Елімізге қауіп төнгенде менің туған атамның ағасы Сәбит Қалиұлы да соғысқа қатысыпты. Ол 1925 жылы қазіргі Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылында туған. Естуімізше, атам соғыс басталған кезде Қызылжардағы мұғалімдер курсында оқып жүрген екен. 1943 жылы 18 жасында әскерге алынып, Самарқанд қаласында 9 ай әскери оқу-жаттығуды аяқтағаннан кейін майданға жіберілген екен. 1944 жылы Шығыс Пруссияның Кенигсберг қаласында қан майданда болып, сол жердегі ауыр шайқаста қаза тауыпты. Бұл шайқаста біздің 500-дей сарбазымыз жауға қарсы шығып, олардың 450-і қаза болыпты.
Менің туған-туыстарым майдангер атамыз туралы хабарсыз болды. Біз бұл ақпаратты осыдан он жыл бұрын, Жеңістің 60 жылдығына орай атамызбен бірге соғыста болған бір ардагердің «Солтүстік Қазақстан» газетінде жариялаған мақаласынан оқып, білдік. Оған дейін ешкім ардагер атамыз туралы ешқандай дерек білдірмеген. Тек хабар-ошарсыз кетті деген “қара қағаз” ғана келген. Атамыздың әкесі Қали марқұм өмірінің аяғына дейін баласынан бір хабар келер, тым болмаса, өлсе, сүйегін жерлеген жері табылар деп, үміттеніп тосумен бұл дүниеден өткен. Зұлмат соғыс кімді сүйген жарынан, туған-туыстарынан, бауырлары мен балаларынан айырмады? Отан үшін отқа түсіп, жастайынан мерт болған атам небәрі 19 жаста ғана еді. Өзім көрмесем де, Отан үшін жанын берген батырлардың қатарынан табылған атамның ерлігін естіп, мақтан тұтамын.
Соғыс уақытында елін аңсап, туған-туысқандарын сағынып жазған өлеңі ғана естелік болып, жадымызда мәңгілік қала берді.
Қарындаш, ақ қағаз бен қолға алайын,
Азырақ бір қиял сөз жазайын.
Қатесі азын-аулақ болса егер,
Сөкпеңдер туып-өскен, ауыл-ағайын.
Дәм айдап елден шықтым ұзақ сапар,
Ала алмай алаңдаймын елден хабар.
Көре алмай әкежанды кете бардым,
Ісіне бір Алланың не амал бар?
Шашып еді бізге алтын Күн де нұрын,
Бір күні Гитлер душар болды зұлым.
Гитлердің күлін көкке ұшыруға
Шақыртты Отан-Ана қарулы ұлын.
Ерлердің ел қорғайтын бірі менмін,
Атысуға, шабысуға дайын тұрмын.
Бермеймін өле-өлгенше сүйем жерді,
Қолымда қаруым бар, кімнен кеммін?!
Жазайын білгенімше, аямайын,
Көргенше хош болыңдар, барша ағайын.
Бәрің де біздің үйге көз болыңдар,
Тапсырам, одан басқа не жазайын.
Дастан САҒИТОВ,
Айтуар негізгі мектебінің
9-сынып оқушысы.
Жамбыл ауданы.