«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ СӨЗ

Төле би

Бір үйдің баласы болма,

Көп үйдің санасы бол.

Бір елдің атасы болма,

Бар елдің данасы бол.

Бір тонның жағасы болма,  

Көп қолдың ағасы бол.

Ақты ақ деп бағала,

Қараны қара деп қарала,

Өзегің талса, өзен бойын жағала,

Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.

Өзіңе-өзің кәміл бол,

Халқыңа әділ бол,

Жауыңа қатал бол,

Досыңа адал бол.

***

Атадан ұл туса игі,

Ата жолын қуса игі.

Өзіне келер ұятын,

Өзі біліп тұрса игі.

Жаудан бұққан немені,

Ортасына қуса игі!

***

Арғымақ баптап не керек,

Жабы қуып жеткен соң

Ағайын-туған не керек,

Аңдысып күні өткен соң.

Бес күн жалған өтеді,

Ажал қуып жеткен соң.

Бір төбенің басына

Тыға салып кеткен соң.

“Сөйле, Төке” дейсіздер,

Жастар бар ма тыңдайтын?

Бұрынғыдай жұрт қайда,

Айтатын оны біз қайда?..

Қазыбек би

Бір бала бар –  

Атадан жете туады.

Бір бала бар –

Атадан өте туады.

Бір бала бар –

Кері кете туады!

***

Өркенім өссін десең,

Кекшіл болма –

Кесапаты тиер еліңе.

Елім өссін десең

Өршіл болма,

Өскеніңді өшірерсің.

Басына іс түскен пақырға

Қастық қылма –

Қайғысы көшер басыңа.

Жанашыры жоқ жарлыға

Жәрдемші бол асыға.

Қиын-қыстау күндерде

Өзі келер қасыңа.

Бүгін сағы сынды деп,

Жақыныңды басынба!

***

Алтын ұяң – Отан қымбат,

Құт берекең – атаң қымбат,

Аймалайтын анаң қымбат,

Мейірімді апаң қымбат.

Асқар тауың – әкең қымбат,

Туып-өскен елің қымбат,

Ұят пенен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат.

Әйтеке би

Ашу деген ағын су,

Алдын ашсаң, арқырар.

Ақыл деген дария,

Алдын тоссаң, тоқырар.

Кісі бірге туыспау керек,

Туысқан соң сөз қуыспау керек.

Сөз қуған бәлеге жолығады,

Жол қуған олжаға жолығады.

***

Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,

Батыр болсаң, жауға найзаң тисін.

Бай болып елге пайдаң тимесе,

Батыр болып жауға найзаң тимесе,

Елден бөтен үйің күйсін!..

***

Бүркіт бол, заманыңыз түлкі болса,

Бай болар кедей жігіт мүлкі болса.

Жақсылардың белгісі сол емес пе,

Қара қылды қақ жарған әділ болса!?.

***

Суалмайтын суат жоқ,

Тартылмайтын бұлақ жоқ.

Тамыры суда болса да,

Уақтысы жеткенде,

Қурамайтын құрақ жоқ.

Дүние деген фәни бұл,

Панасы жоқ, тұрақ жоқ.

Баласы жоқта, мият жоқ,

Бәрінен де сол қиын,

Түнде жанған шырақ жоқ,

Артта қалған тұяқ жоқ,

Шүкіршілік етіңіз!

 (Материал ғаламтордан алынған).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp