«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА-ӘЖЕ АТАНСАҚ ТА, АНАҒА ӘЛІ БАЛАМЫЗ

“Анашым”, “Ана туралы жыр” әндерін тебірене тыңдамаған жан жоқ шығар. Әсіресе, қос әнде кездесетін “Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды”, “Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін” деген өлең жолдарының ел аузында жатталып қалғаны соншалық – мақалдай айтылып жүр. 

Осы орайда өздері ата-әже атанып отырса да, аяулы аналары үшін әлі баладай болған бірқатар солтүстікқазақстандықтарға мынадай сұрақтар қойдық:

1. Оқушы кезіңізде 8 наурызда анаңызға қандай сыйлық тарту еттіңіз? Қазір қандай сыйлық әпересіз?

2. Анаңыздан әлі күнге дейін ақыл-кеңес сұрайсыз ба?

3. Қазір анаңыздың бала кезіңіздегідей ұрысатын кездері бола ма?

Тамара Болатова, Есіл ауданындағы Заречный ауылының тұрғыны, 49 жаста.

1. Ата-анам Петропавл қаласында тұрады. Анам Науша Барбанова қазір 78 жаста. Осыдан 40 жыл бұрын анама кестелі орамал сыйлаған едім. Ол кезде 9 жастамын. Мектепте еңбек пәні сабағында ақ матаны қиып, кесте тігетінмін. Ал қазір анама жылы киімдер әперуге тырысамын. Себебі, анамның жасы ұлғайған сайын тоңып қалмаса екен, жылы киініп жүрсе екен деген алаңдаушылық артуда.

2. Иә, міндетті түрде. Әсіресе, қызы болғандықтан, өзім қыз өсіргендіктен, анамның ақыл-кеңесіне құлақ түремін. Екі қызым, бір ұлым бар. Қыздарым тұрмыста. Жиендерін тәрбиелеген анам енді олардың балаларына да ақылдарын айтып отырады.

3. Бұрынғыдай қатты ұрыспайды. Жайлап ескерту жасауы мүмкін. Анам табиғатынан ұрыс-керіске бейім емес. Ескерту жасаса, оған міндетті түрде құлақ асамын. Себебі, әже атанып отырсам да, анам үшін әлі баламын. Оның алдында өзімді әлі күнге дейін баладай сезініп, айтқан ақыл-кеңесін тыңдауға, жасаған ескертуін ескеруге міндеттімін деп ойлаймын.

Қанат Әбішев, Петропавл қаласының тұрғыны, 45 жаста.

1. 8 наурызда анамызға міндетті түрде сыйлық тарту ететінбіз. Қолдан ашық хат әзірлесек, әкем Еңбек анамызға көрсетпей, бізге ақша беретін. Онысы – бізді жыл бойы анамызға сыйлық алу үшін ақша жинағандай етіп көрсету. Сол ақшаға дүкеннен әтір, иісмай сияқты әйел адамға қажетті дүниелерді алатынбыз. Ал қазір зергерлік бұйымдар сыйлаймын. Әр жылдары алтын жүзік, алқа сыйладым.

2. Анам ақыл айта бермейді. Орын алған мәселені шешуді өз қарауымызға қалдырады. Бір-бір шаңырақтың иесі атанған балаларына сенеді. Десек те, ол кісінің айтқан ақылына құлақ асамыз. Қазір ата атанып отырмын. Жиенім – Дилара 2 жаста. Бірақ анамның алдында өзімді баладай сезінетінім рас.

3. Қазір ұрыспайды. Тек ақылын айтады. Ана ұрысса да, ақылын айтса да, ескеруге, құлақ асуға, тыңдауға міндеттіміз. Себебі, ол бізді осы өмірге әкелген анамыз ғой. Гүлжиян анамның бізге қойған бір талабы бар. Біз ешқашан оның нақты жасын айтпаймыз. Туған күнінде “18-ге толуыңмен құттықтаймыз” деген тілегімізді жеткіземіз.

Дулат Жүсіпов, Есіл ауданындағы Бірлік ауылының тұрғыны, 53 жаста.

1. Мен анамның тұла бойы тұңғышымын. Соңымнан ерген іні-қарындастарыма қолымнан келгенше үлгі-өнеге көрсетуді өзімнің ағалық парызым деп санаймын. Көктеммен келетін Халықаралық әйелдер мерекесінде анама үнемі сыйлық тарту етемін. Оқушы кезімде көбіне ағаштан ойып, түрлі нәрселер істейтінім әлі есімде. Ал қазір шыны керек, анамызға сыйлықты зайыбым таңдап алады. Сөйтіп, мереке күні отбасымызбен барып, анамызды мейрамымен құттықтап, бала жүректен шыққан жылы лебізімізді айтып жеткіземіз.

2. Бүгінде мен өзім немере сүйіп, ата болып отырған жайым бар. Бірақ жасым нешеде болса да, өмірде кездесетін түрлі жағдайларда әлі күнге дейін анашыммен ақылдасып отырамын.

3. Қателескен кездерім болса, сабыр сақтай отырып, жағдайдың мән-мәнісін түсіндіріп береді. Ал кейде ұрсып та алады. Ондай кезде қызбалыққа салынып, ренжімеуге тырысамын. Себебі, ол менің анам ғой. Ал мен ол үшін әрқашан бала болып қала беремін.

Сауалнаманы жүргізген

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp