
Петропавлдық Райхан мен Марат Қожахметовтердің сауда-саттықты отбасының табыс көзі етіп жүргендеріне бесінші жыл. Алайда, сауданы жандандыруға ниетті олар биыл тігін цехын ашып, бизнестің тізгінін ұлдары Талғаттың қолына ұстатады.
Жеңіл көліктердің орындықтарына арналған қаптамаларды Қытай нарығынан тасып, табыс тауып жүрген отбасы қолдарындағы тауардың сапасы әр кезде тұтынушылардың көңілінен шыға бермейтінін аңғарады. Әсіресе, стандартқа салынып тігілген бұйыммен көлік орындықтарын қаптау жиі қиындық тудырады. Ал нарық бәсекелестігі бизнестің осал тұстарына соққы беретіні сөзсіз.
“Жас келсе – іске” дегендей, ұлдары Талғат отбасылық бизнесті дамытудың жаңа бағытын қолға алу керектігі жайлы ой тастап, олар сатуға кәсіптенген бұйымдарды өздері тігуді ұйғарады. Талғат Маратұлы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің дизайн факультетін бітірген соң бес жыл мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Алайда, нақты мамандығы бойынша жұмыс істеу оның мақсаттарының бірі болатын. Сондықтан әке-шешесінің қолдауымен тігін цехын ашқан кезде көңілі орныққанын айтады.
– Сауда барысында қалыптасқан тұтынушыларымыздың сұраныстарын таразылай отырып, істі жаңаша түрлендіруді ойластырдық. Ата-анам бұл жағынан маған сенім артты. Мамандығым осы бағытқа жақын болғандықтан, іске шынайы көңілмен кірістім, – дейді жас кәсіпкер.
Ол тігіншілікке икемі жақсы екі адамды жұмысқа қабылдаған. Тұтынушының талабы бойынша тауардың сұлбасын Талғаттың өзі компьютер арқылы жасайды. Сұлбаларды тігіншілер заманауи құрылғымен оңай тігіп, әдемі бұйым шығарады. Цехқа соңғы алынған тігін машинкасының мүмкіндігі тіпті керемет. Онымен түрлі оюлар мен суреттер салуға болады. Тапсырыс беруші шеберлерге көлік орындықтарының мөлшерін өлшетсе болғаны – келесі күні дайын тауар қолдарына тиеді. Талғат Маратұлы жаңадан ашылған шағын өндіріс орнын жұрт енді біліп жатқандықтан, тапсырысты жылдам орындаудың мүмкіндігі бар, дейді. Дегенмен, күннен-күнге көбейіп келе жатқан тұтынушылар саны кәсіпкерлікті де кеңейтуге ой тастайды.
– Тұтынушылардың талабы жоғары. Олардың сұранысында қилы-қилы пішіндер мен суреттер болады. Мәселен, көлік иесі футбол жанкүйері болса, осы тақырыпқа сұраныс жасайды. Сондай-ақ, көлігін түрлі суреттермен көркемдегісі келетін ерке бойжеткендер де жетерлік. Ұлттық оюлар немесе тауарлық белгілерге тапсырыс беретіндер көп. Сондай-ақ, біздің цехта бұйымды түрлі бояулармен таңдауға мүмкіндік зор. Біз алдымызға келген тұтынушының көңілінен шығатын бұйымдар жасауға икеміміз бар екендігін танытамыз, – дейді Талғат.
Жасалған бұйымдардың бағасы шетелдерден әкелінген тауарлардың бағасынан қымбат емес, ал сапа жағынан артықшылығы көзге көрінеді. Жас кәсіпкер нарықта бұл саланы қолға алып, табыс тауып жүргендердің аз еместігін сөз ете отырып, бәсекелестікке қабілетті болу үшін жұмыста өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоятынын айтады.
Аталмыш цехта жеке тапсырыспен тігілетін қаптамалармен қатар, тұрақты өлшемдерге салып тігілетін, әсіресе, жекелеген көлік маркаларына арналған бұйымдар баршылық. Ондай тауарлар облыс орталығындағы екі сауда дүңгіршегіне қойылған, сондай-ақ, Астанаға жібере бастаған.
– Осыған дейін саудамен айналысқан кезде тұрақты тұтынушыларымыз қалыптасқан болатын. Солардың біразымен байланысымыз әлі бар. Сондықтан цех ашылған күннен бастап тұтынушыларымыз келіп жатыр. Бос отырып қалған күніміз жоқ. Жарнама қызметінде интернет жүйесі өте тиімді, – дейді Талғат Қожахметов.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.