«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАМА ҰҚСАҒЫМ КЕЛЕДІ

Құрметті, балалар, “Солтүстік Қазақстан” газетіне биылғы жылы 95 жыл толды. Осыған орай газет мектеп оқушылары арасында байқау жариялаған болатын. Оған қатысушылар басылым туралы ой-толғамдарға құрылған шағын шығарма жазуға тиіс еді.

Бүгін таңдау қалалық классикалық гимназияның 2-сынып оқушылары Нұралы Нұрмұханбет пен Темірлан Ережепке түсті.

Газетте балалар арасында байқау жарияланғаны жөнінде маған анам айтты. Үйде газетті атам мен әжем оқиды. Атам – Есіл ауданындағы Алабие ауылында туған. Қазір Петропавл қаласында тұрады. Оның аты-жөні Нұрмұханбет Қапаров. Ал әжем – Ғалия Қапарова.  

Бірде атамнан: “Ата, сіз газет оқуды ұнатасыз ба?” – деп сұрадым.

– Әрине. Газет оқуды мектепке барған күнімнен бастадым. Оның үстіне ол кезде газет оқымасаң, бәрінен құр қалатындай көрінетінсің. Мамандығым ауыл шаруашылығымен байланысты болса да, өмір бойы газет, кітап оқудан қол үзбедім. Жас кезімде “Ленин туы” (қазіргі “Солтүстік Қазақстан”) газетін, “Жұлдыз” журналын оқыдым. Менің анам ауылда ұзақ жылдар бойы пошташы болып қызмет етті. Бұрын ауыл-ауылдарға хат тасып, пошташы болу құрметті мамандық деп саналды. Анам газет, журнал, хат, жеделхат, түрлі төлем қағаздарын, зейнетақы жеткізетін. Қазіргі кезде сендерге хабарласу оп-оңай. Телефон, интернеттерің бар. Менің заманымның интернеті де, телефоны да пошташы еді. Дүниенің жаңалығын газеттен оқып, хат-хабар алып, ағайын-туыстың амандығын біліп, мәре-сәре болдық.

– Ата, сіз анаңызға газет таратуға көмектескен боларсыз?

– Поштаны күнде тарату оңай шаруа емес. Анама әкем екеуіміз көмектесетінбіз. Сөмкесі ап-ауыр болатын. Бірақ адамдардың қуанғанын көргенде шаршағаныңды ұмытатынсың. Кешке үйге оралғанда анам ыстық пешке күлше нан пісіретін. Ол күлшенің дәмділігін көрсең?! Иісін әлі де сезетіндеймін. Бір тілімін қолмен үзіп алып, сары майды ыстық нанның үстіне жағып жеген қандай?! Әлі есімде, қолымыз босай салысымен үйдегілер бір-бірімен жарыса газет оқитынбыз. Бірінші оқып, өзгелерге айтқымыз келетін. Мен газетпен дос болғалы биыл 50 жыл. Сондықтан да мен үшін газет өте қымбат.

Нұралы НҰРМҰХАНБЕТ,

қалалық классикалық

гимназияның 2-сынып оқушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp