«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА-АНАЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРУ ТУРАЛЫ

“Неке және отбасы туралы” Қазақстан Республикасы кодексінің 76-бабының 1-бөліміне сәйкес ата-ана құқығынан айыру тек сот тәртібі арқылы жүзеге асырылады. Ата-ана құқығынан айыру дауы бойынша Азаматтық істерді қолданыстағы Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарайды. Ата-ана құқығынан айыру тәртібі “Неке және отбасы туралы” кодекстің 76-бабының 12-тарауымен анықталады.

“Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарды құру және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір Жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 4 ақпандағы №266 Жарлығымен Қазақстан аумағында, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құрылды.

Азаматтық істерді қарастырудың нақты тәжірибесі соттың қалыптасу барысында түзілді. Талапкер жауапкердің кәмелетке толмаған балаларды оқыту және тәрбиелеу жөніндегі өз міндеттерін орындаудан жалтарғаны үшін ата-ана құқығынан айыру бойынша өз талаптарын негізге алады.  

Ата-ана құқығынан айыру Қазақстан Республикасы “Неке және отбасы туралы” кодексінің 75-бабында қарастырылды.

Ата-ананың өз міндеттерін атқарудан және алимент төлеуден қасақана жалтаруы оларды ата-ана құқығынан айыру себептерінің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 28 сәуірдегі “Соттардың балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезiнде заңды қолдануы туралы” №4 нормативтік қаулысы, 2008 жылғы 22 желтоқсандағы №12 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулары жалтару ұғымын кеңінен ашады, онда айтылғандай, ата-ананың өз міндеттерін орындаудан жалтаруы балаларды тәрбиелеу, олардың адамгершілік және физикалық дамуы, оқытуы бойынша қамқорлықтың болмауы, қоғамдық пайдалы еңбекке дайындаудан, алимент төлеуден қасақана жалтаруы арқылы көрінеді.

Мысалы ағымдағы жылы сотпен қарастырылған азаматтық іс бойынша кәмелетке толмаған балалардың қорғаншысы З.-ның талап арызына сәйкес талапкері оның кәмелетке толмаған балалардың туған әжесі және қамқоршысы болғандықтан, соңғы 3 жылда жеке-дара олардың тәрбиесіне, оқуы мен өсіп жетілуіне жауапкершілік артқандықтан өз талаптарын осыған негіздеді. Жауапкер В. балаларының тәрбиесімен және оқытуымен айналыспаған, олардың адамгершілік, психологиялық және физикалық тұрғыдан дамуына еш жағдай жасамаған, алимент төлеуден қасақана жалтарып, сонымен қатар, балаларымен үш жылдан астам араласпаған. Талапкердің пікірі бойынша бұл жағдайда табиғи әкесін ата-ана құқығынан айыру балалардың мүддесіне жауап береді.

Кәмелетке толмаған балалардың мүддесі дегеніміз не? Тараптардың айтуынша, көптеген жағдайларда ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарушыны ата-ана құқығынан айыру баланың мүддесімен сәйкес келеді. Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтары туралы” Заңы, “Неке және отбасы туралы” кодексі заңнамаларының мазмұнынан ата-ана тарапынан балаларға қамқорлық, бірге тұруы, отбасындағы бала тәрбиесі балалардың мүддесі мен құқығы болып табылады.

Нормативтік қаулының 11-тармағына сәйкес, ата-аналар “Неке және отбасы туралы” кодекстің 75-бабында қарастырылған негіз бойынша және олардың кінәсі анықталғанда ғана сот жүзінде ата-ана құқығынан айырылады. Нормативтік қаулының 14-тармағына сәйкес, ата-ана құқығынан айыру соңғы шара болып табылады.

Кінәлі мінез-құлық пен соңғы шара дегеніміз не? Қолданыстағы заңдарды саралай келе келесі жағдайға тоқталамыз. Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 10 сәуірдегі “Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы” Заңы кешенді құқықтық педагогикалық және құқық бұзушылықты ескерту, себептерін анықтау және жою оларды алдын алу шарттары бойынша шараларды қарастырады.

Қазақстан Республикасының “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодексінің 111-бабы кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін дәлелді себепсіз орындамағаны үшін ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тартуды қарастырады. Жоғарыда айтылғандарды қорыта келгенде, ата-ана міндеттерін орындаудан жалтаратын адамды, тек кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау мақсатында олардың қылықтары мен құқықтық санасына ықпал жасау бойынша барлық заңмен қарастырылған шараларды қабылдағаннан кейін ғана ата-ана құқығынан айыруға болады.

Азаматтық іс жүргізу кодексінің 64-бабына сәйкес заңмен көзделген тәртiпте сот тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негiздейтiн мән-жайлардың бар-жоғын, сондай-ақ, iстi дұрыс шешу үшiн өзге де маңызы бар мән-жайларды анықтайды, солардың негiзiнде заңды түрде алынған нақты деректер iс бойынша дәлелдемелер болып табылады. Азаматтық іс жүргізу кодексінің 65-бабына сәйкес, әр тарап өзiнiң талаптарының және қарсылықтарының негiзi ретiнде сiлтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуi тиiс. Азаматтық іс жүргізу кодексінің 66-бабына сәйкес сотқа дәлелдемелердi тараптар мен iске қатысушы басқа да тұлғалар бере алады.

Дегенмен, көптеген жағдайларда талапкер алимент төлеуден қасақана жалтаратын жауапкердің айғақтарын ұсынбайды. Дәлелді себепсіз балаларды қамтамасыз етудегі көмектен кірісі бола тұра ата-аналардың саналы түрде бас тартуы алимент төлеуден қасақана жалтару болып табылады. Талапкер жауапкердің нақты кіріс ала отыра, себепсіз өз табысын жасырып, балаларына алимент төлеуден жалтарып отырғандығы туралы айғақтар ұсынуы керек.

Жоғарыда аталған нормативтік қаулының 14 бөлімін басшылыққа ала отырып, ата-ананың кiнәсi дәлелденген ерекше жағдайларда сот оның мiнез-құлқының, жеке басының ерекшелiгiн және басқа да нақты жағдайларды ескере отырып, ата-аналық құқықтан айыру жөнiндегi талапты қанағаттандырудан бас тартуға және жауапкерге оның бала тәрбиесiне қарым-қатынасын өзгерту қажеттілiгін ескертiп, оның ата-аналық мiндеттерiн орындауын бақылауды қорғаншылық және қамқоршылық міндеттерін жүзеге асыратын органдарға жүктеуге құқылы.

Ата-аналық құқықтан айыру жөнiндегi талабын қанағаттандырусыз қалдыра отырып, сот жоғарыдағы аталған мән-жайларды ескерiп, Кодекстің 79-бабына сәйкес, егер бұл бала мүддесi үшiн қажет болса, баланы ата-анасынан алып, оны қорғаншылық және қамқоршылық міндеттерді жүзеге асыратын органдарға беру жөнiндегi мәселенi де шешуге құқылы.

З.-ның талап арызы бойынша азамат В.-ны ата-ана құқығынан айыру туралы істі сот отырысында қарастыру барысында жауапкер ата-ана құқығынан айыру туралы талап арызды мойындады және кәмелетке толмаған балаларды оқыту мен тәрбиелеуден жалтаруы туралы талапкердің дәлелдерін даулаған жоқ.

Оның осы жағдайда талап арызды мойындауы кәмелетке толмаған балалардың заңды мүдделері мен құқықтарын бұзатындықтан және ата-ананың кінәлі мінез-құлықтарын анықтау қажеттілігі туралы заңның талаптарына қайшы келетіндіктен, “Азаматтық іс жүргізу” кодексінің 46-бабының 2-тармағы және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының “Сот шешімі туралы” нормативтік қаулысының 14-тармағына сәйкес талап арызды мойындаудан сот бас тартты. Сөйтіп, сотқа жауапкер В.-нің саналы түрде дәлелді себепсіз балаларын қамтамасыз етуге көмектесуден жалтаруының айғағы берілмегендіктен, талапкердің дәлелдері негізсіз деп танылды.

Кәмелетке толмаған баланы өсіруге және оқытуға жауапкердің өз қылығы мен қатынасының өзгеруі ескерілмеген, ата-ана міндеттерін орындаудан бас тарту негізі бойынша бұрын жеке алдын алу іс-шаралары жүргізілмегендіктен, талапкер З.-нің жауапкер В.-ні ата-аналық құқығынан айыру туралы талабы қанағаттандырылмады. Сонымен бірге, сот болған мән-жайларды ескере отырып, сот шешімімен жауапкерге кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеуге өз қатысуының қажеттігін ескертті және қамқоршылық және қорғаншылық органына оның орындалуын қадағалауды жүктеді.

Арман НИГАН,

облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp