«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАҚТЫ АКАДЕМИККЕ АРНАЛДЫ

Кеше М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде академик Евней Букетовтің 90 жылдығына арналған “Жаратылыстану және ауыл шаруашылығы ғылымдары саласындағы ғылым мен білімнің өзекті мәселелері” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға еліміздегі және көршілес Ресей Федерациясындағы бірқатар іргелі оқу орындарының өкілдері, жергілікті білім ордаларының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Конференцияға қатысушылар алдымен Евней Букетов туралы деректі фильмді тамашалады.  

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры Оңдасын Әшімов конференцияны ашып, бірегей тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жайында баяндады.

Салтанатты шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова облыс әкімі Ерік Сұлтановтың құттықтауын жеткізіп, Евней Букетовтің ұлттық ғылымның өркендеуіне, жалпықазақстандық ғылымның алға басуына қосқан еңбегі зор екендігін атап айтты.

Конференция барысында сөз алған мерейтой иесінің қарындасы, Қарағандыдағы “Лингва” тіл және аударма институтының ректоры Нұрсұлу Букетова “Академик Евней Букетов – гуманист және ғалым” тақырыбында баяндама жасады.

Химия ғылымдарының докторлары Қыдырма Тоқмұрзин мен Владилен Поляков, Шал ақын ауданының Сергеевка қаласындағы ғалым атындағы №2 орта мектептің директоры Нәғима Біләлова атақты жерлесімізді тебірене еске алып, Евней Арыстанұлының ғалымдығымен қатар, шығармашылық шеберлігіне, әдебиетке қосқан сүбелі үлесіне тоқталды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp