«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА ЗАҢ – АЛТЫН ТҰҒЫР

Ел тұтастығының тірегі болған Ата Заңымыз тәуелсіздік жылдарында мемлекет дамуының бекем іргетасына және ұлттық құқықтық жүйенің түпқазығына айналды. Негізгі Заңды қатаң сақтаудың арқасында Қазақстан егемен және тең құқылы мемлекет ретінде қа­лыптасып қана қоймай, әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көрінді. Ата Заң аясында мемлекетімізді нығайтудағы, азаматтардың құқықтарын қорғау жолындағы атқарылып жатқан игі істер туралы облыс прокуроры, 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Бағбан Тайымбетовпен әңгімелескен едік.

– Кез келген мемлекет өз Конституциясын жергілікті салт-дәстүрді, ділін және ха­лық­­тың саяси мәдениетін ескере отырып қабылдайды. Бұл әр елдің өз даму жолы бар екенін айғақтайды. Десек те, біз еліміздің дамуына негіз болар құжатты қабылдарда қай елдің Конституциясын назарға ал­дық?
– XIX ғасырда Жапония императоры елді еуропалық бағытта дамытуды көздеп, бірнеше адамды әлемнің әр қиырына жіберген көрінеді. Елшілер АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей және басқа да мемлекеттердің Конституциясын зерделеген. Ақыры Германияның конституциялық үлгісіне тоқтапты. Себебі, осы еуропалық мемле­кеттің ділі жапондардың түсінігіне жақын болған. Осылайша, шығыс мемлекеті неміс конституциясын негізге алып, дамудың даңғыл жолына қадам басты.
Ал біздің Ата Заңымыз қабылданарда француздардың Конституциясы үлгі ретінде негізге алынды. Бұл елдің Конституциясы талай жылдан бері заман ағымына сай жетілдіріліп келеді. Оған соңғы өзгертулерді аталған елді 1959-1969 жылдар аралығында басқарған Шарль де Голль ен­гізген. Бұл Конституцияның негізгі философиясы – күшті президент және күшті парламент. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның Конституциясын қабылдарда еуропалық парламентаризм мен шығыс мемлекеттеріндегі ел басқарудың озық үлгілері басшылыққа алынды.
– Конституция қабылданған 24 жылдың ішінде оған бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Жалпы Ата Заңға қандай жағдайларда өзгертулер енгізіледі?
– 1993 жылы Қазақстан Республикасының келісімге негіздел­ген жəне өтпелі сипаттағы алғашқы Конституциясы, ал 1995 жылы жалпыхалықтық референдум арқылы қолданыстағы Ата Заңы қабылданды. Осы жылдар ішінде Қазақстан егеменді жəне мемле­кеттің барлық атрибуттары бар, тең құқылы мемлекет ретінде қалыптасты, ғасырлар бойы халқымыз армандаған қазақ елін қайта жаңғырту мүддесі табысты орындалды. Конституция қатып қалған қағидалар күйінде қалмай, қажетті саяси-­құқықтық, әлеуметтік­-экономикалық, ұлттық және өзге де жағдайлардың пісіп­-жеті­луіне қарай оған өзгертулер енгізіліп отырды. Осы ар­қылы не­гізгі Заңның тұрақты­лығы мен серпінділігі арасында қажетті тепе­теңдікке қол жетіп, оның жасампаз мүмкіншіліктері кезең­-кезеңмен кеңірек ашылды. Аза­маттар мен мемлекеттік ор­гандардың оған деген сұранысы арта түсті.
Əрине, Конституциялық реформаны іске асыру барысында ел Президенті бірқатар Жарлықтарды түзетті, Парламент конституциялық жəне ағымдағы заңдарға өзгерістер мен толықты­рулар енгізді. Мәселен, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Азаматтық, Азаматтық-процестік кодекстер әзірленді. Қолданыстағы 11 кодекстің бәріне де өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Конституцияның 83-бабына да өзгерістер енгізіліп, соның негізінде “Прокуратура туралы” Заң қабылданды. Оның ішінде, қылмыстық процесті және құқық қорғау қызметін реформалауға қатысты өзгерістер болып, прокуратура органдарының рөлі нақтыланды.
– Ата Заң талаптары өмір сүру салтымызға айналса, құқықтық жағдай да жақсаратыны сөзсіз. Ал ел Конститу­циясы азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ете алып отыр ма?
– Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата Заңның ал­ғашқы бабы: “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретін­де орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”, – деп басталады. Бұл – мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі. Сонымен қатар Конституцияда көрініс тапқан 98 баптың отызы адамның құқықтары мен бостандықтарына арналған.
– Ата Заң – әр елдің негізгі құ­жаты, іргетасы. Конституция елдің дамуына қандай мүмкін­діктер жасайды?
– Еліміздің Негізгі Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті. Оның басты қағидалары барлық халықаралық стандарттарға сай келіп, қоғам мен мемлекетті дамытудың үрдістерімен үйлесім тап­ты. Негізгі Заңға сәйкес Үкіметтің барлық билік органдарының өзара бірлесе жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Бұл мемлекеттің экономикалық, саяси дамуына оң әсер етіп отыр. Сонымен қатар Конституцияда мемлекеттік органдардың өкілеттігі, мемлекеттік емес органдардың орны нақты көрсетілген. Ал барлық органдардың атқаратын қызметінің нақты көрсетілуі мемлекеттің жан-жақты дамуына жол ашады.
Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту және экономикалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналған негізгі құжат барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, олардың өздерінің мем­лекеттің сенімді қорғауында екенін терең сезінулеріне жағдай туғызды. Осы арқылы қазірде бүкіл қылмыстық-құқықтық саясатты ізгілендіру үрдісі де жүзеге асырылуда.
– Конституция түрімізге, тілімізге, дінімізге қарамастан әр­қайсымызды қорғауы тиіс. Осы тұрғыда түзеу мекеме­лерінде жазасын өтеп жатқандардың құқықтары қалай қорғалуда? Прокуратура органдарының бұл бағытта атқарып жатқан жұмысына тоқталсаңыз.
– Прокуратура органдары өз кезегінде түзеу мекемелеріндегі заңдылықтың сақталуын қамта­масыз етуде. Ал біздің облыстағы жағдайға келер болсақ, өңірдегі түзеу мекемелерінде заңнама талаптарының сақталуы қатаң ба­қылауда. Жазасын өтеушілердің құқықтарын бұзу фактілеріне жол бермеу мақсатында үнемі тексе­рістер жүргізіліп тұрады. Жыл басынан бері бес тексеріс жүргізіліп, 121 заң бұзушылық анықталды. Заң бұзушылықтарға жол берген түзеу мекемелерінің елуге жуық лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар мамандандырыл­ған прокурорлар шартты мезгілінен бұрын босап шығуға құқығы бар тұлғаларға қатысты қылмыстық атқару заңнамаларының нормаларын қолдану заңдылығын тексеріп тұрады. Қабылданған шаралар арқасында мекеме әкімшілігінің шартты мезгілінен бұрын босатудан бас тарту немесе жазаны бір түрінен екінші түріне ауыстыру, яғни бостандығынан айыруды жеңілдетілген жаза түріне ауыстыру туралы 30-дан астам заңсыз актісіне наразылық келтірілді. Сондай-ақ, сотталғандардың еңбек құқықтарының сақталуы тексеріліп, прокуратураның араласуымен зардап шеккендерге еңбекақы төленді. Жыл сайын төленетін еңбек демалыстарын ұсыну, компенсациялық төлемдерді төлеу бақылауға алынған.
– Бүгінгі қоғамда “құқықтық мәдениет”, “құқықтық сауаттылық” деген сөздер жиі айтылады. Жалпы тұрғындар өздерінің құқықтарын біле ме?
– Бүгінгі таңда азаматтардың құқықтық сауаттылығы жоғары. Олар өздерінің құқықтық талап­тарын сот органдары арқылы қорғай алатынын, басқа құқық қорғау органдарына да шағымдануға болатынын жақсы біледі. Статистикалық деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында 4000 азаматтың конституциялық құқығы қорғалған. Қазіргі кезде мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек көрсетіп жатқаны белгілі. Осы орайда прокурорлық ықпал шаралары арқылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға, мүгедектерге, қарттарға ерекше назар аударылуда.
Прокуратура органдары тұрақты түрде азаматтардың құқықтық деңгейін арттыруға бағытталған шараларды ұйымдастырады. Осы жұмысты жүзеге асыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланамыз. Биыл заңнама нормаларын түсіндіру бойынша 60-тан астам шара ұйымдастырылды.

Әңгімелескен
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp