«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТБАСАР МҰРАЖАЙЫ – АЙЫРТАУДА

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Айыртау ауданындағы “Ботай” музей-қорығында Ақмола облысының Атбасар тарихи-өлкетану музейінің жылжымалы көрмесі ашылды.

Атбасар тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Анар Ілиясова көрмеге қойылған жәдігерлерге тоқталып, 1978 жылы аталмыш мұражайдың негізін қалаған өлкетанушы, ұстаз Клара Әмірованың құнды еңбектерін “Ботай” мұражай-қорығына сыйға тартты. Өлкетану мұражайының екіқабатты ғимараты 1911 жылы салынған Атбасар көпесі Беловтың үйінде орналасқан. Мұражайда 12 көрме залы бар, көрмені ұйымдастырушылар біздің ауданға “Ежелгі Атбасар өлкесі”, “Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті”, “Қаланың құрылу тарихы”, “Алаш” ұлтазаттық қозғалысы”, “Ұлы Отан соғысы жылдарындағы атбасарларлықтар”, “Атбасар тың игеру жылдарында”, “Тәуелсіздік жылдарындағы Атбасар” тақырыптары мен жәдігерлер әкелді.

Көрмеге қойылған жәдігерлердің арасынан сирек кездесетін заттарды көруге болады. Мәселен, теодолит, нивелир және пантограф, көне патефон, баспа машинкасы, өлшеу аспаптары, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қарулар мен әскери шлем, қазақтың ұлттық әшекейлері, жауынгердің темір сауыты, революцияға дейінгі құжаттардың түпнұсқалары мен фотосуреттері бар. Аудан тұрғындары мен қонақтары бірегей жәдігерлерді екі апта бойы тамашалай алады.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp