«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА ЗАҢ —АЗАТТЫҚТЫҢ АЙБЫНЫ

Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы басты құжат болып табылады. Биыл ширек ғасырлық мерейтойы атап өтілетін еліміздің Ата Заңы 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған болатын. Барлық заңдар еліміздің Конституциясына бағынады. Бүгінгі заман талаптары оның қазақстандық қоғам ерекшеліктеріне сәйкестігін көрсетті. Еліміздің болашақтағы іс-қимыл жоспарлары мен міндеттеріне толығымен жауап береді.

Кез келген мемлекеттің конституциясы халқының тарихи әдет-ғұрыптарын, менталитетін және саяси мәдениетін ескере отырып түзілетінін айта кеткен абзал. Ол көшірме немесе стандартты бола алмайды. ХІХ ғасырда Жапония өзінің мемлекетін Еуропаға сәйкестендірмек болғанда император арнайы комиссия құрып, әлемнің әр түкпіріне аттандырған. Комиссия мүшелері АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей, тағы басқа мемлекеттердің конституцияларын зерделей келіп, германдық нұсқаны басты негіз етіп алған. Ал қазақстандық конституция француздық модель негізінде қабылданған. Француздардың конституциясы ұзақ уақыттан бері жетілдіріліп келеді. Оған соңғы өзгертулер Шарль де Голь тұсында енгізілген. Бұл қастерлі құжаттың негізгі мәні президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет ретінде нығаюын, гүлденуін көздейді. Осы себепті еуропалық парламентаризм мен шығыстың ел басқару үлгілері әдемі үйлестірілген. Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға. Парламент – заң шығару қызметін жүзеге асыратын республиканың ең жоғарғы өкілетті органы. Сондай-ақ, заң шығарушы, атқарушы, сот билігі белгіленіп, олардың құзыреті, өзара іс-қимыл бірлігі заң тұрғысынан анықталды.

Ғаламшарды мекен еткен кез келген елдің Ата Заңы талғам-таразыдан, әбден сүзгіден өткен жарғысы деуге болады. Барлық тілдерде мойындалған атауы – конституция. Мәселен, Америка Құрама Штаттарының конституциясы – тұрақты, өмірге бейімделген жоғары заң күші бар заң шығарушы акт. Ол 1787 жылы 17 қыркүйекте Филадельфия штатында конституциялық конвентте қабылданып, 13 штат ратификациялаған. Қазіргі түсінік бойынша әлемдегі бірінші конституция болып есептеледі. Тарихи құжат қолданысқа енгеннен бастап жиырма жеті рет түзету енгізілген.

Дала демократиясын қалыптастырып, жаңғыртқан Қазақ елі әр кез уақыттың тезінен, сынынан өткен салт-дәстүрлерге, белгілі заң қағидаларына сүйенген. Билер институты қоғамдық мәселелерді реттеп отырған. Жеті жарғы – Тәуке хан заманындағы қазақ хандығы заңдарының жиынтығы болып есептеледі. Түрлі дау-дамайлар мен келіспеушіліктерді шешу жолдары мен жазалау тәртіптері онда жете қарастырылған. Мәселен, неке қию және бұзу, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері, отбасы мүшелерінің мүліктік құқықтарына дейін ескерілген. Заңда әскери міндетті атқару, әскер басшыларын сайлау және әскери құрылымдарды құру міндеттері белгіленген. Жеті жарғының кейбір ережелерінің Қазақстан Республикасының қазіргі Ата Заңының талаптарымен, қолданыстағы заң актілерінің кейбір нормаларымен сәйкестігін, ұқсастығын аңғару қиын емес.

Демократиялық қоғам құруға талпынған Қазақстан – жас мемлекеттердің бірі. 1991 жылы егеменді ел атанғанда негізгі заң қажеттігі айрықша сезілді. 1993 жылы қабылданған алғашқы Конституцияда ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптері баянды етілді. Алайда, уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына орай Ата Заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандық жол” атты кітабында жазғандай, 1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да кімде-кім Ата Заңның рухы мен маңызын жете түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек. 1995 жылдан бері де әлемде, қоғамда көп өзгерістер болды. Осы себепті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін уақыттың өзі ұсынды. Мысалы, құқықтық қолдану практикасында пайда болған жайттарға орайластырылып жаңа Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процестік кодекс, Азаматтық кодекс, Азаматтық-процестік кодекс қолданысқа енгізілді. Конституцияның 83-бабы толықтырылып, “Прокуратура туралы” Заң қабылданды. Заң нормаларын қадағалайтын органның мәртебесі мен рөлі айқындалды.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау Конституцияның негізгі қағидасы болып табылады. Бірінші бапта “Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, оның ең басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”, – деп айқын жазылған. Құқықтық мемлекет қалыптастыру бағыттары, жеке адамның жан-жақты еркіндігі, халық билігін орнықтыратын демократиялық тетіктер мен құндылықтар әлемдік стандарттарға сәйкестендірілген. Республиканың егемендігі бүкіл аумағын қамтып, тұтастығын, қол сұғылмауын, және бөлінбеуін қамтамасыз етеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, Конституция барлық азаматтардың кепілі болып табылады. Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады. Басқа да заңды құқықтарға ие.

Еліміздің ұлттық құндылығын айқындайтын Конституциямызды қастерлеу – ұлттың ұлы парызы. Ел болу жолындағы басты міндеттердің бірі – тарихи құжатты құрметтеу. Оның қағидаларын бұлжытпай орындау – әр қазақстандық үшін бұлжымас талап. Ата Заңымыз азат елдің абыройы да, асқақ арманы да!

Бағбан ТАЙЫМБЕТОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры, 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp