“Ақ қайыңдар аралынан” аумайтын өңіріміз жайлы өзгелер жүрекжарды сөздерін ақтарыла айтқанда көңіліміз марқайып, төбеміз көкке жеткендей болады. Сырт көз – сыншы демекші, өзгелер осылай әспеттеп жатқан, сал-серілеріміз өлең-жыр арнаған, әнге қосқан қасиетті Қызылжар жерінің қадіріне жетіп жүрміз бе деген сауал туады. Өкінішке қарай, мүдіретініміз рас. Жаратқанның мейіріммен бере салған ен байлығын таусылмастай, сарқылмастай көруіміздің, барды бағалай білмеуіміздің себебі неде? Оның бір ұшы экологиялық тәлім-тәрбиенің төмендігіне келіп тіреледі.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында: “Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды”, – деп жазды. Осынау айшықты ойдың түп-тамырына зерделей үңілсек, адам мен табиғаттың өзара байланысын көреміз. Бала кезімізде әке-шешеміз қоршаған ортаны аяла, ағашты мәпелеп күт, бұтағын сындырма, жапырағын жұлма, күл-қоқысты кез келген жерге төкпе деп сақтандырып отыратын. Қазір осы үрдіс жоғалып барады.
“Бір тал кессең, он тал ек” деген тәмсілден үлкен пәлсәпалық ой түюге, тұжырым жасауға болады. Қарапайым тілмен айтсақ, артыңа, келешек ұрпағыңа не қалдырасың, соған бүгіннен қамдан деген меңзеу, мезірет жатқанын аңғару қиын емес. “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын” демей ме? Былтырлары қоршаған ортаға байланысты облыс орталығында үлкен шу шықты. Дабыл қаққан – қала тұрғындары. Олар ағаштардың орынсыз кесіліп жатқанына наразылықтарын білдіріп, прокуратураға дейін шағымданды. Әділдік қалпына келтірілгенімен, ауруға шалдықпаған жасыл желектер де “қосақ арасында” кете барғаны қынжылтқан еді. Әрине, тамыры шіріген, қураған, көшенің сәнін қашырған ағаштар қырқылып, жас көшеттердің отырғызылғаны дұрыс. Алайда, коммуналдық қызмет мамандарының кейде “шаш алудың орнына бас алатын” жөнсіз әрекеттері қарын аштырады. Бір жылдары қысы-жазы түсін өзгертпейтін қарағай, шырша егу сәнге айналып, біразы көктемей жатып қурап қалған. Бұл, бір жағынан, тиісті мамандармен ақылдаспаудың салдары болса, екінші жағынан, осы саладағы үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кездейсоқ кадрлардың экологиялық таным-білігінің қандай дәрежеде екенін аңғартса керек.
Биыл облыс орталығында төрт мыңға жуық ағаш отырғызылатынын естідім. Олардың арасында алма ағашы, қайың, үйеңкі, терек, жөке бар. Жақсы істің жалғасын табуына тілектеспіз. Тек әр шағынауданның өз ерекшелігіне байланысты ағаш егу жағына баса назар аударған жөн. Өйткені, жөн-жосықсыз отырғызылған көшеттер көше көркін қашыратыны айтпаса да түсінікті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.