Биыл ел болып Жеңістің 70 жылдығын дүрілдетіп тойлап, ортамызда жоқ ардагерлерімізді еске алдық, көзі тірілеріне құрмет көрсеттік. Ел алдында жүрген ардагерлердің арасында менің де аталарым болса ғой деген өкініш бар. Менің қос атам соғыс ардагерлері еді.
Әкемнің әкесі Сұлтанмахмұт Бекмұхаметов 1916 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Бесқарағай ауданындағы №2 ауылда болыстық бидің отбасында дүниеге келген. 1930 жылдары атамның отбасы сталиндік қуғындауға ұшырап, Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болады. Сол жақтан бауыры Жауқан екеуі соғысқа аттанады. Алғашқы уақытта ағайындылар бірге болғанымен, кейін тағдыр оларды екіге айырады. Атам 1941 жылдан 1946 жылға дейін 813-ші батальонда, 68-ші атқыштар полкінде, 40-шы кавалерия полкінде, 32-ші механикалық полкте жауынгерлік міндетін атқарды. Ауыр жарақаттанса да, майдан шебінен кетпей, Австрияға дейін барды. “Қызыл Жұлдыз” орденімен, медальдармен марапатталды. 1946 жылы елге оралған атам бауырының 1942 жылы Сталинград түбінде із-түзсіз жоғалғанын естиді. Сол себепті атам балаларына соғыс кезінде көрген қиыншылығын айтпайтын. Бауырының, ағайындарының, қатарластарының соғыста қаза табуы атамның жүрегінде жазылмас жара болып қалды. Бейбіт өмірде жүргізуші, жол құрылысында механик-шебер болып, тынбай еңбек етті. “Ұлы бардың өзі бар, қызы бардың ізі бар” демекші, атам бес ұл тәрбиелеп өсірді. Ол 63 жасында, соғыста алған жарақаты сыр беріп, содан қайтыс болды. Ал ұлдары әкелерінің атына кір келтірмей, адал еңбек етті, ауылдастарына сыйлы.
Анамның әкесі, яғни нағашы атам Әлкен Бөкенов 1925 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Ново-Карповка ауылында дүниеге келген. Соғысқа 18 жасында аттанған атам Севастопольдегі ұрысқа қатысты. Одан кейін танк дивизиясының құрамында Украинаның елді мекендерін жау басқыншыларынан азат етті. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін нағашы атамды Манчжурияға жібереді. Бұл жерде жапон басқыншыларымен сол жылдың қыркүйек айына дейін соғысады. І, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Жапонияны жеңгені үшін”, “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін” медальдарымен марапатталған.
Майданнан жеңіспен оралғаннан кейін атам жүргізуші, сүт тауарлары фермасында меңгеруші болып қызмет атқарды. Елдің сыйлы ақсақалы болды, аудандық ақсақалдар кеңесіне төрағалық етті. Мейірімді, ықылас таныта білетіндігі үшін ауылдастары қатты құрметтейтін. Әжем Мапруза екеуі 11 бала тәрбиелеп, одан 29 немере, 10 шөбере сүйді. Тылдағы еңбегі де еленіп, “Еңбек ардагері” сынды медальдармен марапатталған. 1982 жылы нағашы атам Мәскеуде өткен соғыс ардагерлерінің слетіне қатысты.
Бүгінде аталарымның артында қалған ұрпақтары әкелері жайлы естелікті жаңғыртып отырады. Осы орайда отбасымызда атадан балаға мұра болып қалатын жәдігерлер ұқыпты сақталуда.
Қоғам да ардагерлердің ерен еңбегін ұмытпайды. Осы орайда Байтуған ауылындағы саябақта ардагерлердің аты-жөні жазылған ескерткіш қойылып, білім алған мектебімде Даңқ мұражайы ашылды. Естелікті жаңғыртатын осындай шараларды көрген кезде соғыстан кейін бірнеше жылдан соң туған ұрпаққа, яғни өзімізге: “Біз соғыс жайлы не білеміз? Жеңістің қадірін түсінеміз бе? Жеңістің мәнін келер ұрпаққа жеткізе аламыз ба?” деген сауалды жолдағым келеді. Жауап тек біреу – біз жадымызда сақтауға міндеттіміз.
Гүлдана БЕКМҰХАМЕТОВА,
Солтүстік Қазақстан көлік прокурорының көмекшісі.