
Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында Наурыз мерекесі қарсаңында жаңа Сауда орталығы ашылды. Автотұрақтың қасынан орын тепкен жаңа ғимарат анадайдан көз тартады. Оны жеке кәсіпкер Жанна Моор құрылысқа қажетті материалдарды сататын сауда орны етіп жабдықтаған. Бұл кәсіпкер үшін табыс көзі болса, аудан тұрғындары үшін қажетті құрылыс заттарын “алыстан арбаламай, жақыннан дорбалаудың” тиімді жолы.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жанна Моор бизнестің қыр-сырына қанық адам ретінде өз ортасына танымал. Мамандығы экономист-менеджер, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласында да тәжірибесі бар Жанна Руслановнаның кәсіпкерлікке ден қоюына ата-анасы ықпал еткені әңгіме барысында белгілі болды. Ол бойжеткен шағында Қазақстанның оңтүстік өңіріне барып, ондағы еті тірі замандастарынан іскерліктің қыр-сырын үйреніп, тағылым алып келген. 2004 жылы елге оралған Жанна Руслановна мақсатты ойы бар қыз ретінде бір ғимаратты жалға алып, оны құрылыс материалдары және тұрмыстық техникалармен толтырып, бүгінгі үлкен бизнесінің бастапқы қадамын жасайды.
– Әрине, жоспарлы істі жүзеге асыру үшін несие де алынды, ата-ана мен тамыр-таныстардан қарызға ақша да сұралды. Аяқтан тік тұрғанша, көптеген қиындық еңсеріліп, бүгінде бизнесіміз отбасылық сипатқа ие болды. Ағам екеуіміз бірге істейміз. Ал жалпы кәсіпкерлімізге үйде отырған ата-анамыз басшы, – дейді Жанна Моор.
Бүгінгі Визигиндер мен Моордың отбасысы аудан орталығында бес дүкен және жиһаз жасайтын цехты иеленіп отыр. Сауда-саттықты одан әрі кеңейту үшін олар жақында 700 шаршы метрлік жаңа ғимараттың құрылысын аяқтап, оның ішін тауармен толтырып, биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында аталмыш Сауда орталығы есігін есілдіктерге айқара ашты. Дүкен құрылыс жұмыстарына керекті ұсақ-түйектен бастап, электрлі құрылғыларға дейін сатады.
– Құрылыстың қай түрін қолға алсаң да, жұмыс барысында уақыт пен қаржы үнемділігі қажет. Құрылысшы қажетті материалдарын таба алмай қалып, сол үшін облыс орталығына шапқылап жатса, мұндай әрекет осы саламен айналысып отырған бізге сын. Сондықтан біз бұл сауда орталығында тауарлардың бағасын көпшілікке қолжетімді етіп, оның түр-түрін көбейтіп, сапалы бұйымдар ұсынуды мақсат тұттық. Осылайша кең, жарық, таза, көз қызықтыратын орталық ашудағы арманымыз жүзеге асты, – дейді кәсіпкер.
Жаңа ғимараттың құрылысы кәсіпкер үшін оңай шаруа болған жоқ. Олар оны өз қаражаттарына салды. Ал тауарларды бұрыннан іскерлік байланыс орнатып алған өңірдің көтерме саудагерлерінен қарызға алуда. Бұл да басқаның алдында жауапкершілік қағидасын сақтайтын кәсіпкердің сауда жолында қалыптастырған игі нәтижесінің бірі. Құрылысқа қажетті кішкентай шегеден бастап, үлкен техникалық жабдықтарға дейін қойылған бұл Сауда орталығында ертеңгі күні тұтынушылар қатары көбейеді деген болжамның көп ұзамай шындыққа айналары сөзсіз.
– Соңғы жылдары біздің аудан орталығының өзінен үлкен өзгерістерді байқаймын. Тұрғындар үй құрылысында су және жылу құбырларын өткізіп, жаңаша өмір сүруге ынталана түсуде. Адамдардың әл-ауқаты жоғарылаған. Жұрт сапалы тауарға назар аудара бастады. Олар үй салып қана қоймай, оның ішін жайлы тұрмыстық керекті заттармен жабдықтауды қолға алды. Тұтынушы көзқарасының бұлай өзгеруі, әрине, біздің бизнесімізге ерекше серпін берді, – дейді Жанна Руслановна.
Кәсіпкердің көздегені – жоғары деңгейде қызмет көрсету. Бұл тауарлардың түрлері мен сапасы және бағасымен қатар орталықтың жұртқа көрсететін қызметтері баршаның көңіліне қонымды дегенді білдіреді. Осының барлығын ойдағыдай ету үшін бизнестің тізгінін ұстаған кәсіпкердің ұйқысы шайдай ашылады десек, іскерліктің жолындағы қиындықтарды жақсы түсінетін адам оны бірден ұғады.
Әрине, тауарлардың басым бөлігі шетелдік өнімдер болғандықтан, биылғы жыл басында теңгенің құнсыздануы бұл кәсіпкердің де бизнесіне көлеңкесін түсірді. Алайда, қайратты келіншек қоғамдағы мұндай өзгерістерге қорқа қараудың қажеті жоқ екенін, әр жаңалықтың ұтымды жақтары болатынын айтады. Сондай-ақ кәсіпкер бизнесте тек өз қалтаңды ғана қалыңдатудың қамын ойламай, қоғам мен айналаңдағы адамдарға жанашырлық көңіліңді білдіріп жүрсең, ісіңнің де өрге басатынына сенімді. Жаңа ғимарат іске қосылған кезде явленкалықтар үшін 10 жұмыс орны ашылды. Ол бұл дүкенде қоғамның әлжуаз тобына жеңілдік жасау ұмыт қалмайды деп отыр. Сондай-ақ материалдық тұрғыдан қиналған жерлестеріне көрсететін қайырымдылық әрекеттері тағы бар.
Жаннаның ағасы Евгений кәсіпкерлікке керекті құрал-жабдықтармен және тауарлармен қамтамасыз ету жұмыстарын өз мойнына алса, күйеуі Сергей жиһаз цехындағы өндірісті басқарады. Ал сауда орындарындағы ұжымдармен жұмыс, құжаттарды реттеу – Жаннаға жүктелетін міндеттер. Балаларының бизнесіне бас-көз болып отырған – ата-анасы Людмила Анатольевна мен Руслан Васильевич.
– Кәсіпкерлігін базарда тұрып зат сатудан бастап, біздің білім алуымыз үшін маңдай терлерін төгіп, табыс тапқан ата-анамызға дән разымыз. Отбасылық бизнестің негізін қалаған жандар бүгінде үйде отырып, біздің жұмыстарымызды қадағалайды. Әсіресе, қаржы жағынан. Бұл олардың ағайындардың арасында алауыздық болмасын дегені болар. Біз еңбекақыға жұмыс істейміз. Өзімізге артық ақша керек болса, ол ата-анамыздың келісімімен, отбасылық кеңес арқылы шешіледі. Бұл – олардың ұстанымы, біз оған бағынамыз, – дейді ата-ананың еңбегін бағалаған қызы.
Сауда-саттықта адамдармен жұмыс істеудің қиындықтары көп. Оларға күн ұзаққа неше түрлі мінезді жандармен араласуға тура келеді. Тіпті, қол астыңдағы қызметкердің көңіл күйі болмаса да, оның бизнеске кері әсері тию. Осының барлығын бақылап, бағыттап отыру Жанна Руслановнаға жүктелген.
Аудандық атқарушы органдардың тексерулері жайында кәсіпкердің айтар шағымы аз болып шықты. Оны тек экологияны қадағалаушы органдардың көп әлекке салатыны қиналтады. Әсіресе, экологтарға тоқсан сайын өткізілетін сараптама құжаттары күнделікті жұмысқа қолбайлау жасайды екен. Ол құжаттардың сарынында аса айырмашылық болмайтындықтан, оны тоқсан сайын талап етпей, уақыт жағынан ізгілендірсе деген ойын білдірді. Ал тоқсандық есепті тапсыруға үлгіре алмай қалса, кәсіпкер 180 мың теңге айыппұлмен сазайын тартады. Ал салық төлеу мәселесінің бүгінде жеңілдетіліп, оның құжаттық шаралары тиімді болғаны да айтылды.
– Былай қарағанда, өртсөндірушілер, экологтар, салықшылар мамандыққа баулынып, заңнамаларды, олардың орындалу тәртібін білу үшін 3-4 жыл маманданады. Ал сол заңнамаларды толық білу оларды оқымаған-тоқымаған бізден де талап етіледі. Шындығында, кәсіпкерлер бұған да үлгеріп, амалын тауып жатады. Енді, міне, Елбасы орта және шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жариялап, біздің жұмысымызға кедергі болатын тексерістерге жол бермеудің жаңа шешімін айтып, бізді қуантып тастады, – дейді кәсіпкер Жанна Моор.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.