«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АТАҢА НЕ ҚЫЛСАҢ …”

Жасы 80-ге таяп қалған Сәлтай Ғалымқызы қаламыздың Совет көшесіндегі 142-ші үйде тұрады. Отағасы қайтыс болған. Қыздары әр жерде тұрмыста болса керек. Салынғанына талай жыл өткен, ескі болса да бауыр басып қалған осынау баспанасынан оның ешқайда кеткісі жоқ. Қартайған шағында қайда бармақ?

Содан да көктем шыға мұңын шағып, қалалық әкімдікке барған. Ол кісінің шаруасымен айналысу тұрғын үй инспекциясы бөліміне тапсырылып, оны бақылап қана қоймай, орындау сол бөлімнің жетекшісі Дәулет Қалиасқаровқа жүктеледі.  

Кешікпей аталған бөлімнің қызметкерлері “Казстройполис” ЖШС-нің мамандары бар, әлгі үйге қандай жөндеу жұмыстары қажет екендігі жөнінде тексеріс жүргізеді. Сөйтіп, апамыздың қолына қала әкімі Марат Тасмағанбетов қол қойған бір парақ қағаз тапсырылады. Онда үйдің сәкісі, төбесі жөнделіп, пластикалық терезелер орнатылатыны айтылған.

Жөндеу жұмыстары маусымның 3-інде қолға алынған. Бірақ, әлі күнге бұл жұмыс біткен жоқ. Қария есік-терезелері, сәкісі алынып тасталған екі бөлмелі үйдің алақандай асбөлме жағында тұрып жатыр. Залға кіреберісте есік жоқтығынан оған көрпе іліп қойыпты.

Орнатылған 3 терезенің 2-еуі көше жаққа қарайды, олар бітеу, ал аулаға қарайтын бір терезе ашылып жабылады екен. Әлгі көшеге қарайтын терезелерге қарап таңғалдым. Сау адамның жұмысы деуге болмайды. Терезелердің бірі төмен, бірі жоғары орнатыла салған. Үйдің сиқын алып тұр.

Жөндеу жұмыстары басталғалы арада 3 айға жуық уақыт өтсе де, үйдің ішінің астан-кестеңі шығып жатыр. Сырты да солай. Төбе мен қабырғалар әлі қолға алынбапты.

– Мыналардың жұмыстары әбден қажытты. Намазымды да дұрыс оқи алмайтын болдым. Біздің үйдің тұрған жері сазды-батпақты болғандықтан, кеш түссе, шыбын-шіркей үйге толып кетеді. Дұрыстап ұйықтамағалы қашан. Кей күндері туыстарымның үйіне барып қонып жүрмін. Менің жасыма келген адам мұндайда мүсәпір күйге еріксіз түсетіндіктен, келіп-кетіп жатқандардан: “Мына үйді күн райы қолайлы болып тұрғанда тезірек бітіріп берсеңдер ғой” деп, күліп те, көзіме жас ала да сұрап жатырмын. Бірақ әзірше құлақ асып жатқан ешкім жоқ, – дейді Сәлтай Өмірзақова.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp