Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылының тұрғындары күн мен түн теңелетін Наурыз мерекесін тойлауға ерте бастан қамданады. Былтыр өңірімізге “Оңтүстіктен – солтүстікке” қоныс аудару бағдарламасы бойынша көшіп келген ерлі-зайыпты Рақым мен Зәуренқан үшін де – Наурыз ерекше қадірлі. Бұл отбасы қыстан аман шыққанына шүкіршілік айтып, сақтап отырған сүр етін, тәтті-дәмдісін дастарқанға қояды, ағайын-туыстарымен көрісуге асығады. Берекелі шаңырақ биыл да жыл басын ерекше ықыласпен қарсы алмақ.
Рақым аға көрші-қолаңды жинап, үлкен дастарқан жаюды да дәстүрге айналдырған. “Қазақта Наурызда көрісу деген бар. Бұл күні үй-үйді, туған-туыс, дос-жаранды аралап, сәлем беру керек. Жылы сөз бен тілек айту да ежелгі дәстүр. Біз бүгін Наурызды думандату үшін көршілерімізбен бір дастарқан басына жиналып, ізгі тілектер айтудамыз. Наурыз елге мол ырыздығын сыйласын. Уайым-қайғыдан, пәле-жаладан аман болайық!” – деп көршілер жүрек түбінен шыққан ақ тілектерін ақтарды.
Отағасы Рақым Төкенұлы қазақ ауылында туып-өскен. Бала кезінде ауыл ақсақалдарының әз-Наурызды тағатсыздана күтіп, үлкен той жасайтыны жадында жатталып қалған. “Апа-әжелеріміз бауырсақ пісіріп, наурыз көже әзірлейтін. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп, жақсы тілектер айтады. Наурыз бата беріледі. Игі дәстүр бүгінгі заманда да мән-маңызын жойған жоқ”, – дейді отағасы.
Мереке, ең алдымен, тазалықтан басталады. Сондықтан үйдің іші-сыртын тазалап, есік-терезені ашып, келетін қонақтарға мұқият дайындалған. Күн жылы болған жылдары ағаш егіп, мал төлдетудің қамына кіріскен. Сол күні туған төлді “төл басы” деп ырымдап, сиырдың сүтінен уыз қайнатып, көрші-қолаңға дәм таттырған. Бұл “ақ мол болсын” деген тілектен туған. Салтымыз бойынша қойдың басын ауылдың құрметті ақсақалына тартып, қадірлі қонақ үй иелеріне “ауызды ақтан айырмасын, әр үйде молшылық болсын” деп тарқасады.
Наурызкөже кемі жеті түрлі дәмнен жасалатынын білеміз. Өйткені, жеті қазақ халқы үшін қасиетті сан. Зәуренқан Әбдіраққызының өзіндік наурызкөже әзірлеу әдісі бар. Көпбалалы ананың айтуынша, ет, тұз, су және айран немесе құрттан тұратын тағамға қосымша жүгері, тары, пияз және ұн салған жөн. “Солтүстік өңірге көшіп келгенге дейін Тараз облысының Меркі ауданында тұрдық. Келін болып, босаға аттағаныма 20 жылдан асты. Сол күннен бастап наурызкөже дайындамаған кезім жоқ. Наурыз айының 13-інен бастап күн сайын балаларыма көже дайындаймын. Солтүстіктің тұрғындары салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды негізінен ұлттық мерекелерде ғана насихаттауға бейім екен. Мен балаларым өмірге келген күнінен бастап, оларға ұлттық киім кигізіп, әдет-ғұрыптарымыз жайында үнемі айтып отырамын”, – деген ол салт-дәстүрлеріміз жыл он екі ай сақталуы қажет екенін айтады.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.