Назарбаев Зияткерлік мектебі ұжымының бастамасымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған “Туған елге – тағзым” өлкетану-зерттеу экспедициясы өтті. Семей және Көкшетау қалаларынан келген оқушылар мен ұстаздардың экспедициясы ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың кіндік қаны тамған Сарытомар жеріне саяхаттан басталды.
Алдымен Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаево қаласының тарихи-өлкетану мұражайына ат басын бұрып, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашаладық. Оқушылар ақынның шежіресімен, өлеңдер жинағымен, ертеректе журнал мұқабасына шыққан суретімен танысты.
Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаевтың мұражайында да теңдесі жоқ жәдігерлерді тамашалап, ақын өмірінен маңызды ақпарат алдық. Отбасы мүшелерінің тағдыры, фотосуреттері, шығармалар тарихымен таныстық. Жұмабаевтар әулетіне тиесілі жиһаздар мен ақын қолданған заттарды көрдік. Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында шыққан “Мағжан” хронологиялық көркем фильмін көру барысында оқушылар ақын өмір сүрген заманға сапар шегіп, оның тартқан азабын жан-тәнімен сезінді.
Айыртау ауданындағы “Айғаным” қонысы, Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық мұражайы тау етегіндегі әдемі жерде орналасқан. Қоныста жинақталған бірегей жәдігерлер еріксіз өткен уақытқа жетелейді. Олардың ішінде Шоқан Уәлихановтың қобдишасы, ұлы ғалым салған әжесі Айғанымның суреті ерекше көз тартады.
Петропавл қаласында оқушылар үш жүздің басын қосып, қазақ халқын алып қырандай өзінің қол астына жинаған Абылай ханның резиденциясында болды. Резиденциядағы жәдігерлер оқушылардың тарих пәнінде алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде толықтыра түсті. Оқушылар “Мәңгілік алау” басында соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан жерлестерімізді бір минут үнсіздікпен еске алып, тағзым етсе, одан кейін Қызылжар орталық мешітіне бас сұқты.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде олар химия, биология пәндеріне арналған оқу кабинеттері мен зертханаларда болып, түрлі эксперименттерді көрді, оны өздері де жасау мүмкіндігіне ие болды. Астрономиялық зерттеумен айналысатын оқушылар заманауи технологиялармен жабдықталған обсерватория жұмысымен танысты.
Экспедиция мүшелері шаһарымыздың ірі өндіріс орындары – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “Мұнаймаш” акционерлік қоғамдарына ат басын бұрып, олардың қазіргі тыныс-тіршілігін көріп, өткен тарихына көз жүгіртті.
“Туған елге – тағзым” өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында Мағжан Жұмабаевтың немере інісі Тасболат Бекеновпен кездесу өткіздік. Тасболат Сәлімжанұлы ақын өмірінен сыр шертіп, оқушыларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Жамбыл ауданында оқушылар атақты батыр, әйгілі суырыпсалма ақын Қожаберген жыраудың, көсемсөз шебері, классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің, өз өмірін мемуарлық шығарма арқылы оқырмандарға паш еткен қазақтың біртуар тұлғасы Сәбит Мұқановтың, жерлес жазушы Иван Шуховтың мұражайларына барып, ондағы жәдігерлермен танысты.
Қазақстан Республикасында теңдесі жоқ Петропавлдағы ботаникалық бақта оқушылар сантүрлі өсімдіктерді көзбен көріп, қолмен ұстап, оларды өсірудің құпияларын білді.
Мектеп оқушыларын бірлікке шақыратын “Мәңгілік Ел” идеясы мен “Туған елге – тағзым” жобасы бір-бірімен тығыз байланысты екендігіне талдау жасаған оқушылар экспедиция соңында өздерінің алған әсерлерімен, жинақтаған ақпараттарымен бөлісті.
Бәтима КАСИЕНОВА,
қоғамдық тілші.