Петропавл қаласындағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы (түзету) мектеп-интернатында “Технология сабақтарында ұлттық өнер шеберлігіне үйрету – жаңа заман талаптарын шешудің бір жолы” атты технология мұғалімдеріне арналған облыстық семинар өтті.
Аталмыш шарада еңбек пәнінің мұғалімдері ағаш шебері, тігін ісі, әрлеуші және кіші қызмет көрсетуші мамандықтары бойынша мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеудегі өз іс-тәжірибелерін ортаға салды.
Технология пәнінің жоғары санатты мұғалімі Батай Серханның “Мал сою, табақ тарту рәсімі” және “Ат әбзелдері. Айыл, қамшы өру” тақырыптарына арналған сабақтары халықтық педагогика элементтерімен тығыз байланыста өтті. Табақ жасаудың түрлерін слайд арқылы көрсетсе, қамшы өрудің тәсілдерін келген қонақтар өз қолымен жасап көрді. Сабақтың мақсаты оқушыларды қазақ халқының салт-дәстүрі мен қол өнерін құрметтеуге үйретуді көздеді.
Құрылыстық жөндеуден сабақ беретін Біржан Мырзағұлов пен технология пәнінің мұғалімі Серік Құлғожин “Ағаш ақауын ескере отырып, материал таңдау, сылақ құралдарын жасау, қолдану тәсілдері” тақырыбы бойынша бинарлы ашық сабақ көрсетті. Сабақтың құрылымы оқушыларға тиімді білім беруге негізделді және жаңа әдістерді қолдана отырып, өткізілді. Семинарға қатысушы мұғалімдер оқушылардың сабақтағы жұмыстарымен, білім ошағындағы шеберхананың заманға сай жабдықталуымен де танысты.
Семинарға қатысушылар еңбек пәнінің мұғалімдері: Гүлмира Кулкаева, Райхан Әлібаева, Наталья Леонованың жетекшілік етуімен республикалық және облыстық қолданбалы өнер байқауларында жүлделі орын алған оқушылардың жұмыстарынан ұйымдастырылған көрмені тамашалады.
Шара барысында қатысушылар өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сыныбы мен ашық сабақтардың әдістемелік жағынан жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.
Айсұлу СЕЙТЕНОВА,
даму мүмкіндігі шектеулі балаларға
арналған №1 арнайы (түзету)
мектеп-интернатының қазақ тілі мен
әдебиеті пәндерінің мұғалімі.