Қазақстан Республикасы Үкіметінің өткен жылғы 24 желтоқсандағы қаулысына сәйкес облыс орталығындағы №20 қазақ орта мектебі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің есімімен аталатын болады. Бұл жайында С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Астана, Көкшетау және Орал қалаларының ономастика саласының мамандары қатысқан өңірлік семинарда әңгіме өрбіді.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған семинар “Ономастикалық жұмыстарды жүргізудің заңнамалық негіздері” тақырыбына арналды.
Жиынды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов ашты. “Тәуелсіздік жылдары мыңға жуық білім мекемелері, мәдениет, спорт және басқа да елді мекен мен жер-судың тарихи атаулары қайтарылды. Сонша елді мекендердің транскрипциясы дұрысталды. Елімізде отаршыл заманды еске алатын, тілдің өзіндік заңдылығын, табиғи үндестігін бұзып тұрған атаулардың 80 пайызы ауыстырылды. Дегенмен, ономастикалық саясатты босаңдатуға болмайды”, – деді баяндамашы тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің бас сарапшысы Елерке Төреханова.
Өңіріміздегі ономастикалық жағдай турасында әңгімелеген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Ернияз Сұлтановтың айтуына қарағанда, егемендік алған жылдары облыс бойынша 11 ауданның атауы өзгертілгенімен, атаулары отаршылдық, тоталитарлық сипаттағы елді мекендер әлі де аз емес. Осы жылдар ішінде Есіл және Мамлют аудандарында бірде-бір елді мекеннің не атауы, не транскрипциясы өзгерген жоқ.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.