«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАМЕКЕНДІ АҢСАП КЕЛДІК

Ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын Алтайдан – Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін жалғасып жатқан кең-байтақ атырапты көру арманым еді. Орманы мен тоғайы, шөлі мен көлі, тауы мен қыраты, ойпаты мен жазығы қабаттаса өрілген сұлу көрініске не жетсін?! Туған жердің топырағынан қастерлі құндылық бар ма? “Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары” демекші, терең тамырлы тарихы бар туған жерге деген сағыныш мені атамекенге жетелеп әкелді. Жусаны жұпар шашқан даланың ауасын жұттым-ау, әйтеуір.

Алыста атажұртын аңсаған біз үшін Отанға оралу көптен күткен қуаныш болатын. Бұл арманымызға біз 2005 жылы қол жеткіздік. Үлкендердің айтуынша, арғы аталарымыз көшіп-қонып жүргенде Қызылорда өңірінен Өзбекстан шекарасына ауып, сол жақта тұрақтап қалған. Кейін қазақ халқы түрлі нәубетке тап болып, қиын-қыстау шақ туады. Сондықтан елге оралуға мүмкіндік болмайды. Ел егемендікке қол жеткізіп, етек-жеңімізді жинап, оң-солымызды таныған тұста Отанға оралу туралы ой келді. Өйткені, өткен ғасырдың 90-шы жылдары қазақтардың тарихи Отанына оралу мәселесі үкімет деңгейінде шешіле бастады. Соның арқасында қаншама адам Отанына оралды. Құдайға шүкір, тәуелсіз елге бет түзеген көш әлі де жалғасын табуда. Еліміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің тұғыры болған Ата Заңның арқасында шетелден көшіп келген қандастарға барынша жағдай жасалды. Әуелі қаракөздерімізді тұрғын үймен қамтамасыз етуге, олардың жергілікті ортаға бейімделуіне баса назар аударылды.

Біз Өзбекстанның Навои облысына қарасты Үшқұдық ауданы, Мыңбұлақ ауылында тұрдық. Бізден бұрын ағайынымыз Тайынша ауданына қоныс аударған соң, мен де бес баламмен осында келуді жөн көрдім. Содан бері Чкалов ауылында тұрамыз. Оған да он бес жыл өткен екен. Зымыраған уақыт. Туған жермен қауышуға көңіл алып ұшса да, көкейде үрей мен қорқыныштың болғанын несіне жасырайын. Бөтен ортаға сіңісіп кету де оңай шаруа емес. Бірақ мұндағы жұрт бізді жатсынған жоқ. Керісінше, құрақ ұшып, қолдау көрсетті. Әсіресе, мемлекеттің қамқорлығы шексіз еді. Сол жылы тұңғышым М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де дайындық курсынан өтіп, мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Өзім техника тілін жетік білген соң ауылдағы жауапкершілігі шектеулі серіктестікте тракторшы болып еңбек еттім. Аштан өліп, көштен қалған жоқпыз. Әйтеуір, бірлі-жарым мал ұстап, отбасының ұйытқысын, шаңырақтың шаттығын кіргізген жарыммен балапандарымызды өсіріп, ержеткіздік.

Ата Заңымызда азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Әрі орта білім алу міндетті болып саналады. Конституцияда көзделгендей, туған жерге көшіп келген соң жергілікті әкімдік төрт баламды мектепке орналастырып, жан-жақты қолдау көрсетті. Тұрғын үй сатып алуға қомақты қаржы берді. Соның арқасында біз өзіміздің баспанамызға қол жеткіздік. Құдайға шүкір, балаларым – қазір жоғары білімді азаматтар. Бүгінде олар егемен еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, әр салада табысты еңбек етуде. Өмірдің қиын белесі мен тайғанақ өткелінде көмек көрсетіп, қолтығымнан демеген мемлекетке дән ризамын. Сол жақсылықты ұмыту мүмкін емес.

Әр ата-ана үшін баланың қызығы мен жетістігін көру үлкен бақыт емес пе? Зайыбым екеуміз өзімізді бақытты ата-ана санаймыз. Төрт қызым да тұрмыс құрып, өз алдына бір отбасы болса, “арпа ішінде бір бидай” демекші, жалғыз ұлым қолымызда тұрады. Жас кәсіпкер ретінде оған да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау ерекше. Өткен жылы Чкалов ауылында шағын дәмхана, дүкен ашты. Егер үкіметтен қолдау болмаса, біз мұндай жетістікке қол жеткізбес едік деп ойлаймын. Кез келген мәселе Ата Заң аясында шешімін тауып жатқанына қуанамын.

Қандай қиындық көрсем де, Отаныма оралғаныма ешқашан өкінген емеспін. Тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сенім артқан бейбіт те берекелі елде тұрып жатқанымызды мақтан етеміз. Бастысы ынтымақ пен бірлік бар. Сәбилеріміздің ұйқысы тыныш болса, одан артық не керек?! Ата-бабаларымызға арман болған азаттықта өмір сүру – үлкен бақыт. Осы бақыт мәңгілік болса екен деп тілеймін.

Қарасай ЖҮСІПОВ.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp