Қыркүйек айында келесі жылға баспасөзге жазылу науқаны басталады. Осыған орай «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кәрібай Мұсырман Айыртау ауданындағы Дәуқара ауылының орта мектебінде жергілікті газет оқырмандарымен кездесу өткізді.
Дәуқара – ұлы сазгер, ақын Ақан сері:
«Бақ қонса, біз де сіздей нар болармыз,
Біз қайтсек кемеңгерге пар болармыз?!
Басың – бұлбұл, аяғың – дүлдүлім-ай,
Бір күні сізге дағы зар болармыз!»
– деп пір тұтқан Орынбай ақынның ауылы. Қасиетті топырақтан кейін Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жаныбай Игібаев, генерал Қыдырғали Нұрмағанбетов, алғашқы қазақ әскери журналисі, полковник Сапарғали Жағыпаров, бірқатар аға сардарлар, ғылым докторы мен кандидаттары, ақындар шыққан. Бір кезде аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің орталығы болған, 200-ден астам шаңырақ түтін түтеткен ауылда бүгінде жүз шақты ғана үй қалған. Өз күндерін көргеніне шүкіршілік қылып жүрген бірнеше шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерден басқа, елді мекенге елеулі көмек тигізуге қауметті, ірі шаруашылық құрылымы жоқ. 250 оқушыға арнап салынған екіқабатты орта мектеп үйінде қазір 72 шәкірт қана білім алып жүр.
Газет оқырмандары алдында сөз алған Кәрібай Мұсырман:
– Әлемді жайлаған экономикалық дағдарыстың, мұнай бағасының төмендеуінің, көршілес Ресейге қарсы қолданылып жатқан санкциялардың салқыны біздің елімізге де тиіп тұрған күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Аллаға шүкір, «бұдан жаман күнде де тойға барғанмын» дегендей, жағдайымыз жаман емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болашақты көрегендікпен болжай отырып құрған Ұлттық қорымыздың игілігін көріп, Тәуелсіздік жылдарында талай сын кезеңдерден сүрінбей өтіп, алға басып келеміз. Сол қордан бөлінген қыруар қаржының есебінен бүгінде «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жүзеге асыру үстіндеміз. Бұған қоса, күні кеше ғана Президентіміз әлеуеті зор, алып көршіміз Қытайға мемлекеттік сапармен барып, 23 миллиард доллардың келісімшарттарын жасасып оралды. Сарапшылардың пікірінше, қытайлықтармен бірлесе іске асыратын жаңа жобалар еліміздің экономикалық дамуына соны серпін беруге тиісті. Теңге бағаның еркін қозғалысқа жіберілуі, бензинге мемлекеттік реттеу алынғандығы – бәрі де отандық өндірісімізді өрге бастырудың, экономикамызды шынайы нарықтық жолмен өркендетудің қамы. Оның үстіне, Елбасымыз Үкіметке халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді бұлжытпай орындауды қатаң тапсырып отыр. Мәселен, келесі жылдан бастап, мұғалімдер, сіздердің еңбекақыларыңыз өсірілетін болады, – дей келіп, Қызылжар өңірінде жүзеге асырылып жатқан игі істерге де тоқталды. Олар жайлы облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде кеңінен жазылатындығын, аталмыш басылымның таралымы соңғы жылдары 10 мың данадан асқандығын және оның Интернет-сайтының тұрақты 19 мың оқырманы барлығын айтты.
– Әлбетте, қалай өмір сүретініміз өзімізге байланысты. Өздеріңіз пайымдап көріңіздерші, бұрын іргелі шаруашылық орталығы болған Дәуқара ауылы тұрғындарының жартысы басқа жаққа көшіп кетіп, бірсыпыра үйі текке қирап қалса, бұрынғы кеңшардың бөлімшесі болған көршілес Бірлестік ауылындағы түтін саны көбеймесе, кеміген жоқ. Тіпті, онда жаңа үйлер салынып жатыр. Бірқабатты, өте тар мектебіндегі оқушыларының саны да Дәуқарадағыдан әлдеқайда көп. Мұның сыры неде? Оның еш құпиясы жоқ – бірлестіктіктер әу бастан төрт түлік малды көп ұстап, өз еңбекқорлықтарының арқасында біршама дәулетті өмір сүріп келеді. Ал осы аудандағы Айыртау ауылында тұратын Жаңабай Пірманов Өзбекстаннан жүз шақты қазақ отбасының көшіп келуіне ұйытқы болып, Шалқар көлінің жағасында қой, жылқы, түйе өсіріп, табыстан-табысқа жетуде. Біздің газетіміз, міне, осындай өнегелі ауылдар мен іскер азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, жүйелі жазып келеді, – деді Кәрібай Мұсырман.
Ауыл тұрғыны Ақмолда Жанысов: «Мал ұстаңыздар дейсіз. Қаладан келіп, мал сатып алушылар қазір үп-үлкен сиырды 80-ақ мың теңгеге бағалайтын болса, одан қандай пайда бар?» – деген ренішін жасырмады. Оған «Нарықтық экономика жағдайында баға құбылмалы болады. Ресейдің рублі теңгемен салыстырғанда құнсызданып кеткендіктен, біздің елге арзан ет-сүт өнімдері ағылып, мұның өзі жергілікті шаруаларға қосымша қиындық тудырғаны рас. Енді жағдай жақсы жағына қарай өзгеруі мүмкін. Алайда, баға қандай болса да, малды көп ұстайтындар ұтылмайтындығы Айдан анық», – деген қарсы уәж айтылды.
Ақмолда Жанысов аудан орталығы – Саумалкөл ауылына баратын жолдың Дәуқарадан бірер шақырымдай жердегі ағын су көлшік болып жиналатын тұсы опырылғалы тұрғанына қауіптенетіндігін де білдірді. Кәрібай Мұсырман облыстық мәслихаттың депутаты ретінде бұл мәселені Айыртау ауданының басшылығына жеткізетінін айтты. «Облысымыздың әкімі Ерік Сұлтанов өңіріміздің тозығы жеткен жолдарын жөндеуге баса көңіл бөліп отыр. Туризмді дамыту мақсатында, әсіресе, табиғаты аса көрікті Айыртау ауданына баратын жолды қалпына келтіруге айрықша мән беріп, Петропавл – Корнеевка – Саумалкөл бағытындағы жолды қалпына келтіруге қыруар қаржы бөлгізді. Аталмыш жол қазірдің өзінде айтарлықтай жақсарып қалыпты. Жолдарды жөндеу облыстың қаржы жағдайына қарай жалғасын табатын болады», – деді халық қалаулысы.
Мұғалім Амантай Сердәлин ауыл кеш түсе көзге түртсе көргісіз қараңғылық құшағында қалатындығын, тым құрығанда орталық көшенің бойындағы бағандарға 4-5 электр шамын орнату мұң болып тұрғандығын, сондай-ақ, жастардың бос уақыттарын өткізетін ешқандай мәдени орын қалмағандығын қынжыла айтты. Ескі клуб ертеректе өртеніп кеткен. Ауыл ортасындағы бұрынғы асхана иесіз қалған, оны өз меншігіне алып, кәдеге жарататын кәсіпкер көрінбейді. Дәуқаралықтардың жер үлестерін алып, 5-6 тұрғынға жұмыс тауып берген «Жарқын СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жақсылығы мен жомарттығы әзірге өз кеңсесі орналасқан Светлое ауылынан артылар емес. Кәрібай Мұсырман бұл көкейкесті мәселелерді де аудан басшыларына құлаққағыс етуге уәде етті.
Кездесуде сөз алған беделді ұстаз, облысымызға белгілі ақын Қасым Нұрғалиев «Солтүстік Қазақстан» газетінің еліміз бен өңіріміздегі жаңалықтарды оқырмандарға уақтылы жеткізіп, жұртшылық көкейіндегі мәселелерді қозғап, дұрыс қоғамдық пікір қалыптастырып отырғанын айта келіп, ауылдағы кемшіліктерді түзетуге жергілікті тұрғындардың өздері де білек сыбана атсалысулары керектігін тілге тиек етті. «Бұл орайда біздің ауылға аудан әкімі Ағзам Тастеміров келіп, кейбір қордаланып қалған мәселелерімізді өзі тікелей араласып, шешіп бергеніне ризамыз. Әрине, жергілікті биліктің араласуын күтіп тұрған проблемаларымыз әлі де баршылық», – деді Қасым Нұрғалиев.
Мұғалім Ғабит Мұқажанов былтыр «Жарқын СК» ЖШС-нің егіні жиналып алынған алқаптарында жайылған биелердің жаппай құлын тастағандығына алаңдаушылық білдірді. Оның ойынша, бұл келеңсіздіктің себебін аталмыш серіктестік молынан қолданған минералды тыңайтқыштардан іздестірген жөн сияқты. Кәрібай Мұсырман осы мәселе жөнінде облыстағы тиісті мамандармен хабарласып, өз тарапынан шара қолдануға тырысатындығын мәлімдеді.
Мектеп директоры Алдан Нұрпейісов: «Ауылдағылар «Солтүстік Қазақстан» газетінен «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары бойынша төрт түлік мал алып, шаруаларын дөңгелетіп әкеткен жеке кәсіпкерлер жайлы оқып-біліп, қызығушылық танытып отырғандарымен, өздері істі нақты қалай бастауды білмегендіктен, құлшына қоймайды. Сондықтан, басылым редакциясы осыған назар аударып, жеке істі қалай бастауға болатындығы жөнінде жаңа айдар ашып, жүйелі жазса, игі болар еді», – деген тілегін жеткізді.
Кездесу соңында Кәрібай Мұсырман Дәуқара орта мектебіне Алашқа аты мәшһүр ақын Орынбай Бертағұлының есімін беру жөнінде ұсыныс енгізіп, жергілікті ұстаздар ұжымы бұл мәселені алдағы уақытта арнайы талқылап, ортақ бір шешімге келсе деген ойын білдірді.
(Өз тілшіміз).