагностика негізінен ауруы мүм­кін, яғни қатер тобына жататын­дарға немесе аурудың нақты бел­гілері жоқ сырқаттарға жүргізіледі.

Бірінші кезекте скринингтен туыстарының арасында тоқ ішек­тің немесе тік ішектің қатерлі ісігі, ішектің аденомасы және қабыну аурулары бар адамдар өтеді. Олардың ауру жұқтыру қаупі екі есе жо­ғары.

Колоректальды қатерлі ісік көп­ке дейін білінбеуі мүмкін. Тоқ ішек пен тік ішектің ісіктері баяу өседі және алғашқы белгілер пайда бол­ғанға дейін ұзақ уақыт өтеді. Симптомдар ісіктің орна­ла­суына, түріне, таралу дәреже­сіне және асқынуларына байла­нысты. Мұндай ісік пациентке кө­рінбейді және сезілмейді, ол айтарлықтай мөлшерге дейін өсіп, жанындағы орган­дарға метастаз бергенде ғана пациент ыңғай­сыздықты, ауырсы­­нуды сезіне бастайды, нәжісте қан пайда болады.

Көбінесе сырқаттар дәрігерге асқазан, өт, бауыр, ұйқы безі функцияларының бұзылуынан бо­латын асқазан-ішек жолдарының ауруына шағымдануы мүмкін. Ісік­тен қан кету әдетте көзге көрін­бейді, салдарынан анемия пайда болып, науқас таңертеңгі әлсіздік пен шар­шау­ға шағымданады.

Колоректальды обырдың ерте кезеңінде кей науқастардың жал­пы жағдайы нашарлайды, қаназ­дық, әлсіздік, кейде дене температурасының жоғарылауы байқалады. Бұл белгілер көпте­ген ауруларға тән, дегенмен де­реу дә­рігерге қаралған жөн. Бұдан бөлек, шаршау, ентігу пайда болып, өң бо­зарса, ұзақ іш қатып немесе диа­рея тыйылмаса, іш жиі ауыратын болса, нәжісте де­фека­циядан кейін қан көрінсе – бірден дәрігер­ге қаралу қажет.

Колоректальды қатерлі ісік хирургиялық жолмен метастаз­дық ауру белгілері жоқ науқас­тар­дың 70-95 пайызында емделуі мүмкін. Хирургиялық емдеу ба­рысында ішектің бөлігі ісікпен бірге жергі­лікті лимфа аппаратымен алынып тасталып, кейін ішектің ұштары бі­ріктіріледі, бұл табиғи дәрет алу қабілетін сақтайды. Тік ішектің қа­терлі ісігінде операцияның көлемі ісіктің анустан қаншалықты қа­шықтықта орналасқанына байла­нысты. Егер тік ішекті толығымен алып тастау қажет болса, ішекті шығару үшін іштің алдыңғы қа­быр­ғасында хирургиялық жолмен те­сік – ко­лостома жасалады, ол ар­қылы нәжіс сыртқа шығары­лады.

Егер науқастарда бауыр ме­тастаздары болса, хирургиялық емдеудің қосымша әдісі ретінде метастаздардың шектеулі санын алып тастау ұсынылады. Бұл опе­рация егер бастапқы ісік то­лы­ғымен жойылса, бауыр метастазы бауырдың бір бөлігінде болса және бауырдан тыс метастаздар бол­маса жасалады. Ко­лоректальды қатерлі ісікті емдеудің тиімді­лігі науқастың ауру­дың ерте саты­сын­да дәрігерге қаралуымен бай­ла­нысты. Сол кезде ғана заманауи емдеу әдіс­терін барынша пайдалануға және жақсы нәти­жеге қол жет­кізуге мүмкіндік бар.

30 наурыз күні облыстық онко­логиялық орталықта ашық есік күні өтеді. Тұрғындар дәрігер ке­ңесін алып, ультрадыбыстық зерттеуден өтеді.

Вячеслав БЕЛОВ,

облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың онколог дәрігері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp