Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын Түмен облысында тұратын қазақтар да мерекеледі. Арамызды шекара ғана бөлетін бауырларымыз айтулы күні атамекенге жол тартыпты. 13 мың түмендік қазақтың ыстық ықыласын жеткізген “Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы” қоғамдық бірлестігінің президенті Есенғали Ибраев шетте жүрген бауырлардың жыл бойы ұлы мерекені ұлықтап, түрлі шаралар ұйымдастырғанын айтты.
– Түмендегі қазақтар тарихи Отанымыздағы әр мерекені атап өтуді дәстүрге айналдырған. Осыдан бес жыл бұрын Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен біздің қоғамдық бірлестік арасында әріптестік қарым-қатынас орнады. Содан бері Қазақстанмен байланысымыз нығая түсуде, – деді Есенғали Ибраев.
Алыстан ат терлетіп келген құрметті қонақтардың алдында “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева Абайдың әндерін орындаса, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов Есенғали Ибраевқа “Қазақстан халқы” энициклопедиясы мен Алғыс хат табыс етті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.