«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАКӘСІПТІ ЖАНДАНДЫРҒАН АҒАЙЫНДЫЛАР

Тимирязев ауданындағы Жарқын ауылы күре жолдан 20 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Онда 98 отбасы түтін түтетуде. Олардың арасында ауылдан алыстамай, заман ағымына орай қосалқы шаруашылықтарында мал өсіріп, мемлекеттің қолдауына қол жеткізіп отырғандар аз емес. Солардың қатарында ағайынды Әбдірахмановтарды да атауға болады. Тепсе темір үзетін үш жігіттің бүгінгі тірліктері ата жұртынан қоныс аударғысы келмейтіндерге үлгі боларлықтай.

Дмитриевка ауылдық округіне қарайтын Жарқын елді мекенінің алып жатқан жері қайың мен қалың шілік аралас өскен орман алқаптарына және құнарлы жайылымдықтарға бай екен. Әсіресе, биылғы ылғалды жылы орман маңындағы шүйгін шөп белуардан келеді. Осының өзі-ақ мал ұстаймын дегендердің мүмкіндігі мол екенін аңғартқандай.

Жолбасшымыз – ауылдық округтің әкімі Талғат Есләмовтің айтуына қарағанда, ағайынды Бақыт, Мұрат және Бауыржан Әбдірахмановтар қатарластары сияқты қала жағаламай, 2005 жылдан бері қосалқы шаруашылықтарында еділбай қойын, қара мал мен жылқы өсіріп, соңғы жылдары оларды асылдандыруға баса назар аударып отыр. Шаруа қожалығына отбасының кенжесі Бауыржан жетекшілік етеді.

Жазғы мал фермасының қасына келіп тоқтаған жеңіл машинадан түскен Бауыржан Социалұлы амандық-саулықтан кейін:

– Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігіне сапарлап бара жатырмыз. Таяуда аталмыш агроқұрылымнан асылтұқымды 2 бас ангус бұқасын 860 мың теңгеге сатып алғанбыз. Бір килограмм тірілей салмаққа нарықтық бағамен 1 мың теңгеден төледік. Қымбат емес. Сатып алған бұқалардың құжаттарын, анализдерін облыстық мекеме сұратып жатыр. Бүгінгі сапар – соның қамы. Қотанымызда қазіргі уақытта үш ангус бұқасы бар. Табиғи жолмен екі-үш жыл бойы асылтұқымды бұзаулар алып, етті асылтұқымды мал санын көбейтсек пе деген ниетіміз бар. Бұл тұрғыда Е. Мәмбетов басқаратын шаруашылықтан үйренеріміз көп екен. Репродуктор шаруашылықтың атқарып жатқан жұмыстары үлгі тұтарлықтай. Біз де сол серіктестік сияқты ангус тұқымына басымдық берсек пе дейміз, – деп шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыра бастады.

Ағайынды жігіттер 2006 жылы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” арқылы 3 млн. 300 мың теңге кредитке қол жеткізіп, 22 бас қазақтың ақбас сиырын, еділбай қойларын сатып алған көрінеді. Бес жылдың ішінде мал өсімі арқылы банк кредитінен құтылып, 5 млн. теңгенің екінші кредитіне 35 бас жергілікті қара мал алыпты. Осы жылдары ауыл іргесіндегі орман алқабына жақын маңнан 10 гектар жер өрісін кеңейтуді ниет еткен шаруа қожалығына жалға беріліпті. Оған өздерінің күшімен 70 басқа арналған мал қорасын салыпты.

– Тағы да малдың өсімімен екінші кредитті өтеп жатырмыз. Ол 2017 жылы аяқталады. Жаңа мал қорасын кепілдікке қойып, алдыңғы жылы 7 жыл мерзімге 4 млн. 800 мың теңгенің үшінші кредитін алдық. Осы қаржының арқасында қотанымызға 37 бас ірі қара мен 1 ангус бұқасы қосылды. Бүгінгі күні фермамызда 72 бас сиыр мен 3 ангус бұқасы, 400 еділбай қойы, 30-дан астам жылқы өсірілуде. Сөйтіп, етті мал өсіруге басымдық берген жайымыз бар. Осының бәріне мемлекеттің қолдауы, нақтырақ айтқанда, “Сыбаға” бағдарламасы жағдай жасап отыр. Ауылдық округтің әкімі, өз еліміздің тумасы Талғат Есләмов ағамыз сүтті сиырлар өсіруге кеңес беруде. Бұл да ойланатын шаруа. Қызылжар ауданындағы “Петерфельд-Агро” ЖШС-нің сүт фермасы жайлы хабардармыз. Күн сайын сүттен “тірі” ақша тауып отырғандығын да естіп жатырмыз. Осы іспен айналысу үшін екінші қораны салып алуымыз керек. Ол да қосымша қаражатты қажет етеді, – дейді Бауыржан Социалұлы.

Шаруа қожалығында өздеріне тиесілі 114 гектар егістік алқап, 269 гектар жайылымдық жер, “К-700”, “МТЗ-1221”, “КУН” қондырғысы орнатылған “МТЗ-80” тракторлары, “Енисей” комбайны бар екен. Алты тонналық тіркеме қораптар өз алдына.

Істің тетігін білетін кәсіпкер мал азығын дайындайтын техниканы сақадай сай етіп алған. Польшалық роторлы шөп машинасы мен орама шөп тайлайтын прессжинағышты Ресей Федерациясының Омбы қаласынан қолжетімді бағаға өткен жылы сатып алыпты. Солардың арқасында ауылдан ұзамай-ақ мал қорасы жанындағы шабындыққа биыл шалғы салыпты. Шөптің бітік өскені тайланған шөптің көптігінен де байқалады.

– Қазірдің өзінде шамамен 200 тоннадай орама шөп әзірледік. Тек оларды қыстаққа тасып, бір жерге үюге үлгере алмай жатырмыз. Жылда 1,5-2 жылдық шөп қорын дайындаймыз. Бұған қоса өткен жылдан қалған бір мая шөбіміз және бар. Биыл пішен жағынан қысыла қоймаймыз. Өзіміздің егістік алқабымызды биыл толығымен парға қалдырып, басқа шаруа қожалықтарымен келісім бойынша өзімізге жететіндей аралас дақылдар еккенбіз. Сондықтан ауа райы қолайлы болып, сол алқапты толығымен жинап алсақ, жемсіз бола қоймаспыз деген ойдамыз. Қытымыр қысқа осылай әзірленіп жатырмыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы.

Кең алқапта еркін жайылып, оттап жүрген малдардың күйі де жақсы екен. “Мал баққанға бітеді” деген осы болса керек.

– Біз баққан малдың өнімімен күн көріп отырған жандармыз. Ағайынды үшеуіміз таң атқаннан күн батқанға дейін осы малдардың қамымен жүреміз. Бәріне үлгере алмайтын болғандықтан, ауылдан екі бақташы жалдағанбыз. Оларға да ай сайын еңбекақы төлеу керек. Биыл жүз шақты қойды сойып, қаладағы базарға өткізуді жоспарлап отырмыз. Тек қойлардың терісі мен жүнін іске асыра алмай отырғанымыз қинайды. Бұрынғы кездегідей бұлдап алушылар да жоқ. Сондықтан оларды далаға шығарып тастауға мәжбүрміз. Мемлекеттік сатып алу бағдарламасы бойынша сататын қара малдың бір басына Үкімет тарапынан 24 мың теңге көлемінде демеуқаржы берілетін көрінеді. Осының өзі біз сияқты шаруа қожалықтарына көрсетілетін зор қолдау емес пе?! Соған орай тиісті құжаттарымызды рәсімдеп, кемінде 30-35 бас қашар мен бұқашық өткізуді ойластырып қойдық, – деді орта білім алғаннан кейін болашағын ауылмен байланыстыруды түбегейлі шешкен Бауыржан Әбдірахманов.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp