«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАУЛЫ КӨМЕКТІ МЫҢНАН АСТАМ ОТБАСЫ ЗАҢСЫЗ АЛҒАН

Үстіміздегі жылдың өткен тоғыз айында облыста 5054 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Бір отбасы үшін берілген орташа төлем сомасы 75,9 мың теңгені құраған. Биыл бюджеттен атаулы әлеуметтік көмек үшін 2,3 миллиард теңге қарастырылған. Соның 1,6 миллиард теңгесі игерілген. Мұндай қолдау шаралары көптеген отбасының тығырықтан шығуына оң ықпал еткен. Әйтсе де, қулықтарын асырған кейбір азаматтардың жөнсіз әрекеті орталық комминикациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері туралы жаңа заң жобасы таныстырылғанын айтты.
– 2020 жылы атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілі енгізіледі. Басты ұстаным – мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету. Мемлекет бірінші кезекте көпбалалы отбасыларға көмектесетін болады. Жұмысқа қабілетті азаматтар еңбек етуі тиіс. Бұл орайда Үкімет азаматтарға жұмысқа орналасуға және шағын кәсіпкерлікпен айналысуға қолдау көрсетеді. Кешенді қолдау шаралары үш бағытта жүзеге асырылады, – дей келе6 Азамат Темірболатұлы заң жобасына сәйкес келесі жылдан бастап көпбалалы отбасылар үшін республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы төлеу ұсынылып отырғанын айтты. Бұл жоба бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа толмаған көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан 42 мыңнан 72 мың теңгеге дейін мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі. Жәрдемақының нақты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қарай өзгереді.
Жаңа жобаның екінші бағыты бойынша атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған, сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға төленеді. Атаулы әлеуметтік көмек күнкөріс минимумының 70 пайызы деңгейінде сақталады. Атаулы әлеуметтік көмектің басты шарты отбасындағы жұмысқа жарамды адамдардың барлығы еңбек етіп, отбасы үшін жауапты болуы керек. Егер отбасындағы еңбекке жарамды азаматтар жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек төленбейді.
Ал соңғы бағыт бойынша аз қамтылған отбасылар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндері бар отбасыларға балалар тағамы мен гигиеналық заттар беріледі. Сонымен қатар, оқушылар мектепте ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, жолақы шығыны өтеліп, мектеп киімі мен қажетті заттарға ие болады.
Отырыста облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаева мемлекеттік жәрдемақыны төлеу отбасының табысына тәуелді болмайтынын және барлық көпбалалы, яғни төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға төленетінін жеткізді. Оның айтуына қарағанда, атаулы әлеуметтік көмек төлеуде учаскелік комиссияларға талап күшейеді.
Бүгінгі таңда біздің өңірімізде жеті мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Ал өңірде мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған. Соның бүгінде он пайызға жуығы ғана үкіметке қаржыны кері қайтарған. Ал ақшаны өз еркімен кері қайтарудан бас тартқан азаматтарды сотқа тарту көзделіп отыр.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp