
Елімізде ет экспортын жандандыру мақсатында қолға алынған “Сыбаға” бағдарламасы қарапайым халық үшін кәсіпкерлікпен айналысуға зор мүмкіндік тудыруда. Біздің облысымызда да аталмыш бағдарлама арқылы несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтардың қатары жыл санап көбейе түсуде. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Әнуар Иманбаев.
Күнкөрісі малмен етене байланысқан ата-бабаларымыз төрт түлікті түлетіп, атакәсіпке бетбұрғандар бүгінде аз емес. Құралай ауылының тұрғындары да мал бағып, ірі қара санын көбейтуде. Кезінде атасымен бірге шөп шауып, қысы-жазы мал бағып өскен Әнуар Иманбаевқа ауылдағы тіршілік ешбір таңсық емес. Қорасында бұған дейін 5-6 сиыр мен бірнеше жылқы, азын-аулақ қой ғана болған. Дегенмен, нарық талабына сай шаруашылықты ірілендіруді ұйғарған.
Әнуар Иманбаев бізге әуелі қорадағы малын көрсетіп, кәсіпті қалай бастағанын әңгімелеп берді. “Сыбаға” бағдарламасының игілігін көріп, қорасын малға толтырған таныстарына қызыға да, қызғана қараған ол бұл бағытта бағын сынап көруге бел буады. Алдымен, жеке қаражатына трактор, тіркеме және тырма сияқты техника сатып алып, үйінің жанынан қора салады. Қысқамерзімді оқу курсынан өтіп, сертификатын алады. Қолынан келетін іс екенін түсініп, өзінің мүмкіндігін бағамдаған азамат 2015 жылы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы арқылы 4 миллион теңге несиеге қол жеткізу үшін өтініш береді.
– Мен – мал шаруашылығын дамытуда “Сыбаға” бағдарламасының көмегі мол екеніне көз жеткіздім. Берілген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, 30 сиыр сатып алдым. Мал кейін төлдеп, саны артты. Суыққа төзімді, тез салмақ жинайды. Ең бастысы – уақытында ветеринарлық іс-шараларын жүргізіп, бақылап отырса болғаны. Ендігі жерде мал санын арттырып, шаруашылығымды кеңейткім келеді, – дейді Әнуар Иманбаев.
Ауыл тұрғындары жыл он екі ай бойы бел жазбай жұмыс істейді. Қорадағы мал саны артқан соң Әнуардың да жанына тыным жоқ. Әрине, осыншама ірі қараны бағып-күту бір адамның қолынан келмесі анық. Бұл орайда кәсіпкерге ағасы Әлімжан мен інісі Нұрлыбектің көмегі зор. Мал бағудың ауыртпалығын жақсы білетін олар бауырларына қашан да қол ұшын созады. Теріскейдің қысы қатты, сондықтан, қараша айының соңынан сәуір айының басына дейін ірі қараны қорада ұстайды. Шөп пен жем мәселесі толығымен шешілген. Малды қыстан шығынсыз алып шығу үшін жыл сайын 30-50 тіркеме шөп шабылады. Бұған жыл сайын бағасы қымбаттайтын жарма мен жемді қосыңыз. Сондықтан “Қыстың қамын жаз ойла” демекші, жаздыгүндері ағайындылар бір жылдық мал азығын дайындауға жұмылады. “Мал баққанға бітеді” деген осы болса керек.
Отбасы өндірген сүтті әр литрін 75 теңгеден аудан орталығындағы “Пальчик” жеке кәсіпкерлігінің май цехына өткізеді. Ауыл тұрғыны үшін бұл да бір табыс көзі.
– “Көз – қорқақ, қол – батыр” деген ғой. Қорадағы малдың басын арттыруға мүмкіндік беретін бағдарламалардың ауыл тұрғындарына көмегі зор. Мемлекеттік қолдаудың арқасында отбасылық жағдайын түзеп, атакәсіпті қолға алатын азаматтардың қатары қалыңдай түсуіне тілектеспін, – дейді шаруа сөз соңында.
Әнуар Иманбаев зайыбымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Петропавл қаласындағы әскери бөлімде еңбек етсе, қызы облыс орталығындағы медициналық колледжінің студенті.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Ә.Иманбаев шаруашылық басында.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.