«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АТАҢА НЕ ҚЫЛСАҢ, АЛДЫҢА СОЛ КЕЛЕДІ”

Әлия атты оқырманымыз өзінің және бауырларының бала күндеріндегі қиын тағдыры жайлы сыр бөліседі. Әлия, 53 жаста 

Өмірдің бел ортасына келсем де сол бір балалықтың алыс күндерін әлі қорқынышпен еске аламын. Өйткені, мен және бауырларым әке мейіріміне зәру болып, жетімдіктің ащы дәмін татып өстік.

Алтын құрсақты анамыз өмірге бес қыз, бір ұл әкелді. Бірақ ащы суға үйір әкеміз дәм-тұзы таусылғанша оның басына әңгіртаяқ ойнатумен болды. Біз ол кездері ес біліп қалған едік. Күнұзаққа бөтелкелес достарымен карта ойнаудан қолы босамайтын ол араққа сылқия тойып алып, кешқұрым үйге бет алғанда жанымызды қоярға жер таппайтынбыз. Өйткені, ол күні марқұм шешемнің көретін қорлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Талай рет қабырғасын да сындырды, өлімші қылып сабап, бет-аузын да көгертті. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында анамыздың көрген қорлығы аз болмады. Әлі күнге дейін балалықтың қорқынышты елестері түнде түсіме кіріп, шошып оянамын. Әкемізден қорқып, бүрісіп бір бұрышқа тығылатынбыз. Хайуан да баласын қорғаштамай ма, ал қатыгез әке анамызды ғана емес, бізді де аямай соққыға жығатын. Бірде қолына түскен керзі етікті анашыма лақтырғанда, жанұшырып жүрген менің маңдайыма тиді. Сол күннен естелік болып қалған тыртық айнаға қараған сайын әкемді есіме түсіреді.

Бүгінгі күні өткенді ой елегінен өткізіп отырып, анамның төзімділігіне қайран қаламын. Маскүнем күйеуіне иек артпай, ауыл шетіндегі көлден суды ат жегіп өзі таситын. Үй шаруасымен қатар, даладағы жұмысты да ақсатпайтын. Сөйтіп, тыным таппайтын ол жұмысына да үлгеретін. Әкеміз екі күннің бірінде сыныққа сылтау тауып, бәрімізді үйден қуып шыққанда далада бүрсең қағып жүрген кездеріміз аз болмады. Сонда да ол таңертең түк болмағандай ферма сиырларын сауып, жұмысын жайғастырып келетін. Шаршағанын айтып, тағдырына налыған күнін көрмеппіз.

Бүгінгі күні анамның көзін көрген замандастары ортамызда жоқ, бірақ олар өмірімен ерте қоштасқан қайран анашымның еңбекқорлығына, сабырлы мінезіне тәнті болып, айтып отырушы еді. Әкеміздің ит мінезіне олар да талай рет куә болыпты. Бұрындары ауыл әйелдерін фермаға жүк көлігі тасыған ғой, жұртпен бірге жұмысқа бару үшін көлікте отырған анамның ұзын шашын әкем білегіне орап, көліктен сүйреп түсірген кездерін ауыл әйелдері шошына әңгімелейтін.

Талай рет тепкінің астында қалған ардақтымыз бізді ертіп төркініне кетіп қалуды ұят санаса керек, күйеуінің есерсоқтығына мойынсұнды. Сөйтіп, күн артынан күн, ай соңынан ай еріп, жылдар жылжып өтіп жатқан көңілсіз бір шақтарда отбасымыз тағы бір перзентпен толықты. Әкеміздің көптен күткен арманы орындалып, бұл жолы анамыз өмірге ұл бала әкелді. Бірақ сонда да қайран шешемнің басынан таяқ арылмады. Сылтау тауып, сабап алу қанына сіңген әкеміз баз баяғыша арақты серік қылудан жалыққан жоқ. Көңілсіз, қорқынышты балалық дәуреннің естелігі менің жүрегімді әлі күнге дейін ауыртады. Ал кенже сіңлім шыр етіп, жарық дүние есігін ашқанда анамның құрсағында бала жолдасы қалып қойған екен. Қараңғы бөлмеде әлі құрып, тұра алмай жатқан кездері жадымда сақталып қалды. Өйткені, ол уақытта мен 10 жаста едім. Жөргектегі нәрестесін ойлады ма әлде әкеміздің сыры өзіне мәлім болғандықтан ба, әйтеуір анам ауруханаға баруға асықпады. Ал қарындасының халі мүшкіл екенін естіген нағашы ағамыз іздеп келіп, алып кеткенімен іштегі бала жолдасы іріңдеп, қанға араласқан екен. Сөйтіп, нағашымыздың бауырын аман алып қалу үшін зыр жүгіргенінен нәтиже шықпады. Жетім қозыдай жанарымыз жасқа толып, біз осылайша анасыз қалдық.

Аяулымыздың бұл өмірден ерте озуына маскүнем әкеміздің кінәсінің мол екені сөзсіз. Бірақ оны зайыбының өлімі түзу жолға сала алмады. Өмірінің соңына дейін арақты атадан қалған астай құрметтеп өтті.

Үлкен әпкем сол кезде бар болғаны 13 жаста еді. Ал 2-3 айлық қана кенже сіңліміз ана сүтіне шөлдеп, шырылдап жылағанда жанымызды қоярға жер таппайтынбыз. Әйелі жоқ үйдің жағдайы белгілі емес пе?! Бұрынғы көңілсіз күндеріміз енді біз үшін сағынышқа айналды. Анамыздың жоқтығын сезініп, қатты жүдедік. Бар ауыртпалық үлкен әпкемізге түсті. Қазір ойлап отырсам, оны қайсар, қайратты болуға қиын тағдыры мәжбүр еткен екен. Отбасының тұңғышы өзі болғандықтан, қыңқ етпей, ауыртпалыққа қасқайып қарсы тұрып, біздің аяқтан тұруымызға көмектесті. Тіршілікте анасыз бойжеткен қыздардың өмірден өз орындарын таба алмағандары қаншама? Жоғары оқу орнын бітіре алмасам да, училище тамамдап, өз қолым өз аузыма жеткені алдымен бір Алланың, одан кейін әпкетайымның арқасы.

Анасыз өткен күндерге тағы да шегініс жасап, оқырмандарға кішкентай сіңлімнің жағдайын баяндайын. Ол уақытта ауылда он бір жылдық мектеп жоқ еді ғой. Сондықтан жоғары сыныптар аудан орталығындағы интернатта тұрып, оқу керек болды. Арқасүйер әпкем сонда баруға мәжбүр болса, әкемді балаларының мүшкіл халі тіпті де алаңдатпайтын. Шарасыздықтан жөргектегі сәбиді жетімдер үйіне тапсырдық. Оған бауыр басып қалғандықтан ба, әлде бірге туған сезімнің күштілігі ме, әйтеуір жүрегіміз езіліп тұрып, қоштасқан күнімізді ешқашан ұмыта алмаспын.

Әпкем өзінің соңынан ерген біздерге ержетіп, ес жиғаннан кейін кенже қызды тауып, қайтадан ортамызға әкеп қосуға уәде берді. Үйдің тұңғышы ауыр қайғыны қайыспай көтеріп, мектепті кілең “5” деген бағаға аяқтады. Ал уәдесін араға тура он жыл салып, орындады. Қарағанды медицина институтында оқып жүріп, кешкілік еден жуыпты. Оқып жүріп, жұмыс істегенін біз кейін білдік. Үлкен әпкеміз сыртта, үйдің кенжесі жетімдер үйінде, менімен бірге екі сіңлімнің және інімнің ауылдағы мұңлы күндері сырғып өтіп жатты.

Бізге үлкен әпкеміздің анамыздай болып кеткені соншалық оның үйге келетін күнін күтіп, жолға қарап елеңдеп жүруші едік. Ол да бізге жеткенше тағат таппайтын. Студент әпкеміздің жиі-жиі болмаса да, екі-үш айда бір келуі біз үшін мерекеге айналатын. Бәрімізге сыйлығын үлестіріп, мәз-мейрам қылатын. Жетімдер үйіндегі кіші сіңлімізді де сағындырмай, ол жаққа да ат ізін салып тұрды. Әпкемізді ортамызға алып, кішкентай бауырымыздың амандығын жамыраса сұрайтынбыз. Бірде келгенде бала тілімен “мама” дегенін, одан кейін тәй-тәй басқысы келіп, талпынып жүргенін, түрлі-түрлі қылықтарының тәтті екенін әңгімелеп беретін. Ол уақытта көз жасымызды бір сығып алғаннан басқа қолымыздан келер қайран жоқ еді ғой.

Жанашыр жақыны болмаса да, жеті жыл жоқшылыққа шыдап, жоғары білім алып шықты. “Жас өспей ме, жарлы байымай ма” дегендей, арқасүйер үлкеніміз дәрігерлік қызметке орналасты. Бізді ешқашан есінен шығармай, тапқан табысына дорба-дорба азық-түлік таситын. Әйтеуір, жақсы азаматқа жолығып, тұрмысқа шықты. Жездеміз де балдыздарын кеудеден итермей, әлі күнге дейін жақын тартып, жанашырлық танытып жүреді. Кейін бізге берген уәдесінде тұрып, жетімдер үйіндегі сіңлімізді қайтарып алды. Ол жылдары кейінгілер де есейіп, туған ұядан ұшып, сыртқа кеткен еді.

Қыздардың бәрі намысшыл, бауырмал, еңбекқор болып өскенімен, жалғыз ініміз көңілімізге қаяу түсіретін. Әкемізден жөні түзу тәрбие көрмегендіктен, ол ынжық, еріншек, намыссыз жігіттің біріне айналды. Жалғыз ұлдың жетесіздігінен әкеміз де өле-өлгенше көрешекті көрді. Қартайған шағында өзгелер секілді Құдайдан тілеп алған ұлынан қызық-қуаныш көре алмай, қиналып өтті.

“Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” демей ме?! Анамыздың қадірін түсінбеген, отбасына құрмет көрсете алмаған әкем қартайғанда бұрынғы қателіктерін түсінгенімен, бәрі де кеш еді. Ініміздің дәл өзіндей ессіз екеніне қатты налып, өткенге өкініш білдіргенімен ол күндерді қайтарып алу мүмкін емес қой. Аузы арақтан босамайтын баласына ақыл айтып, жөнге салуға оның ешқандай да құқы жоқ еді. Өйткені, әке жолын жалғыз ұл да қайталады. Әулеттің жалғыз тұяғын ел қатарына қосайық деген ниетімізден де түк шықпады. Емдетіп те көрдік, үйлендіріп те байқадық. Бірақ алға ұмтылмайтын ініміз теріс жолды таңдады. Туған ұя шаттық сыйламаса да, анамыздың аруағы үшін ауылға кезектесіп барып қайтатынбыз. Сапарлаған сайын көзіміз жастан құрғамай, қайғымызға қайғы жамап келетінбіз. Өйткені, жалғыз ұл 200 грамм таппаған күні үйдегі азын-аулақ дүние-мүлікті ұрлап сатып, арақ алатын. Маңдай тер, адал еңбекпен тапқан қаржымызды өз бала-шағамыздың аузынан жырып, әкелі-балалы екеуіне жіберген көмегіміз де ащы суға жұмсалып кететін.

Анамызға аз ғана ғұмырында көрсеткен қорлықтың өтеуі ме екен, әкеміз күш-қайраты кеміген тұста жалғыз ізбасарының ақымақтығына налумен болды. Қартайған шағында жарытып жұмыс та істемейтін баласын сырттан сау келе ме деп, терезеге жаутаңдаумен күні өтті. Уайым мен қайғының қасіреті еңсесін көтертпей жүрген күндердің бірінде мас күйде төсекте ұйықтап қалып, екеуі де үймен бірге өртеніп кетті. Бұл қайғы бізге жеңіл тиген жоқ, тіпті, өлі денелері де қолымызға тимеді. Әке мен бауырды өкпеге қисаңда, өлімге қимайсың. Бір күнде екі бірдей жақынымызды жер қойнына тапсырдық. Тіпті, олардың жазаларының ауыр болғандығы сондай, өз шаңырақтарынан шығарып салу да бұйырмады. Білмеймін, айтудың қажеті бар ма, әлде мұным артықтық па, басымызға түскен бар ауыртпалық әкеміздің өмірдегі қателігінен деп те ойлаймын. Отбасына қиянаты аз болмаған еді. Бірақ ауыр жаза арқалағанын ойлағанда денем түршігеді. Жалғыз ұл да азын-аулақ ғұмырында тіршіліктен өз орнын таба алмай, адасып өтті. Ақыры мәңгілік дүниеге аттанып, жаны тынышталған болар.

“Арақ – бар жамандықтың басы” деген сөздің дұрыстығына шүбә келтірмеймін. Шынымен де, ішімдік әкемізді туған перзенттеріне жеккөрінішті етсе, інімізді де жетесіздердің қатарына қосты. Осылайша арақтың кесірінен бір әулеттің оты мәңгілікке өшті.

Дайындаған

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp