«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАҒЫ АЛАШҚА ЖАЙЫЛҒАН АБЫЛАЙ

Қазақстандық ғалым-зерттеушілердің міндеті – уақыттың тасасында ұмыт қалып бара жатқан асыл мұраларды жарыққа шығару. Әсіресе, қазақ қоғамында елеулі істер атқарған тұлғаларға қатысты табылған әр дерек құнды. Өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандандыру мақсатында қолға алынған “Рухани жаңғыру” мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихшыларымыз зерттеу жұмыстарын жандандыра түсті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Мұқановамен әңгімеміз де осы бағытта өрбіді.

– Қасиетті Қызылжар өңірінде өмір сүрген, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялысы Абылай Рамазанов жайында зерттеу жұмыстарын жүргізгеніңізді естідік. Жұрт осы Абылайды біле ме?
– Алаш қайраткерлерінің бірі Абылай Рамазановтың өміріне тереңірек үңілу мақсатындағы зерттеу жұмыстарымыз оның туып-өскен жері Шал ақын ауданынан басталды. Бұл азамат жайлы интернет беттерінен мынадай жұтаң ақпарат табылды: “Рамазанов Абылай, ұлты қазақ, 1871 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Төңкеріс ауданының №1 ауылында туған. Білімі: сауатсыз. Тұтқынға алынғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысы, Сергеев ауданының №4 ауылында тұрған. 1929 жылдың 20 мамырында оны Төңкеріс ОГПУ өкілдері абақтыға алып кеткен. Алқа шешімімен А.Рамазанов сол жылдың 14 қыркүйегінде үш жылға өзге елге жер аударылған. 1997 жылы ақталған”. Белгілі алашордашы Абылай Рамазановтың өміріне қатысты өзге де ақпараттар жинастыру мақсатында Шал ақын ауданында орналасқан қыстауын іздедік. Бұл сапарға қайраткердің ұрпағымен бірге аттанғанымды атап өткен жөн. Қыстауда кезінде Абылай Рамазановтың мұрындық болуымен салынған мектеп болған екен. Ұрпағының айтуына қарағанда, ескі зираттың орнында арабша жазуы бар жалғыз тас сақталған. Оны Абылай орнатып, ондағы жазу да Алаш қайраткерінің бұйрығымен қашалса керек.
– Зерттеу жұмыстарының нәтижесі қандай?
– Бүгінгі ұрпақ бірегей тұлғамыз Абылай Рамазанов жайлы білуі тиіс деп ойлаймын. Ол – саяси қуғын-сүргіннің құрбаны, контрреволюциялық әрекеттер жасады деп қудаланған. Өзге жерлестерімізбен бірге “байлардың” тізіміне еніп, жер аударылған. Аман-есен оралғаннан кейін қайта тұтқындалған. 1931 жылы Петропавл қаласының түрмесінде көз жұмған. Туған-туыстары үкіметтен марқұмға Құран бағыштап, мұсылманша жерлеуге рұқсат сұрағанымен, оң жауап ала алмаған. Абылай Рамазанов өте беделді кісі болған. Би қызметін атқарып, түрлі тұрмыстық-отбасылық дауларға төрелік айтқан. Сондай-ақ, халықтың сауатын ашуға жәрдемдескен.
Революцияға дейін Абылай Рамазанов бірнеше рет Меккеге сапар шеккен. Сол себепті оны қажы деп, құрмет тұтқан. Жерлесіміз көп оқып, ауыл балаларына ұстаздық еткен. Жастардың Уфада, Омбыда, Каирде, Стамбулда білім алуына жағдай жасаған. Осындай игі істерімен танылған ол өңір тұрғындары арасында зор беделге ие болған екен. Сондай-ақ, оның есімі Троицк, Омбы және Көкшетау қалаларының тұрғындарына да кеңінен мәлім еді.
Бүгінгі күні Абылай Рамазановтың Сұлтан мен Үкітай есімді ұлдарынан тараған ұрпақ еліміздің түрлі өңірлерінде тұрады. Қуғын-сүргін құрбанының отбасы мен туған-туыстары 1920 жылдан бастап бас сауғалап, жан-жаққа шашырап кеткен. Тек 1972 жылы Сұлтаны отбасымен бірге туған өңірге оралып, Шал ақын ауданындағы Ступинка ауылына қоныстанған. Бұл ауылдың ақсақалдары Абылай Рамазановтың жақсы адам болғанын айтып, ұрпағының туған жеріне оралғанын құптаған. Марқұм Сұлтан ата немерелеріне де әкесінің жақсы істерін баяндап, сый-құрметке ие азамат болғанын жиі әңгімелеген екен.
– Жазушы Сәбит Мұқановтың шығармаларында Абылай қажымен таныстығы жайлы айтылады. Осы туралы не дейсіз?
– Иә, солтүстіктің екі беделді тұлғасы бір-бірімен жақсы араласқан. Абылай қажы жазушыны жастайынан қамқорлығына алып, оның үлкен азамат болып өсуіне себепкер болған. Қайраткердің қамқорлығы жайында Сәбең өзінің автобиографиялық романдарында жазып кеткен.
Тарихи деректерге жүгінсек, Абылай қажының іс пен сөздің адамы болғанын байқаймыз. Ол осындай ерекшелігімен Алаш белсенділерінің назарына іліккен. Партияға беделді тұлғалар керек болды ғой, әрі Абылайдың өзі 1905-1917 жылдары орын алған әлеуметтік өзгерістерге қатысты ой-пікірін ашық білдіріп отырған.
Атақты жерлесіміз ақын Мағжан Жұмабаевты да өз қамқорлығына алғанын жақсы білеміз. Мысалы, азаматтық соғыс тұсында Абылай Рамазанов Мағжанды колчактардан аман алып қалған.
Оның есімі Алаш орданың негізгі құжаттарында да кездеседі. Автономия құру жөніндегі шешімді жақтаған жерлесіміздің 1918 жылы Міржақып Дулатов, Айдархан Тұрлыбеков, Жұмағали Тілеулинмен жолыққаны туралы деректі Сәбит Мұқановтың романдарынан кездестіруге болады.
– Неліктен Абылай қажының өмір жолы әлі күнге дейін тереңірек зерттелмей отыр?
– Бұл талпынысымыз кейбір қиындықтарға әкеліп соқтырды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің материалдарын көшіріп басуға рұқсат жоқ. Сондықтан көптеген деректерге қолымыз жетпей отыр. Біз мұнымен тоқтап қалған жоқпыз. Абылай қажының ұлы Үкітай ағаның бастамасымен жерлесіміз жайлы қосымша деректер іздестіруді тоқтатқан жоқпыз. Соның нәтижесінде Абылайдың және оның достарының фотосуреттері мен естеліктері жиналды. Қылмыстық істе Алаш қайраткерінің “сауатсыз” деп жазылғанына күмәнім көп. Өйткені, көпшіліктің пікірі Абылайдың білімді азамат болғанын, заңдарды зерттегенін, медреседе оқып, мұғалімдік семинарияны бітіргенін, Уфа, Орынбор, Одесса, Стамбулға сапар шеккенін дәлелдейді. Бұл күдігіміз Шал ақын ауданының Ступинка ауылында болған кезде ғана сейілді. Сұлтан Абылаевтың ұлы Сейілбек атаның зайыбы 77 жастағы Мамыр апай жылдар бойы ескі сандығының түбінде қылмыстық іс қағаздарындағы ақпараттың жалған екенін дәлелдейтін газет бетіне шыққан мақаланы сақтап келіпті. Басылымдағы мақаланың астыңғы бөлігінде “Абылай Рамазанов, “Вакт” газеті, қазан, 1909 жыл” деп жазылған екен. Жерлесіміздің басылым бетіне шыққан еңбегін көрген сәтте ізденісіміздің зая кетпегеніне, өңірімізден шыққан белгілі тұлғалар жайлы құнды деректер қатарының толыға түскеніне қуандым. Бұған Абылай атаның ұрпақтары да риза.
– Абылай Рамазановтың басылым беттерінде жарияланған мақалаларын да зерделеген шығарсыз. Сол жөнінде айтып өтсеңіз.
– Абылай қажы өз жазбаларын Орынбор қаласынан шығатын “Вакт” (Уақыт) татар газетіне жолдап тұрған. Біздің қолымызға түскен еңбегіндегі жазудан оның қаламы қарымды болғанын байқаймыз. Мұнда жерлесіміздің “Петропавл уезі, Ақмола облысы, Преснау (Преснов) болысы, №4 ауылынан” деп мекенжайы да көрсетілген. Сол кездегі ең ірі басылым бетіне шығу әркімнің қолынан келе бермейтін. Демек, Абылай Рамазанов айтар ойы бар беделді, өз ортасына сыйлы, танымал тұлға болғанын бағамдаймыз. Мақалада ол ауылда мектеп ашу жөнінде сөз қозғаған. №4 елді мекеннің тұрғындары ақылдаса келе ауылға Уфа медресесінен Ғалымжан есімді ұстазды шақыртып, шағын мектеп ашқан. Жарты жылдың ішінде балалар әріп танып, түрік және араб тілдерінде кітап оқи алатын болған. Бірақ жаңа бағыттағы мектептерді ашу, әсіресе, молдалар тарапынан жағымсыз пікірлер туғызған, олардың пайымдауынша, бұрынғы ескіше әріп тануды алмастырғалы тұрған жәдиде әдісі тиімсіз. Бірақ уақыт өте келе, Абылайдың мектеп ашу жөніндегі шешімі өзге ауылдарда да іске аса бастады. Балалар жаңаша сауат ашып, халық арасында білімге деген құлшыныс арта түсті. Абылай қажы өз мақаласында молдалардан білім алуды доғарып, бұдан былай жаңа әдіс бойынша оқу керектігін алға тартады. Бұған мақала авторының “Усули жәдиденің” пайдасына көзіміз жетті. Мұнан соң мына жұрт құлпырады” деген пікірі дәлел.
Абылай Рамазановтың сол кездегі ең ірі басылымға мақала жазып тұруы оның саясат пен ел өмірінен хабары мол сауатты адам болғанын аңғартады. Жастардың білім алуын қамтамасыз ету мақсатында мектепті өз қаражатына салғанынан да оның көреген азамат болғанын байқаймыз. Ол түрік, парсы, араб және орыс тілдерін меңгерген. Жерлесіміздің “Усули жәдидені байқап көру” атты мақаласы 1909 жылы, яғни “Айқап” және “Қазақ” ұлттық басылымдары шыққанға дейін жазылғанын да атап өткен жөн.
– Әлі де ол жайында ашылмаған деректер көп екені анық. Бұл мақсаттағы жұмыстар жалғасын табады ма?
– Әрине, бүгінгі ұрпақ ағартушы, педагог, қоғам қайраткері Абылай Рамазанов сынды жерлестерін білуі тиіс. Оның мақалалары Поволжье, Приуралье және Сібір басылымдарында да жариялануы мүмкін. Сондықтан зерттеу жұмыстарын осы аймақтарда да жалғастыру керек. Өз заманында танымал болған тұлғамызға қатысты өзге де деректерді зерттеу болашақтың еншісінде.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен  Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: А.Рамазановтың 1913 жылы түскен суреті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp